Қазақ тілі – Қазақстан ұлыстары тілдерінің эпицентрі, ұйытқысы. Мемлекетімізді мекендеген өзге ұлт өкілдері осы орталықтың шуағына бөленіп, нәр алып, еңбек етіп, рухани өсіп-жетіліп, тұрақтылықтың дәм-тұзын татып отыр. Қазақ тілі керегесін кеңге жайған мемлекетіміздің қара шаңырағы болса, басқа ұлт пен диаспора тілдері сол шаңыраққа шаншылған уық іспетті.
Уықты бөліп-жармай, біртұтас біріктіріп отырған алтын шаңырағымыз әманда биікте болсын дегім келеді. Шаңырақтан жоғары көк аспан ғой. «Шаңырақ – әкең, уық – шешең, кереге – балаларың» дейді қазақ. Дархан даласындай көңілі кең қазақ елі түрлі ұлт өкілдерін тар жол тайғақта құшағына алды, бауырына басты. Бірлік пен жарасымды тірлікті ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы бүгінде өзге жұртты сүйсінтіп келеді. Тіпті, қазақ елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін этнос өкілдерінің де саны артқан. Бұл түрі басқа болса да, тілегі бір отандастардың қазақ халқына деген, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін емес, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді де құрметтейді. Сондықтан, өз тілін өгейсітіп жүрген қаракөздерімізге үлгі болсын деген ниетпен қазақ тілін жетік білетін, ұлттық болмысымызды бағалайтын өзге ұлт өкілдері жайлы айтпақпын.
«Ана тілі» деген сөз қазақ халқында ғана бар. Ал, қазақ тілі мемлекеттің тілі, оны білу перзенттік парызымыз. Бұл орайда, мемлекеттік тілдің қадірін жас ұрпақтың санасына жеткізе білу өте қажет. Ол үшін әр облыстың, әр қала мен ауданның, одан қала берді басшыларының бойында қазақ тіліне деген құрмет болуы керек. Елбасы «Қазақстан–2050» Стратегиясында: «2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс» деп атап өткені мәлім. Себебі, мемлекет барша қазақстандықтардың қазақ тілін біртіндеп үйренуі үшін барлық жағдайларды жасап отыр.
Колледжімізде өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген көзқарасы жақсы деп айта аламыз. Қазіргі таңда колледжде білім алып жатқан 21 өзге ұлттың өкілі бар. Олардың барлығы да мемлекеттік тілді жақсы меңгерген. Ал, ұлты басқа оқытушылардың саны – 9. Қазақстандық азаматтардың тілге деген жанашырлығын ояту мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Тіл және әдебиет кафедрасының ұйымдастыруымен өткен «Тіл достықтың алтын көпірі» атты зияткерлік сайысына Карина Роот, Анастасия Бондарева, Фатима Гумарова, Азиза Насырова, Диана Роот, Анастасия Кравченко, Виктория Попова есімді студенттер белсене қатысты. «Тіліме тағзым ет, сыйласаң елімді, сонда сен отандас боласың сенімді!» дегендей, қатысушылар тәуелсіз еліміздің рәміздері, Әнұраны, еліміздің тарихын қаншалықты білетіндіктерін жоғары деңгейде көрсете білді.
Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде білім және тәрбие нәрімен сусындап, қазіргі таңда ұстаздық жолда еңбек етіп жүрген ұлты өзге түлектеріміз де бар. Атап айтсақ, олар филология бөлімінде 1999-2002 жылдары оқыған Инесса Бойко, 2007-2011 жылдары оқыған Елена Гаркава, 2013-2017 жылдары білім алған Лада Горошко және Елена Роот, 2010-2014 жылдары оқыған Людмила Миронова есімді жастар. Колледжде білім алып жүрген кездерінде бұл студенттер қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, түрлі сайыстардың жүлдегерлері атанды. Мәселен, Людмила Миронова, Елена Роот Орал және Семей қалаларында өткен республикалық «Абай оқулары» сайысының І орын иегерлері. Сондай-ақ, Егор Тихонов Семей қаласында өткен «Сөз құдіреті» атты конкурстың ІІІ орын иегері атанды. Күні кеше ғана түлегіміз болған Лада Горошко Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге қатысты. Оның есімі Ақмола облысының атынан «Қазақстанның 100 есімі» жобасының жеңімпаздар тізіміне енді. Колледж оқытушылары Ксения Рерих пен Диана Чебуранова сабақтарын мемлекеттік тілде жүргізеді, ұжымда әріптестерімен және оқушыларымен қазақша сөйлесуге тырысады.
Елбасымыздың «Ұлттық ментальдылықты негіз ете отырып, елімізде тұратын жүз отыздан астам ұлттың да интеллектісі «қазақстандық» деген біртұтас ұлттың өзегін ортақ байлық деп таниды» деген пікірі ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп және сүй хақ жолы деп әділетті» деген ойымен үйлесімділік табатынын байқаймыз. Сөз соңында барша отандастарымызды бірлігімізді, мемлекеттік тілімізді қастерлеуге шақырамын.
Айжан ЖАНТӨБЕТОВА,
Жанайдар Мусин атындағы
Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы,
заң ғылымдарының магистрі.