Сандықтау аудандық сотының үкімімен мектепте мұғалім бола жүріп ғаламтор арқылы қатерлі діни ағым сәлафизмді насихаттап, таратқан азамат Бейсембаев сотталып кете барды…
Қазіргі күні Қазақстанда ғаламторды пайдаланушылар саны 10 миллион адамнан асыпты. Интернет деген бүгінде қолжетімді болып алды. Оны ересек адамдармен бірге балалар да, зейнет жасындағы қариялар да, қала, ауыл тұрғындары да түгелге жуық пайдаланады. Әсіресе, интернетке қосылған смартфондар шыққалы оны тұтынушылар қатары еселеп өсе түсті. Осылайша ғаламтор қазіргі күні еліміздегі ең ауқымды ақпарат тарату көзіне айналып отыр. Осыны пайдаланып, арам ниетті топтар өздерінің жымысқы теріс әрекеттерін әлеуметтік желілер арқылы таратып, жұртты азғырып жатыр. Қазіргі күні Сириядағы қантөгіске қатысып, жазықсыз адамдарға оқ атып жүрген 300-ге тарта қандастарымыздың көбі өкінішке орай, осындай ғаламтор арқылы таратылған ақпаратты оқып, насихатты тыңдап, теріс жолға түскендер екендігі белгілі болып отыр. Өткен жылғы жазда Ақтөбеде, кейінірек Алматыда орын алған лаңкестік әрекеттерден кейін құқық қорғаушыларымыз әлеуметтік желілерге жете назар аударып, теріс пиғылдарын таратып жүргендерге тосқауыл қоюға көңіл аудара бастаған.
Сандықтау ауданындағы әлеуметтік желілер арқылы экстремизмді насихаттап жүрген ауыл мұғалімінің әрекеті құқық қорғаушылардың назарынан тыс қалмады. Кейін белгілі болғандай, ол намазды өз бетінше оқып үйреніп, діни білімін жетілдіру үшін ғаламтордан қажетті ақпараттар іздейді. Оның назарына қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың хадистерімен бірге Ибн Усеимин, Ибн аль-Джузи, Ибн Таймиа, Мұхаммед инбн Абдул-Уаххаб сияқты сәлафизм ағымының танымал уағызшыларының кітаптары ілігеді. Осы кітаптарды оқи жүріп, ол ақырындап өзге діндердің бәріне теріс қарайтын және кәпірлерге қарсы жихадты басты ұстаным еткен сәлафидтердің түсінігін санасына сіңіре береді. Көп ұзамай ауыл мұғалімі өз түсінігін айналасындағыларға, онан әрі ватсаб арқылы әлеуметтік желіні тұтынушыларға тарата бастайды. Әлеуметтік желідегі парақшасына сәлафи ағымының уағызшыларының кітаптарын жүктеп, өзі ғана оқып қоймай, басқаларға да жіберіп отырады. Осылайша азамат Бейсенбаев ғаламтор арқылы әлемде қатерлі ағым деп танылған сәлафизмді таратуға белсене кіріседі.
Ауыл мұғалімінің бұл әрекеті осылай жалғаса берер ме еді, кім білсін, егер әлеуметтік желі арқылы таратқан теріс насихаты құқық қорғаушылардың назарына ілікпегенде. Сәлафидтік уағызшылардың еңбектерін белсене таратып жүрген ауыл мұғалімі көп ұзамай құқық қорғаушылардың құрығына түсті.
Сандықтау аудандық соты экстремистік насихатты әлеуметтік желі арқылы таратқан ауыл мұғалімін айыпты деп тауып, бес жылға бас бостандығынан айыруға шешім шығарды. Оның заңсыз жолмен тапқан мүлкі де сот шешімімен тәркіленетін болды. Сандықтаулық жолы болмаған уағызшының ісі осымен бітті деуге болар еді. Дегенмен, шалғай ауылдағы мектепте мұғалім болып істейтін жігіттің сондай қатерлі ағымның қармағына түсіп, оны насихаттауының себебіне зер салған сот бұған осы бағытта түсінік жұмыстарын дұрыс жүргізбеген жергілікті құзырлы органдар жауапты деп тауып, жеке қаулы шығарды. Аудан әкімдігінен бастап, басқа да құзырлы орган басшыларының, жергілікті дін қызметкерлерінің өз міндеттерін дұрыс орындамауы осындай келеңсіздіктің орын алуына себеп болып отырғандығы сот қаулысында нақтыланды. ҚР Президентінің 2013 жылғы 24 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасындағы діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы күрестің 2013-2017 жылдарға арналған бағдарламасы туралы» Жарлығына сай, жергілікті құзырлы органдар діни экстремизм идеясының таралуына тосқауыл қою бағытында мақсатты жұмыстар жүргізуі керек-ті. Сандықтаудағы орын алған жағдай жергілікті биліктің бұл бағытта дұрыс жұмыс жасамай отырғандығын айғақтап берді. Енді соттың жеке қаулысына орай, жергілікті құзырлы органдар жол берілген кемшіліктерді жойып, ол жөнінде сотты хабардар етуі тиіс.
Интернеттегі әлеуметтік желілер адамдарды жақындастырып, байланыстыруға, пікірлестерді табуға игі ықпал ететін оңтайлы құрал болып табылады. Десек те, таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, әлеуметтік желілердің пайдасымен бірге, қауіпті жағы да бар екендігін өмірде болып жатқан жайлар көрсетуде. Әлеуметтік желідегі парақшасына ойына келгенді жазып, елдің қауіпсіздігіне қатер төндіру, азаматтардың ар-намысына тию сияқты заңсыздықтарға жол берудің ақыры заң шеңберіндегі жауапкершілікке ұшырататынын еліміздің әр өңірінде болған сот оқиғалары анық дәлелдейді. Өткен жылдың күзінде павлодарлық бір әйел әлеуметтік желі арқылы ар-намысын қорлаған біреуді сотқа берді. Ақтөбеде өз парақшасындағы ұлттық, нәсілдік төзімсіздікке шақырған сөздері үшін бір азамат сотталды. Мұның бәрі әлеуметтік желілерді, интернетті заң шеңберінен аспай, өз құқығымызды дұрыс түсініп, өзгелердің ар-намысына тимей дұрыс пайдалану қажеттігін көрсетеді.
![]()

