Азамат келбеті
Көрші кемпір көңілден кетпейді. Кіші Жамантұздың тіршілігі тәлім төгеді. Ауыл ауанында қазақы қалыптағы ізгі қасиеттер тұнып тұр. Үлкенді алға оздыру, кішіні көтере сөйлеу қалыпты жағдай. Бірақ, жан-жағыңыздағы жағдайдың барлығы да алшысынан түседі екен деп ойламаңыз. Сирек кездесетін теріс қылықтардан да (оны қайталамау мағынасында) тәрбие өруге болатыны бар. Бұл жекіріп жерге кіргізіп жібермесе де ел ұстар ақсақалдардың, ақылман әжелердің сыпайылап жеткізген сөздерінің өршіл екпінінің ықпалы болса керек. Әсіресе, Кенжебай Мұқышевтің үйіне көршілес қаймана кемпір кім-кімді де аузына қарататын абыройлылардың санатында екендігін бәрі мойындайды. Содан да шығар Кіші Жамантұзыңыз соншалықты бет қызартар ғадеттен ада. Көркейген ауылдың қалжасы көп еді. Сәбилер өмір жолын болашаққа бетбұрыс ақ баталармен бастайды. Алашапқын балалар да арманшыл болатын.
Шағын ғана Жамантұздың төрт сыныптық мектебіндегі Кенжебайлардың дәстүрлі «Кім болам?» тақырыбында шығарма жаза қоймаған кезі-тін. Бірақ, ол осы тақырыпты жүрегіне ертерек жазып қойған оқиғаны бастан кешіргені анық. Жамағайын көрші кемпірдің бірге өсіп, үнемі бірге ойнайтын немересі талмадан көз жұмғалы Кенжебай бауыр басқан үйден шықпауды шығарды. Оны-мұны шаруадан гөрі бұл әжей кітапқа құмар еді. Кенжебай біраз кітаптың бетін қайырған. Ендігі кезеңде Сәбит Мұқановтың «Ботакөзін» де еңсеріп қалған. Тарам-тарам әжімі жиырылып, өткені мен кеткеніне бойлап кететін жарықтықтың қылығы да қызық. Оқиғалар желісіне еніп кеткен бұл әжей біресе күледі, біресе жылайды. Кей тұста «тоқтай тұр» деп құс жастықтан қолын созып, әлсіз ишара береді. «Ботакөздің» бітетін түрі жоқ. Малдасын құрған Кенжебай даусын қатайтынқырай желдіре оқуға кірісті. Кемпір жаққа көз қырын да салмады. Бұрын қоштап «Ой, дүние-ай» деп күрсіне қалатын кейуананың бүгінгі үнсіздігіне де көңіл аудармады.
-Апа, мен кеттім үйге,- деді бір мезетте. Шешей үн қатпады. Жаңа бір ыңырсығандай болып еді, бұл мән бермепті. Кенжебай жанұшыра үйіне жүгірді. Анасын ертіп келді.
-Жарықтық жақсы адам еді, иманды болсын!-дегенде ол өксігін баса алмай жылаған. Көз алдыңда жаңа ғана сөйлесіп отырған адамның енді жоқ екендігіне өзіңді сендіру қандай қиын. Оны аяусыз ажалдан арашалап қала алмады, дәл қазір бұл мүмкін де емес еді. Осы күнге дейін ауылдан шыққан бірде-бір жоғары білімді дәрігердің болмағаны да қынжылтты. Ащы дәрменсіздік «Мен дәрігер боламын!» дегенді айтқызған.
Оқу мен тоқу. Шындығында, Кенжебай биік мақсат, берік талап жетегінде екендігін танытты. Олай болмауы да мүмкін емес сияқты. Қазақы пайымда жігіттің болмысы үрім-бұтақ өресінен өрбіп жататыны тегін емес.
Ол айбынды Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі, Бурабай мен Зеренді аумағындағы алты ауылды мекендеген Қанай бидің тоғызыншы ұрпағы. Бұл ауылдардан Кеңес Одағының Батыры, әйгілі ғалым Мәлік Ғабдуллин, мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Баян Жанғалов, тағы да басқа асыл азаматтар тәрбиеленіп шыққан. Демек, Кенжебайдың бойындағы тектілік пен өрелілік қасиеттерін осыған баласақ, қателесе қоймаспыз әсте. Әкесі Мұқыш төңірекке белгілі бесаспап ағаш шебері, темір ұстасы ретінде бүгінгінің есінде сақталған. Анасы да отағасының қас-қабағын бағып, шаңырақтың шырайын шырайландырған мейір-шуақты жан еді. Мұқыш отауындағы жеті бала да бойларына сүттей ұйыған жарасымдылық тәрбиесінің нәрін сіңдіріп, ел сыйлысы қатарында болды.
Сол кезеңде балалар ауыл-ауылды аралап, үш-төрт мектепте оқитын үрдіс болатын. Кенжебай да Жамантұздан кейін көршілес Игілік ауылынан жеті класты бітіріп, облыс орталығындағы №3 қазақ орта мектебінің 10 сыныбын тәмамдап, кәмелеттік аттестат алған. Ендігі арман – бұдан да жоғары білім алу. Көкшенің әр тұсынан келген балалардың ішінде дәрігер болғысы келетіндер жалғыз Кенжебай емес екен. Не керек, бір партада отырған Қажығали Ордабаев, бала күннен бірге өскен Қадырбек Есентаев үшеуі 1962 жылы Қарағандының медицина институтына құжат тапсырып, дәтін салғанда сынақтардан сүрінбей, студент атанды. Діттеген ойға, ертеңгі болашаққа жол бастаған бұл қадамның қуанышы шексіз еді.
Кенжебай Мұқышев білім ордасындағы тиісті лекцияларды тыңдаумен шектеліп қалмай, оқытушы ғалымдардың, тәжірибелі мамандардың ақыл-кеңестеріне құлақ түре жүрді. Институт зертханаларында өткізілетін ғылыми жұмыстарға, ауруханалардағы тәжірибелік іс-шараларға белсене араласып, медициналық еңбектердегі салалық қорытындылардың нәтижесін зерделеуге зейін қойды. Кенжекең, әсіресе, кафедра меңгерушісі, доцент Задаш Шаиховтың іс-тәжірибесінен көп мағлұматтар алғанын және өз бетінше іздену машығына дағдыланғанын айтады.
Институтты 1968 жылы бітіріп, Зеренді аудандық ауруханасына жолдама алып тұрған жас хирург күтпеген жерден әскер қатарына шақырылды. Кенжебай ағамыз бұған еш өкінбейтінін талай естігенбіз. Түркіменстанның астанасы Ашхабат қаласында екі жыл бойы әскери дәрігер қызметін атқарған офицер кәсіби тұрғыдағы үлкен тәжірибе жинақтай білді. Түркіменстаннан келген бойда оның бірден Көкшетау облыстық ауруханасына қызметке қабылдану себебін осыдан іздеудің артықшылығы жоқ сияқты. Ұжым басшылары мен болашақ әріптестер оны жылы шыраймен қарсы алды. Кенжебай да сенімді ақтауға бар күш-жігерін жұмсады. Аға дәрігерлердің іс-тәжірибесіне үнемі ықылас танытумен болды. Ауруханадағы Р.Г. Мосс, И.С. Баранов сынды маман хирургтардың пікірлеріне ден қойып, оларды кәсіби ұстаздары санады. Жас жігіттің кішіпейілдігі, елгезектігі, іске жауапкершілікпен қарайтыны, бәрінен бұрын өз мамандығына шынайы берілген қасиеті үлкен орданың өз адамы екендігін көрсетті дей аламыз.
Медициналық ұжымда, ем қабылдаушылар арасында құрметке бөлену негізі – кәсіби шеберліктің шыңдалуында. Бұған талпынған жан үнемі ізденістен танбай, білімін жетілдіруге ұмтылуы тиіс. Бұл орайда Кенжекеңнің жолы болғаны көрініп тұр. Көкшелік жас дәрігер Москвадағы еңбек сіңірген ғылым қайраткері, әйгілі профессор Погосов басқарған №67 клиникалық ауруханада мамандық машығынан өтті. Мұндағы басты бағыт лоронкология саласы К.Мұқышевті айрықша қызықтырып, еңбек жолындағы негізгі ұстанымға айналды. Сол жылдардан бастап Көкшетау ауруханасында мәскеуліктер тәжірибесі кеңінен қолданылып, жаңа үрдісте дами түсті. Бұған дейін мұндай күрделі оталар орталық ғылыми-зерттеу орталықтарында жасалатын.
Бұдан кейін Киевте есту протездері, Алматыда жедел жәрдем және шұғыл ем қолдану, Москвада құлақ, мұрын, тамақ (отоларингология) желілерінің зақымдануының алдын алу шаралары бағытында кәсіби мамандану курсынан өтті. Мұндай тәлімдік оқулар өте маңызды. Бірақ, дәрігерлерді осындай курстарға үзбей жіберіп отыру мүмкін емес. Кенжебай Мұқышұлы жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы, облыстық қоғамдық ұйымдардың мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты, ауруханадағы бөлімше меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары қызметтерін атқарған кездері жергілікті көпсалалы курстардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Бұл курстарда жақын және шетелдік профессор ғалымдар ішінара дәріс оқып, шеберлік сыныптарын өткізді.
«Үнемі жымиып жүретін доктор». Мұны жұртшылық айтып отыр. Дұрыс айтып отыр. Табиғи жымиыс. Жұмысында да, күнделікті арақатынаста да бір қалыпты. Мұның астарында айналадағы тіршілік ұғымына қатысты үлкен құрмет жатыр. Біз осы бағамға дәрігер жүрегінің жылылығы сырқат көңіліндегі оған деген сенімді оятады дегенді қосқымыз келеді. Шындығында, денсаулығы нашарлап, дәрігердің қабылдауына жабырқай кірген науқас шипагердің шырайлы шуағына малынып, жадырап қалатыны анық. Кей тұста қабағы қатыңқы, тұнжырай кейіппен енжар отырған емшінің алдында еңсең түсіп қалатыны бар. Мұны «Ауруханаға барып ауырып қалдым» деген сөздерді ішінара естіп қалатындықтан айтып отырмыз. Демек, Кенжебай Мұқышев дәрігердің кеңжазира қабылдауы кәсіби тұрғыдағы ең жоғары міндеті, жанашырлық тартымдылығы ем-шараның сәттілігіне бастайтын қадам деп санайтыны сүйсінтеді.
Бірақ, қызмет барысында осы жымиыс әп-сәтте өзгеріп, кәсіби жауаптылық, қатаң талап тұрғысындағы қасиеттермен салмақтана түседі. Әйткенмен, операция столындағы науқас Кенжекеңнің әу бастағы жанашырлық жымиысынан қуат алып, үміт сәулесіне бөленіп жататыны анық. Бұны дәрігерге де, аурухана басшылары мен әріптестеріне де жолданып жататын мың сан алғыс хаттармен куәландыра аламыз.
«Сіз 55 жылдық еңбек өтіліңізде есіңізде айрықша есте қалған қандай жағдайларды атай аласыз?» деген сұрақ қойып қалғанымызда, таң қаларлық жауап естідік. Ақжүрек ардагер: «Қуанышты сәттер көп, бірақ бұлар тез ұмытылады. Қиын сәттер, ауыр операциялар ешқашан ұмытылмайды екен. Өтіп бара жатқан кісіні сағаттар бойы тер төгіп, өмірге қайта алып келуден артық бақыт жоқ». Міне, абыройлы дәрігердің жан-жүрегі біз суреттемей-ақ ашылып қалды емес пе?!
Біраз жыл бұрын «Зеленобор» кеңшарының тұрғындары мұрын тыныс жолдарында қауіпті ісік пайда болған сегіз жасар қызын ем іздеп алып бармаған жері қалмапты. Күн санап баланың жағдайы ауырлап, тыныс алуы тұншыға қиындап, тамақ ішуден де қалуға айналған. Үлкен қалалардағы ірі денсаулық сақтау орындарынан да үміт болмады. Ақырында өз облысымыздағы ауруханаға қайта келіп, баланың тағдырын білікті дәрігер Кенжебай Мұқышевтің қолына тапсырыпты. Доктордың алдында аурухана тәжірибесінде бұрын кездеспеген күрделі міндет тұрды: мұрын қуысындағы жұдырықтай ісік, ұйқы безінің зақымдануы, ойнақшыған жіңішке жүйке талшықтарының әлсіздігі хирургиялық шеберлікті, кәсіби зеректікті сынға салды. Сондықтан, ол арнайы консилиум өткізіп, отаға қатысушы әріптестерінің әрқайсысының ілкі қимылдауын талап етті. Ақырында операция сәтті өтті. Араға үш жыл салып, құлан таза айыққан бүлдіршін қыз, Жаңа жыл қарсаңында, мейір шуағы төгілген дәрігеріне гүл шоқтарын сыйлап, қуантты. Тағы бірін айтайық. Шалғайдағы ауданнан 35 жасар тракторшы жігіт жедел жеткізілген. Ми қабыршықтарына мұрынның жоғарғы шеке кеңістігі арқылы ірің кеткен. Ес-түссіз науқасты отаға дайындау едәуір уақыт алды. Қанша сағат өткені есінде жоқ, әйтеуір операция сәтті аяқталды. Есік алдына шыққанда, науқастың еңкіш тартқан анасы қуаныш жасын сүртіп тұрып: «Мен саған сенгенмін, қарағым!» деп құшақтай алған.
Мұндай мысалдар көп екенін жоғарыда айттық. Бәрін санамалаудың қажеті жоқ. Бірақ, алғыстар легін Астана қаласының тұрғыны Николай Гайворунскийдің мына бір тілектерімен тұздықтай кетсек дейміз: «Маған Көкшетау қаласына жолдама берілді. Дәрігерім атын бұрын жиі есітетін Кенжебай Мұқышұлы екеніне қуандым. Емі шипа болды. Жаныма дәрмен берген ыстық ықыласына да разымын. Қолы жеңіл екен. Қиналып барып едім, сауығып шықтым. Рахмет саған, рахмет!».
Біліктілік – ізденіс пен іскерлікке тәуелді. Кенжебей Мұқышұлы институтта балалар дәрігерлігіне (педиатр) маманданып диплом алған екен. Бірақ, еңбек жолын әскери госпитальда жалпы практикалық емшара жасаудан бастауға тура келді. Бұл оның кең ауқымда жұмыс істеуіне мүмкіндік берген. Яғни, Кенжекеңнің әмбебап медицина қызметкері болу ниеті осыдан бастау алғандай. Облыстық ауруханаға қабылданғанда басшылар негізгі мамандығына қарай балалар кабинетінің меңгерушілігін ұсынған. Бұл істі де төрт жылдай абыроймен атқара білді. Бірақ, оның бар арман-тілегі хирург болу еді. Бірнеше қатар мамандығын жетілдіру курстарында, жетекші медицина орталықтарында тәжірибеден өтіп, тиісті сертификатты иеленді. Ендігі жерде отоларингология саласы оның негізгі мамандығына айналды. Негізінен мұрын, тамақ, құлақты емдейтін нәзік буынды жалпақ тілмен «Лор» деп атайды жұрт.
Ұзақ жылдар лор бөлімшесін басқарған Кенжебай Мұқышев адам жаны сеніп тапсырылған міндетін адал атқару арқылы абырой биігіне жетті. Ол мұны оқу орнында алған тиянақты білім, оны үнемі жетілдіру, науқастың қамымен күндізгі жүгірулер, түнгі кезекшіліктер, санавиациямен шалғай аудандарға шұғыл іссапарлармен байланыстырады. Іссапар демекші, аудандық ауруханадағы әріптестеріне арнайы хат жазып, мән-жайға қатысты алдын ала қамдану шараларын пысықтап отыру Кенжекеңнің қадымғы ғадетіне айналған. Бұны жұмысты жедел әрі тиімді ұйымдастырудың, ем-шараның сәтті жүргізілуінің бастамасы санайды. Қайтарым таңқаларлық. Бір мысал: өзіміз журналист болғандықтан, Кенжекең жетекшілік еткен бригада Чистополье ауданындағы бір сапарда тонзилетамиядан 21 операция жасағаны туралы таңдана да тамсана хабар жазғанымыз бар. Жалпы, облыстық аурухананың лор бөлімшесі еліміздегі үздік емшара ұжымы аталатыны қуантады. Бұған да бір мысал: осыдан оншақты жыл бұрын көмекейдің қатерлі ісігіне отаны Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты жасаса, солтүстік аймақта Көкшетауда ғана жасалып келді.
2000 жылдан бастап бөлімшеде «Карл-Шторц» Лор-стойка эндобейнелік аппаратпен микрогайморотомия, шейверлік аденотамия, полипотомия, эндоскопиялық операциялар жасалып, мұрынды жан-жақты тексеріп, бақылау жасауға қол жеткізілді. Ринологиядағы жаңа жетістіктерді қолдана отырып, пластикалық қиын операциялар да жасалуда. Дәрігердің озық тәжірибелері туралы «Медицина», «Здравохранение Казахстана», «Хирургия», «Бас пен мойын хирургиясы» журналдарында мақалалар жарияланса, өз атынан жазылған еңбектері де ғалымдар назарына ілінді. Сондай-ақ, тоғыз баяндамасы Халықаралық және Қазақстан оториноларингологтарының ғылыми-практикалық конференциялары жинақтарына енгізілді. Кенжебай Мұқышев 1983 жылы Семейде өткен Қазақстан оториноларингологтарының I съезіне қатысып, «Трепанопункция тәсілімен фронтиттерді емдеу» тақырыбында баяндама жасады. Бұған қоса лор саласына қатысты сегіз өнертапқыштық патенттері бар.
Бас дәрігердің хирургия саласындағы орынбасары қызметін 13 жыл атқарған кезінде Кенжекең өзінің батыл ұсыныстарын жүзеге асыра білді. Мәселен, жүрекке ота жасау ісі жақсы жолға қойылған Литвадан танымал кардиохирургтарды шақырып, шеберлік сыныптарын өткізуі, өзіміздің дәрігерлердің Литвада тәжірибе алмасуы қалыптасты. Мұндай тәлім жергілікті жағдайда үнемі жетілдірілумен болды. Соның нәтижесінде, бұл күнде Көкшетауда жүрекке небір күрделі оталар жасалатынын екінің бірі біледі.
Мерей. Адам баласы қай салада қызмет етсе де өмірде жақсы ізін қалдырып, білікті шәкірттер тәрбиелеуді биік мұрат санайды. Бұл орайда доктор Мұқышевтің жүзі жарқын дей аламыз. Бүгінгі салалық танымал дәрігерлердің баршасы дерлік Кенжекеңнің мектебінен өткенін мақтан етеді. Бір-екеуін атай кетейік: өзінен кейін лор бөлімшесіне жетекшілік етіп, кейін Ақмола облыстық балалар ауруханасын басқарған Қайыр Әбдірахманов, Көкшетау қалалық №1 және №2 емханаларының лор бөлімшісінің меңгерушілері Қанат Есенғожин, Шолпан Баймағамбетова, дене шынықтыру диспансерінің бас дәрігері Қанат Құсайыновтың есімдері ел аузында. Өзге облыстарда да өнегелі істерімен көзге түсіп жүрген жас буындар легі қалың.
Бүгінде сексенге қадам басқан Кенжебай ағамыз баяғы арман қуған үш сыныптас, курстас достарын аузынан тастамайды. Олар да денсаулық сақтау ісінде елеулі қызмет атқарған ардақты азаматтар еді. Қажығали Ордабаев Чкалов, Көкшетау аудандарында бас дәрігер, Қадірбек Есентаев Зеренді, Краснояр елді мекендерінде ұзақ жылдар қолтаңбалы хирург болды.
Жоғары санатты дәрігер ағамыз «КСРО және Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталы, «Ерен еңбегі үшін» және мерекелік, салалық медальдардың иегері. Кенжекең марқұм Шайза жеңгеміз екеуі бүгінгі күні заңгер, банк қызметкері, ағылшын тілінің маманы қызметін атқарып жүрген Ерлан, Ләйла, Ләззат сияқты өнегелі азаматтарды тәрбиелеп өсірді. Олардан өрбіген немере, жиендердің өзі ел игілігін еселеу мақсатындағы еңбек жолын бастап та кетті.
Бақберген АМАЛБЕКОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Көкшетау.
![]()

