Елін қорғаған Таңатар батыр

немесе азаттықты аңсаған қайсар мінез

Қазақ халқының сан ғасырлық тарихы  азаттық жолындағы арпалыс пен ерлікке толы шежіре. Осы қасиетті жолда елі мен жері үшін жанын пида еткен батырлар аз емес. Солардың бірі – XIX ғасырдағы Ресей империясының отарлық саясатына қасқайып қарсы тұрған айбынды тұлға Таңатар Итжемесұлы.

Таңатар Итжемесұлы 1809 жылы Ақмола облысы Целиноград ауданының Қоянды ауылынан екі шақырым жерде дүниеге келген. Руы үзің-қыпшақ. Бала күнінен ат құлағында ойнап, қазақы тәрбиенің нәрін ішіп өскен ол жастайынан батыл да қайсар мінезімен дараланды. Ресей империясының отарлау саясаты күшейіп, қазақ жеріне бекіністер салына бастаған тұста Таңатар батыр ел тәуелсіздігі үшін күресуге бел буады. Ол бірнеше тумалас ағаларымен бірге 1937 жылы Кенесары ханның қолына барып қосылады.

Олар шекара шебіндегі бекіністерге шабуылдап, Рытовтың отрядын талқандап, жаудың аптығын басады. Осы уақыт ішінде ержүрек батылдығымен, ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен танылған Таңатар Кенесары ханның сенімді әрі айнымас сарбаздарының біріне айналды. Таңатардың ержүректігі мен әскери өнерін бағалаған хан оны жүздіктерінің бірін басқаруға тағайындайды. Таңатар өзінің туа біткен батырлық және ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жүзбасы дәрежесіне дейін көтеріледі.

1838 жылғы тарихи Ақмола бекінісін алу кезінде Таңатар батыр жүздігімен шайқастың бел ортасында ұрыс салды. Хан әскері Ақмола приказдығын жою мақсатында бекіністі қоршауға алып, өртеп жібереді. Осы бетбұрысты ұрыстың ішінде жүздігімен бірге Таңатар батыр да бар болатын. 1839 жылы ірі қосын Торғай мен Ырғыз өзендерінің бойына жылжиды. Олар осы жерлерде патша үкіметінің бекіністер салуына қарсыласып, әскерилермен жиі қақтығысып отырды.  Торғай мен Ырғыз өзендерінің бойында өткен қанды шайқастарда ол тек қатардағы жауынгер емес, стратегиялық тұрғыдан ойлай білетін қолбасшы ретінде танылды. Олар бірнеше рет салына бастаған бекіністерді шабуылдап, жойып жіберіп отырды. Сөйтіп, қарулы қарсылық көрсетіп, бұл жерлерге бекіністер салғызбады.

Ырғыз өзені бойында қысты өткізген сарбаздар көктем шыға қайтадан әрекетке көшеді.  Қостанай, Петропавл бағыттарындағы казак әскери корпустарын жою үшін шабуылға шығады. 14 сәуірде Аманқарағай деген жерде оларды жазалаушылар қоршап алады. Жазалаушылардың қарасы шамамен 200-ге жуық қана болғанымен, Кенесарының бұл тобы олардың мықты қару-жарақтарына төтеп бере алмайды. Зеңбіректермен, мылтықтармен атқылай бастағанда адамдар жан-жаққа қашады. Көбі оққа ұшып, Таңатар мен қасындағы оншақты адам Аманқарағайдың ормандарының ішіне жасырынады. Олар соңдарына түскен жау әскерінен бас сауғалап, ел ішін паналауға ауыл жаққа ат басын бұрады. Денесіне оқ тиіп жараланған 3 адам жолда қайтыс болып, орманда қалады. Тағы үш адам қауіптеніп, бұлардан бөлініп, Торғай жаққа ат басын бұрады. Себебі, 1845 жылға дейін солтүстік өңірлерге жазалаушылар отрядтарының аяғы әлі тимеген болатын, сондықтан, олар сол жаққа кетуді құп көреді. Таңатардың қасында ауылдан бірге шыққан үш ағайыны қалады. Олар Сымтас деген жерге таяған жолда бір адам кездесіп, Таңатардың ауылын жазалаушылар шауып кеткенін, әлі де торып жүргенін, көтеріліске қолдау жасап, қатысқан қыпшақ руының адамдарын іздестіріп, шетінен сұраусыз атып тастап жатқанын айтады және онда бару қауіпті екенін ескертеді. Оның айтуынша, ауыл жақтағы адамдардың тірі қалғанының барлығы бас сауғалап босып кеткен екен.

Содан Таңатар мен ағайындары Сымтаста (бүгінгі Ақмола облысы Астрахан ауданы Қызылжар ауылы) қалып, жалданып жұмыс істеп күнелтіп жүреді. Біреулерден ата-анасы мен туыс-туғандарының  Баянауыл жаққа көшіп кеткенін естиді. Көп іздестіріп, сұрастырып таба алмаған Таңатар сол ауылдағы Баймағамбет деген кісінің қызына үйленіп, өмірінің соңына дейін сол жерде тұрып қалады. Ол кісінің ұрпақтары бүгінде сол Қызылжар ауылында, Астанада, Қояндыда және тағы басқа жерлерде тұрады. Таңатар батырдың соғыста серігіндей болған кездік пышағы ұрпақтарында жәдігер ретінде сақталып, бүгінге жетіпті.  Ұрпақтары Таңатардың басына биіктігі 5 метр белгітас-монумент тұрғызған екен.

Батырдың ерлігі жайлы деректер ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ауызша шежіреде сақталған екен. Бұл тағылымды мәліметтермен Целиноград ауданы, Қоянды ауылында тұратын Таңатар Итжемесұлының бесінші ұрпағы Сағадат Сағындықұлы Қалиасқаров бөлісті. Есіл ердің қайсар рухы мен еліне деген сүйіспеншілігі  әулеті үшін үлкен мақтаныш әрі қастерлі аманат екендігін сезіндік.

Бүгінде Таңатар Итжемесұлының ерлігі жас ұрпақ үшін нағыз отансүйгіштіктің нышаны десек артық емес. Бұл өмір және ерлік жолы бізге тәуелсіздіктің қандай қымбат құндылық екенін еске салады. Ел қорғаны  батырларымызды ұлықтау – абыройлы парызымыз.

Кәусар ЕРБОЛҚЫЗЫ,
жас өлкетанушы.

Қоянды ауылы,

Целиноград ауданы.

Суреттерде: Таңатар Итжемесұлының бесінші ұрпағы Сағадат Қалиасқаров; батырдың басына орнатылған ескерткіш тастың шағын көшірмесі және бізге жеткен пышағы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар