Қатыгездік қайдан шығады?..

Ертеректе біреу «әкесін сабағанды көріп едім, бірақ, әкесін арбаға байлап қойып сабағанды бірінші рет көруім» деген екен. Сол сияқты, қатыгездік деген бұрын да болатын, бірақ та, қазіргі адамдардың, оның ішінде өмір жолын енді бастаған жастар мен қыз-келіншектердің арасында кездесетін төбе шашыңды тік тұрғызатын зұлымдықтың жанында бұрынғы қатыгездіктер жолда қалатын сияқты.

Әр қылмыс соңы жаза болмақ!

Покровкадағы қанды оқиға

Осыдан біраз жыл бұрын Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Покровка деген ауылда бір отбасын түгел асқан қатыгездікпен өлтіру оқиғасы болған еді. Сол тұста жергілікті басылымдар «Покровкадағы қанды оқиға» деп атау таққан бұл жай облыс тұрғындарының арасында үлкен үрей туғызған-ды.
Жергілікті басылымға берген ақпарында оқиға орнына алғаш барып көрген учаскелік инспектор өз өмірінде талай сұмдықты көрсе де, дәл мынадай қатыгездікті ешқашан көрмегенін айтады. Ұрып-соғып, қылқындырып, ақырында қойша бауыздап өлтірген отбасы мүшелерінің қызыл қанға батқан мүрделері мен ойраны шыққан үйді көргенде ол тіпті, мұны жасаған шет елдік киноларда көрсетілетін басқа планетадан келген келімсектер болар деп те ойлапты. Кейінірек мұндай сойқанды сол ауылда туып-өскен жап-жас екі бозбаланың жасағаны белгілі болғанда, жұрт жағаларын ұстаған.
Оқиға былай өрбіген. Онжылдықты жаңа бітірген, жұмыссыз ауылда теңселіп бос жүрген бірнеше бозбала жиналып арақ ішеді. Арақ таусылып, үйді-үйіне тарасқан соң ішке кірген жынды су ақылдарын алжастырған екі бозбала көңіл көтеретін қыз-келіншек іздейді. Әлгілердің бірі өзінің көршісінің күйеуден қайтып келген қызы бар екендігін айтып, соған барайық деп ұсыныс жасайды. Осылайша көңіл көтермек болып келген бозбалалар арақтың қызуымен терезені қағады. Беймезгіл уақытта терезе қаққан кім болды екен деп сыртқа шыққан отағасы көрші үйде тұратын араққа тойып алған екі бозбаланы көреді. Мас бозбалалардың әкесіндей адамға «бізге Айгүлді шақырып жібер» деуі отағасының қатты ашуына тиеді. Содан ол кетіңдер деп бозбалаларға қатты-қатты сөздер айтады. Соған ызасы келген екеуі енді оның сыбағасын беруді ойлайды.
Олар сәлден кейін тағы да есік қағады. Ашу қысқан отағасы сыртқа шыққанда тасада тығылып тұрған екеуі алдын ала әзірлеп алған темір құбырмен басқа-көзге аяусыз соққылап, ұрып жығады. Сырттағы бөгде дыбысты естіген үлкен қызы аулаға шыққанда қанға малшынып жатқан әкесін көріп, үйге ойбайлай қашады. Көздеріне қан толған екі бозбала қызды қуып кіріп, оны да темір құбырмен ұрып жығады. Содан кейінгі оқиға қорқынышты кинолардың желісіндей тез өрбиді. Үш қыз, бір ұлы бар отбасының мүшелерін түгел ұрып жығып, сұлатып салған екеуі әуелі қанға батып сұлап жатқан үлкен қыздарын зорлайды. Содан кейін кәмелетке толмаған 9 және 11 жастағы қызды зорлап, ойларына келгенді жасайды. Осыдан кейін есірік құмарларын қандырған араққа тойған екі бозбала қылмыстың ізін жасырмақ болып, енді аулада қанға бөгіп, әзер тыныс алып жатқан отағасыны әуелі пышақтап, содан кейін бауыздап өлтіреді. Осыдан кейін зорланған және темір құбыр тиіп қатты жарақат алған үш қызды буындырып, пышақтап, сосын бауыздап өлтіреді. Олар тіпті, әпкесі кереуеттің астына тығып, аман алып қалғысы келген бес жастағы ұл баланы да аямайды. Бір отбасын түгел қырып салып, үлкен шаруа бітіргендей үйлеріне қайтқан екі бозбала ертеңіне қолға түсіп, сот шешімімен заң алдында жазаларын алды.

Адамның басын доп қылып
тепкен

Көкшетауда жергілікті «Оқжетпес» командасының кезекті ойынын көріп, стадионнан шыққан адамдар жақын маңдағы көшеде доп теуіп жүрген жігітті көреді. Қызығы сол, кәдімгі доп тепкен кезде алысқа ұшса, әлгінің тепкен добы бірнеше қадам домалап барып тоқтайды. Араққа тойып алған жігіт жақындап барып және тебеді. Тек жақын келген біреулер оның теуіп жүргені доп емес, кәдімгі адамның басы екенін көргенде естерінен танып қала жаздайды. Содан олар дереу полицияға хабарлайды. Әп-сәтте жеткен полиция адамның басын доп қылып теуіп жүрген жігіттің қолына кісен салып, ұстайды.
Кейін белгілі болғандай, оқиға былай орын алыпты. Сол маңдағы бүгінде жекешеленіп кеткен жатақхананың бір бөлмесінде екі таныс жігіт кездесіп, арақ ішіп отырады. Араққа тойып алған соң түрлі сөздер айтылып, бір-біріне доқ көрсете бастайды. Сонда олардың біреуі «мен сенің басыңды кесіп, доп қылып тебемін» дейді кіжініп. Соны естіген екіншісі столда тұрған пышақпен бөтелкелесін пышақтап өлтіреді. Оған місе тұтпаған ол әлгінің басын пышақпен кесіп алады да, сыртқа шығып, допша тебеді.

Адамдар неге қатыгез болып барады?

Журналист ретінде көптеген сот отырыстарына қатысып, жан шошырлық қылмыстарға байланысты жайларды естіп, білуге тура келген. Өз анасын өлтірген, туған қызын зорлаған, ақша бопсалап, жас баланы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізген қылмысты жасаған жандардың бәрі дерлік 45 жасқа дейінгі, яғни, толыққанды өмір сүріп, қоғамға пайда келтіретін жастағы адамдар екен.
Жыл өткен сайын қылмыс жасаушылардың жас мөлшерінің жасарып бара жатқаны алаңдатады. Қазақстанда ювеналдық сот, яғни, кәмелетке жасы толмағандарға арналған мамандандырылған соттың құрылып, жұмыс істеуі жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршуінен болып отырғандығы анық. Осыдан бірер жыл бұрын интернетте еліміздің бір облысының орталығындағы мектепте қыздар арасындағы болған төбелес туралы видеоролик жарияланып, сол тұста жұрт арасында үлкен пікір туғызан еді. Екі-үш кәмелетке толмаған қыздың құрбыларын жығып салып, басқа-көзге аяусыз тепкілеуі, ұрып-соғуы жаныңды шошытады. Жап жас қыздардың бойындағы осыншама қатыгездік қайдан шыққан деп қайран қаласың.
Қатыгездік қайдан шығып жатыр деген сауалға жауап беру үшін қазіргі адамдар, оның ішінде жастардың қандай ақпаратты саналарына сіңіріп жатқанына назар аудару қажет сияқты. Бүгінде ауылда да, қалада да жұрт табақшалар немесе желілік телетаратулар арқылы ондаған, тіпті жүздеген телеарналарды көретін болды. Шет елдік телеарналардың 99 па-
йызы қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын картиналар көрсетеді. Күндіз-түні сондай фильмдер мен хабарларды тамашалайтын жастардың әлі толыспаған саналары жаман әдетті сіңіріп, жамандыққа бой алдыратын болса керек. Оған қоса, интернет те қазір қолжетімді болып алды. Ал, ғаламтордан арсыздық пен қатыгездіктің небір түрін ашық
насихаттайтын ақпараттарды қалауыңша алуға болады. Бүгінде еліміздің барлық аймақтарында бой көрсетіп отырған асқан қатыгездіктің астарында шет елдік осындай теріс ақпараттың ықпалы жатқаны анық. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді халық даналығы. Болашақ ұрпағымыздың санасын лас әдеттерден сақтаймыз десек, онда ақпараттық кеңістігімізді қорғап, адамдарға адами тәлім-тәрбие беретін отандық ақпарат таратушыларды қолдауға көңіл бөлу қажет.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар