Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ерейментаудың бүгіні – бекем, ертеңі – жарқын - АРҚА АЖАРЫ

Ерейментаудың бүгіні – бекем, ертеңі – жарқын

Қойнауы мен қырқалары төл тарихымызға мелтектеп тұрған мерейлі мекен – Ерейментаудың етегі еліміз тәуелсіздік тәжін кигелі өркен жайып, өрісі төрт түлік малға толып, еңсесі жылдан-жылға көтеріліп келеді. Біздің тілшіміз аудан әкімі Ермек Нұғымановқа жолығып, өңірдің тыныс-тіршілігі туралы тілдескен болатын.

– Құрметті Ермек Бекенұлы, алдымен ауданның экономикалық қуатын арттыратын салалардың салмағын саралап көрсек.
– Ауданның экономикалық өркендеуінде негізгі үлесті агроөнеркәсіп кешені алатыны белгілі. Ауданның аграршылары өткен жыл ішінде ауыз толтырып айтуға әбден лайықты толайым табыстарға қол жеткізді. 2017 жылы ауыл шаруашылығының 13,3 миллиард теңгеге тең өнімі өндірілді. Қазір әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың бұрнағы жылдармен салыстырғанда көпкөрім жақсарып қалғандығын аңғаруға болады. Осы орайда, жалпақ жұртты ұлы мұратқа жұмылдыратын күш қандай деген сауал қоятын болсақ, әлгі сауалымызға былайша жауап беруге болады. Есепті жылдан бастап Қазақстан жаһандық бәсекеге қол жеткізуге бағытталған еліміздің үшінші жаңғыруын іске асыруға кірісіп отырғандығы баршаға белгілі. Оның ең басты мақсаты – Ұлт жоспарын орындау арқылы әлемнің ең озық отыз елінің қатарынан табылу. Өткен жылы конституциялық реформалардың аясында ел Президентінің бірқатар өкілеттіліктері биліктің өзге тармақтарына берілді. Елбасының 2017 жылдың сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ең әуелі ХХІ ғасырдағы шынайы өмірде ұлттық сананы айқындайтын және қоғамдық сананы жаңғырту жолдарының жалпы бағыттарын белгілейтін дүниетанымдық-идеологиялық мақала. Сайып келгенде рухани жаңғыру ең өзекті міндеттердің алдыңғы қатарына шығып отыр. Еліміздің саяси өмірінде өзіндік орын алған, халық пен жергілікті атқарушы органның, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзекті мәселелерді бірлесе отырып, сын таразысынан өткізіп, сабырлы да салиқалы түрде ортаға салып шешуді мақсат тұтқан қоғамдағы демократиялық өзгерістердің айғағы. Олай болса, біз бүгін ауданымыздың 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін, ауданның өңірлік даму бағдарламасының және Елбасы Жолдауы мен мемлекеттік бағдарламалардағы алға қойылған бағыттардың орындалуын егжей-тегжейлі талқыға салып, алдағы кезеңде жоспарлы түрде қарыштап қадам басатын боламыз. Өткен жылы қол жеткен табыстарымызды баянды етіп, алға ұмтылудың ең басты бағыттары – ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 10 қаңтары күні Қазақстан халқына жолданған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында нақты көрсетіліп берілген.
– Жаңа өзіңіз айтқандай, өткен жылғы өрісті іске өкпелеріңіз жоқ сыңайлы. Алға қадам басу үшін демеу болар негізге табан тіреуіміз қажет қой. Сонда қандай шаруаларды айтар едіңіз?
– Шаруашылықтың қай саласында болмасын жаңаша сипат жүзеге асырылуда. Шындап келгенде бұл уақыт талабы. Қазір бұрынғыдай етек-жеңін кең пішіп мал бағуға да болмайды. Бұл салада да мол табыс беретін жаңа технологияларды батыл енгізу керек. Сонда ғана ісіміз берекелі болмақ. Ауданда өткен жылы 18 ауыл шаруашылығы кооперативі ұйымдастырылды. Оның екеуі сүт бағытында болса, қалғандары сапалы ет өндірумен айналысады. Жер ыңғайына қарай біздің өңірде мал шаруашылығын дамытуға айрықша басымдылық берілген. Өңіріміз бұл сала үшін әбден қолайлы, біз сол мүмкіндікті тиімді пайдалана отырып, тәуір табыстарға қол жеткіздік. Өткен жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығы өнімдерін өндіру бағытында облыста бірінші орынға шығып, облыс әкімінің мақтау қағазы мен бағалы сыйлығына ие болдық. Осы арада азғантай анықтама бере кетуге болады. Ауданда 34120 бас ірі қара бағылуда. Оның ішінде сиыр 98,1 процентті құрайды. Қой-ешкі саны 75342-ге жетті. Өткен жылмен салыстырғанда 102,3 процент өсім бар. Төрт түліктің төресі – жылқы малының басы 21315-ке жетті. 9257,1 тонна ет, 7244,2 тонна сүт өндірілді. Ет-сүт өндіруде өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда біршама өсім бар. Өңірде етті мал тұқымын өсіруге бағыт ұсталынып отыр. Осы орайдағы істі 150-ден астам шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы құрылымдары ұйымдастыруда. 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 108,6 процент өсімге қол жеткізілді. Нақты айтқанда, ауылда «Мүйізді ірі қара етін экспорттау әлеуетін арттыру» республикалық жобаны орындау жұмысы осындай қарқынмен жалғаса беретін болады. Тапсырмаға сәйкес, ауданның малсақ қауымы экспортқа шығарылатын 59 тонна сиыр етін қамтамасыз етті. Ауданның малсақ қауымы асыл тұқымды мал өсірудің тиімді екеніне көздерін жеткізіп отыр. Қазір 7 шаруашылық бағымдағы малын асылдандыруға түбегейлі бет бұрған. Олардың қатарынан ангус тұқымды қара мал өсіретін «Торғай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін, қазақтың ақбас сиырларын бағып отырған «Кеңөткел МС» шаруашылығын, ағымдағы жылы асыл тұқымды мал санын көбейтіп, аудандағы мал табындарын асылдандыруға үлес қосып отырған «Ерейментау Құлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін, герефорд тұқымдас мал санын молайтқан «Береке-5» шаруа қожалығын, симменталь тұқымды әрі етті әрі сүтті асыл тұқымды қара мал әкеліп, жаңа технологияны батыл жүзеге асырып жатқан «Хамзе» шаруа қожалығын атай кетуге болады. Қазіргі күні асыл тұқымды ірі қараның саны 2818 басқа жетті. Бұл жалпы табынның 7,9 проценті деген сөз. Өткен жылы бұл көрсеткіш 4,7 процентке тең болатын. Біздің аудан Астана қаласына жақын орналасқандықтан, әрі өңірдің төсінен автобан өтетіндіктен мал өнімдерін өткізуде айтарлықтай қиындық жоқ.
– Енді бір сәт ауданның өнеркәсібі саласы туралы таратып айта кетсек.
– Өткен жылы индустриялды салада нақты көлем индексі 109,1 пайызды құрады. Жалпы, 14,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Бұл арада негізгі үлес өңдеуші саланың еншісіне тиіп отыр. Электр қуатымен жабдықтау тәрізді жаңа сипатты жаңалықтың да аудан экономикасына тигізіп отырған септігі зор. Мәселен, «Бірінші жел электр станциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жыл басынан бері 3987,0 миллион теңгенің электр қуатын өндірді. Сондай-ақ, тау-кен өндірісі де өз жұмысын ширатып, 2 532,7 миллион теңгенің өнімін өндіруге қол жеткізді. Өңірдегі шағын және орта бизнес те қалыпты даму үстінде. Өткен жылы осы саланың өнімі 105,8 пайызға жетіп, өндірілген өнім көлемі 394,2 миллион теңгені құрады. Нақты көлем индексі есепті кезеңмен салыстырғанда еселеп артып, 553,3 миллион теңгенің салығы мен төлемдері бюджетке құйылды. Есепті кезең ішінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 382,4 миллион теңгені құрайтын бес жоба мақұлданып, жаңадан 55 жұмыс орны ашылды.
– Жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерінің бірі өмірлік маңызы бар нысандардың жұмысын қалыпты ұйымдастыру. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Жылу беру маусымы қалыпты өтуі үшін 2016-2017 жылдарға бюджеттен жеткілікті қаржы бөлінді. Магистральді жылу жүйесін және қазандықтарды жөндеуге облыстық бюджеттен 125,0 миллион теңге бөлінсе, аудандық бюджеттен жылу жүйесін жөндеуге 15 миллион теңге қаржы бағытталған болатын. Сондай-ақ, көмір сатып алуға облыстық бюджеттен 20 миллион теңге қаржы қарастырылса, аудандық бюджеттен 23,5 миллион теңге бөлінді. Осындай ілкімді істің арқасында екі шақырымнан астам жылу жүйесі жөнделді. Өткен жылы облыстық бюджеттен 28 миллион теңге қаржы бөлініп, №5 қазандықты жаңғыртудың жобалау-қаржылық құжаттары дайындалды. Бұл игілікті істің барлығы Ерейментау қаласының тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету үшін жасалып жатыр. Өткен жылы күні бұрын дайындалған жобалау-сметалық құжаттама жан-жақты талқыланып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның жалпы құны 835 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда қалада жылу қалыпты беріліп тұр, жеткілікті көмір қоры бар. Жылумен қатар аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету де өзекті мәселенің бірі екендігін атап айтқандығымыз жөн. Бұл мәселе аудан әкімдігінің тұрақты назарында. Ұзын-ырғасы 300 шақырымды құрайтын желі «Су арнасы» кәсіпорнының меншігінде. Кәсіпорын кәсіби кадрлар мен арнайы техникалармен қамтамасыз етілген. Ерейментау қаласының шеткі «Заготзерно», «Қарасу» және басқа да мөлтек аудандарына су желісі тартылып, жаңа тұтынушыларды қамтамасыз етіп отыр.
– Тұрғындар тарапынан көп ретте жол қатынасы жайлы, оның тозығы жеткендігі туралы арыз-шағымдар түсіп жатады. Өңірдегі жолдың жайы қалай?
– Өткен жылы облыстық бюджеттен 40 миллион теңге қаржы бөлініп, 15 шаршы метр жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ерейментау қаласының өзінде ғана 17 мың шаршы метрге асфальт төселді. Сондықтан, бұл орайдағы жағдай соншалықты жаман емес. Шынын айтқанда, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау өзекті мәселе екендігін айта кеткен ләзім. Облыстық маңыздағы жолдарды күтуде жауапкершілігі аз мердігерлердің жұмысына бірқатар сын айтылған болады. Ағымдағы жылы біз бұл мәселені түбегейлі шешетін боламыз. Мәселені толайым шешу үшін «Эко жәрдем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі коммуналдық кәсіпорны құрылды. Осы кәсіпорынға жергілікті бюджеттен 25 миллион теңге қаржы бөлініп, есепті кезең ішінде аудандық маңызға ие жолдарға жөндеу жұмыстары жасалды. Алдымыздағы жылға да жергілікті бюджеттен жол жөндеу жұмыстарына 35 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Оған қоса облыстық бюджеттен бөлінген 24 миллион теңгеге Ерейментау қаласының ішіндегі көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
– Елбасының Жолдауында айтылған өзекті мәселенің бірі цифрлық технологияларды дамыту. Осы орайда, қандай іс тындырылуда?
– Шынында да бұл заман талабы екенін барлығымыз ой елегінен өткізіп, айқын түйсініп отырмыз. Уақыт қарыштап алға жылжыған сайын талап та күшейе түсуде. Талшықты-оптикалық байланыс жүйесіне Ерейментау қаласы мен жеті селолық округтің орталық қоныстары қосылып отыр. Бұл елді мекендерде 22 мыңнан астам адам тұрады. Яғни, аудан жұртшылығының 85 проценті деген сөз. Алдағы уақытта ауданның шағын елді мекендері де тұрақты әрі жедел байланыспен қамтамасыз етілмек.
– Қазіргі таңда Елбасының Жолдауына орай адами капиталға айрықша мән беріліп отырғандығы белгілі. Осы орайда, аудандағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларының жұмысы туралы айта кетсеңіз.
– Ауданда қазір 26 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Осы білім ошақтарында 4861 оқушы білім алуда. Өткен жылы ұлттық бірыңғай тестілеу сынағында орташа көрсеткіш 72,64 балды құрады. Жаңа оқу жылында ауданның 25 білім ошағы мемлекеттік аттестациядан өткізілді. Есепті кезең ішінде ауданның білім ошақтарына 238 миллион теңгенің жөндеу жұмыстары жасалды. Қазіргі күні мектепте оқушыларды ыстық аспен қамтамасыз ету мәселесі ұдайы назарда. Нақты дерекке жүгінетін болсақ, оқушылардың 99,5 проценті немесе 4840 оқушы қамтылып отыр. Әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылардың оқушылары ыстық аспен 100 процент қамтылған. Мектепке дейінгі мекемелердің мәселелері де біртіндеп шешіліп келеді. Аудандағы 9 мектепке дейінгі мекеме мен 10 шағын орталық 1671 балаға тәлімді тәрбие берсе, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың барлығы түгел қамтылып отырғандығын айта кетуімізге болады. Алдағы уақытта да бұл іске жеткілікті көңіл бөлінбекші. Еркіншілік ауылында 50 орындық, Өлеңті ауылында 30 орындық мектепке дейінгі мекемелер ашылды. Алдағы жылы Новомарковка ауылында 150 орындық жекеменшік балалар бақшасы ашылатын болады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде Торғай селосында да 60 орындық балалар бақшасын ашу жоспарланып отыр. Енді денсаулық сақтау саласының мекемелері туралы айтатын болсақ, аурудың алдын алу бағытында қыруар жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы 421 нәресте өмірге келді. Табиғи өсім 157 адамға көбейіп отыр. Есепті кезең ішінде аналар өліміне жол берілген жоқ. Денсаулық сақтау саласына бюджеттен өткен жылы тиісті қаржы бөлінді. Аудан тұрғындары кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсету шеңберінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуде. Өңірде қазір 5 әлеуметтік дәріхана жұмыс істеп тұр. Алдағы жылы осындай дәріханалар тағы да үш селода ашылатын болады. Ал, жаңағы өзіңіз қойған сауалға орай мәдениет пен спорт салаларының тыныс-тіршілігіне ойысатын болсақ, ежелгі Ереймен баурайының өнері мен мәдениеті өрістеп келе жатқаны ақиқат. Аудан өнерпаздары «Ақмола жұлдыздары» облыстық халық шығармашылығы байқауында 2015 жылы Гран-при жүлдесін иеленсе, кейінгі екі жылда қатарынан екінші орыннан көрінді. Қазіргі күні ауданда әрқилы меншіктегі 30 мәдениет ошағы жұмыс істейді. Аудандық бюджет тарапынан бұл мекемелерге 2017 жылы 143,6 миллион теңге қаржы бөлінді. 16 мемлекеттік кітапханамыз бар. Кітапханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 5,7 миллион теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ, спорт саласы да серпінді даму үстінде. Есепті кезең ішінде 240 спорттық шаралар өткізілді. Бұл шараларға 14837 адам қатысты.
–Құрметті Ермек Бекенұлы, аудандағы ауқымды істің бар тынысын толайым айтып шығу мүмкін болмаса да, негізгі басты мәселелерге көңіл аудардық. Ағымдағы жыл аудан үшін табысты жыл болсын!
Сұхбатты жүргізген Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Суретте: Ермек Нұғыманов Ерейментау ауданының әкімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар