Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Іргелі ел қылған Елбасы! - АРҚА АЖАРЫ

Іргелі ел қылған Елбасы!

«Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады».
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының алғысөзінен келтірілген осы үзіндінің мән-мағынасын ұғынар болсақ, біздің бүгінгі буын және келер ұрпақ кемелдену теңізінің жағасына келіп тұрғандай. Асау өмірдің теңізіндегі толқынның тасу мен толысу күшінен тек қана кіл мықтылар аман өтпек. Иә, біздердің рухани жаңғыруымыз шын мәнісінде бүгін басталған жұмыс емес-ті. Кешегі Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-ғайыр атырапты билеп-төстеген елге төл тамырынан ажырап қалу қаупі талай рет төнді. Қазақтың қыран тектес еркіндік сүйгіш рухы, қолдан жасалған қораптардың ішіне салынғандай күйді көңілден, дүдәмалдылықты дәуірден сан мәрте кешті. Өткенге тағзым етпей, өткелден өтпейтін өне бойы, қан һәм жан байланысы сан салалы тамырға айналған халықтың жаңарып түлеуі жаһандану атты аждаһаның аранынан құтылудың құпия шежіресі іспетті.
Олай болса, ордалы ел болғалы біздің қазақ даласы жаңғырудың екі сатысын сәтті өткерді. Алғашқысы 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандардың қайта жаңғыртылуы. Екіншісі, 2013 жылы орын алды. «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы біздер, әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттеуге мүмкіндік алдық. Келесі меже осының бәрінен де ауқымды және іргелі жұмыстарды мінсіз атқарып, үшінші деңгейлік жаңғырудан мәңгілік ел болу жолындағы жаңғыруға жарқын жол салу. Әрине, көшу оңай бірақ, көшті қозғау қиын. Жолға шыққан ұлы көшті бастау одан да қиынға соғары сөзсіз. Патшаны Алланың жердегі көлеңкесі көретін дала перзенттерінің Абылайдай хан бабамыздан кейін қазақты, көк байрақтың астына жинап іргелі ел қылған Елбасымыз деп біледі. Керегесі кең, терезесі тең, шаңырағы биік елдің болмысын бабында ұстау оның тағдырына бұйырған. Біздер тәуелсіз ел болдық деп бөркімізді зеңгір көкке атып сыйға бергенде, ол біздің бөріктің көрінгеннің алдында шешілмесі үшін белін бекем буған. «Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім», – дейді Президентіміз. Кезінде кеңесіп хан көтерген патшасының қалың бұқарасын қабырға көргені құрметке лайық. Даланың заңына сай, сөз бен іске беріктік. Ұрпақ алмасады, заман уақыт кеңістігінің құрбандығы болып қала береді. Өзін-өзі жоғалтатындар көбейген шақта, өзі түгілі тұтас ұрпақты жоғалтып алатындай қорқынышты жердің астындағы қыбырлап жердің үстіне шыққан өліара кезең келді. Батысқа еліктеп бас бұрған ұрпақ, батысқа беттеген күннің батарын ойламайды ғой. Ақшамда күн құлайды, қайтадан таң нұрланып атады. Айту жаққа жеңіл, батқан күн мен атқан таң аралығындағы қараңғылықты ұмыт қалдыратынымыз қалай?! Талайдан бері тер шығарып, сүйексіз тілдің сүйемелдеуімен тартыса пікір айтып келеміз, әйтеуір. Ұлт болып қалу – сыртқы бейненің сақталуымен шектелмейді. Ол оның ішкі әлемінің алғашқы ноталарының өзгермеуінен барып қана сыртқы бейнеге ауысады. Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы баса айтқан тұсы да, осы менің ой-орамдарыммен бір арнада тоғысатын секілді. Мәселен, аталмыш мақаладағы мына бір жолдар легі: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни, болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды».
Бабасы жер бетін атының тұяғымен, қорамсақтағы садағынан ескен желімен, қылышының жарқылымен жаңғыртқан ұлы даланың жаңғырығын жалғасты ұрпағы қайта қайталаса екен. Тек білімі мен өресі арқылы.
Көшпенді қазақтың тарихын кітап етіп таңбалаған жазушы Ілияс Есенберлиннің мынадай сөзі бар:
…Кешегі Алтын Орда тұрған негізгі далада Жаңа қазақ республикасы орнады…
…Өйткені, үстемдік хан, патшалардан халыққа көшкен. Ал, халық тасты алтын, қамысты қайың ете алады.
Ол тікенек орнына гүл өсіре алады.
Олай болса, жел ескенде жусанның, боз даласынан бозқарағанның исі аңқыған қазақтың бүгінгі саясы өзі өсірген гүлі шығар.

Аманбай Сейітқасымов,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің
әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар