Ұлы мұраттың бағдаршысы

Осы күндері тәуелсіздікті одақтас республикалар арасында біздің кештеу алғанымыз туралы да пікірлер айтылып қалады. Біз мұны сол кездегі ахуалды жіті бақылап, тани алмағандықтан туған асығыс айыптау деп санаймыз. Ал, жағдай дәл біз үшін шынында да ауырлау болған еді.
Осы орайда, Елбасының: «Біз тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық деп ойлаймын», – дегені бар. Бұл тұжырымның мәні терең. Себебі, алып Одақтың бір сәтте күйреп, құлап, ыдырап кетуі бүкіл тіршілігі шикізат дайындап, тауар өндіруші емес, тұтынушының қызметін атқаруға құрылып келген Қазақстанның бұрынғы серіктестерінің бәрімен байланысы үзілгеннен кейін қайта қалыпқа келуі өте қиынға соқты. Республикадағы өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының 95 пайызы Мәскеуден басқарылатын.
Дүкендердің сөрелері босап қалған, ұзын-сонар кезекке тұрғандар өкпелі еді. Инфляция деңгейі күн санап өсіп жатты. Азық-түлік тауарларының бағасы 1 жылдың ішінде 9 есе көтерілді. Сондықтан, осы қиын кезде Көшбасшымыз бұл орайда «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», дағдарыстан көп шығынсыз шығып кетуді бірінші кезекке қойды.
Бұл үшін кешегі Одақтың нақты мұрагері болып қалған Ресеймен байланысты бірден үзіп алмау керек болды. Сол кезде тұралап қалған зауыттар мен фабрикалар, жалақысыз қалған жұмысшылардың ереуілдері мен шерулеткен сепаратистік пиғылдағы топтар мен ұлтаралық араздықты қоздыруға дайын тұрған арандатушылар тарапынан қауіп күшті болатын. Президенттің осы күндерде ТМД секілді құрылымның құрылуына айрықша мүдделілік танытуында да осындай сыр бар еді. Өйткені, кеңес кезеңінде 70 жылдай уақыт бойы дағдылы жолға түскен жоспарлы экономиканы бірден, бір-ақ күнде күйретіп тастап, оның орнына бұрын мүлдем қолданылмаған нарықтық экономиканы орната салу мүмкін емес еді. Сол себепті де, Президентіміз өзінің «алдымен – экономика, сосын – саясат» дейтін әйгілі қағидатын қолға алды.
Біздің ел тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап, дүниежүзілік қоғамдастықтың белсенді мүшесі екенін жан-жақты дәлелдеп келеді. Абайдың 150 жылдығын ЮНЕСКО шеңберінде тойладық. Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде 2002 жылы Алматыда, яғни, тұңғыш рет Азия құрлығында 24 мемлекет басшысын біріктіріп, кеңес өткіздік. Шанхай ынтымақтастық ұйымын» құрудың негізгі ұйытқысы болдық.
2003 жылы Астанада тұңғыш рет әлемдік діндер жетекшілерінің съезін өткізумен тарихта еліміздің аты жазылды. Қаншама елдің басын қосқан «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін табысты өткіздік. Осының бәрі тәуелсіз еліміз қол жеткен айтулы жетістіктер.
Жас мемлекетіміз қысқа уақыттың ішінде экономикалық, саяси және әлеуметтік салаларда көптеген келелі, белесті кезеңдерден өтті. Қазақстанның әлем қауымдастығын құрайтын БҰҰ-ға мүше болып, 193 елдің қатарына енуі өз алдына, ол жер-жаһанның жұрт санасатын белді де беделді мемлекеттерінің біріне айналды. Әлемде өзіндік орны мен салмағы бар биік беделге ие болды.
Екі құрлық тоғысындағы еліміздің Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына абыроймен төрағалық етіп, Астана саммитін өткізуі Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесі БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алуы, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесіне сайлануы – бәрі де жас мемлекетіміздің атын әлемге танытқан айтулы жетістіктері еді.
Бүгінде Қазақстан тек өзі орналасқан аймақ қана емес, сонымен қатар, халықаралық проблемалар төңірегінде пікір айтып, ой бөлісетін дәрежеге жетті. Бұған Астанадағы Сирия жөніндегі келіссөздер дәлел. Соның нәтижесінде дүниежүзінің мықты дамушы үздік 50 елінің қатарына қосылып, енді үздік отыздықтан орын алуды мақсат етудеміз.
Елбасының көрегендігі, көпшілдігі, бітімгершілігі, асқан іскерлік даналығының арқасында ұзақтығы 14 мың шақырымнан аса шекарамыздың өн бойын шегендеп, алып көршілерімізбен келісімге келіп, бекітіп алдық. Елбасымыз «Қазақстан – 2030» Стратегиясын қорытындылай отырып, мемлекеттің жаңа саяси бағытын жариялады. Ондағы басты мақсат – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру болды. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін «Қазақстан – 2050» Стратегиясы жеті ұзақ мерзімді басымдықтарды іске асыруды қарастыруда. Ал, биыл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы дүниеге келіп 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен латын әліпбиіне көшу туралы Жарлығы шықты.
Осының бәрі – еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы – қазіргі таңда негізгі стратегиялық бағыттар болып отыр. «Қаз тұрып, қадам басқан тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, осынау 26 жылдың бедерінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалынан мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді», – деп Елбасымыз айтқандай, егемен Қазақстан бүгінде осылайша әлемдік қауымдастықтан лайықты орнын алды. Ғасырлар керуеніне ілескен Ұлы Дала елінің ұрпақтары небір қилы заман, қиын кезеңдерді басынан өткеріп, Тәуелсіздіктің 26 жылдық мерекесіне таяп қалды. Тәуелсіздік – қазақ халқы үшін жай айтыла салған сөз емес, бұл қазақ халқының тарихи болмысындағы аңсаған арманы. Тәуелсіздік – барша халқымыздың күрес пен еңбек, ілім-білім мен өнерінің шабытына қамшы басқан үміті. Бұған Тәуелсіздік жолында жан аямай елі, жері, Отаны үшін еңбек сіңіріп жүрген Ұлт Көшбасшысының ерлік жолдары айқын дәлел бола алады.

Еркін ИСІМБАЕВ,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» АҚ филиалы «Ақмола облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры, халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар