Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Халық коммунистері» фракциясының ұсынысымен «Қазақстан коммунистік халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің Ақмола облыстық филиалы өткізген дөңгелек үстелде көктемгі су тасқынының алдын алу мәселелері ортаға салынды.
Облыс орталығы мен аудандардағы қауымдастық өкілдері қатысқан жиналысты ашып, жүргізген партияның Ақмола облыстық филиалының бірінші хатшысы Бейсенбай Мәжитов алдымен, Қазақстан коммунистік халық партиясының Рөселбай Ғабидолла, Марат Омаров, Адилия Әлкенова, Вениамин Соловьев сияқты белсенді мүшелерін «Қазан төңкерісінің 100 жылдығы» мерекелік медалімен марапаттады.
– Су тасқынының алдын алудың өзекті мәселесі өткен жылдың мамырынан бері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Халық коммунистері» фракциясының бақылауында тұр. Соңғы жылдардағы Целиноград, Атбасар, Сандықтау аудандарындағы су тасқынының салдарынан болған шығынды қалпына келтіру үшін бюджеттен қомақты қаржы жұмсалуда. Ал, елге жаны ашымайтын Атбасар ауданының басшылары төтенше жағдайды пайдаланып, қара бастарының қамын ғана ойлаған. Біздің филиал су тасқынынан зардап шеккен жерлестерімізге қолұшын созып, материалдық тұрғыдан көмек көрсетті. Төтенше жағдайдың болуы адам факторымен тікелей байланысты. Осы орайда, Целиноград ауданындағы Семеновка селолық округінің әкімі тіпті, интернетті ашып, су тасқынының алдын қалай алуға болатынын оқымаған,–деді облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. Партияның Атбасар аудандық комитетінің хатшысы Еспенбет Түбеков өз өңіріндегі су тасқынының алдын алу шаралары жөнінде айтып берді. Бұл ауданда Жыланды, Жабай, Есіл өзендері мен су бөгеттері маңында көптеген елді мекендер орналасқан. Осы селолардағы су тасқынының алдын алу шараларын жүргізу үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлініпті. Жергілікті ақсақалдардың айтуынша, 2015-2017 жылдары мұз жару жұмыстары өзеннің қажетті жерлерінде жүргізілмеген. Соның салдарынан Жабайдың суы Есіл өзеніне уақытында ақпаған. Сондай-ақ, земснарядтың металломға өткізілуіне байланысты Жабай өзенінің түбі тазаланбай отыр.
Сандықтау аудандық партия комитетінің хатшысы Виктор Новоселовтың айтуынша, мұндай төтенше жағдай 70 жылдың ішінде болмаған. Былтырғы жылы Айдабол су бөгетін бұзған судың Сандықтау селосындағы тұрғын үйлерді басуына жол беріліпті. Қазір бұл салада арнайы гидроинженер мамандар жетіспейді. Өткен жылы Атбасар қаласын тасқынды судан аман алып қалу үшін Жабай суын Балқашын су бөгетінде біраз уақыт ұстаған. Оның үстіне «Максимовка» серіктестігінің директоры Александр Закусилов балық қорығынан айырылып қалмау үшін су бөгетінің шлюзін ашпапты. Осының және өзен түбінің тазаланбауы салдарынан жергілікті тұрғындар мен Атбасар қаласының тұрғындары көп зардап шекті. Су тасқыны кезінде Сандықтау тұрғындарына көмек көрсететін арнайы катерлер болмаған.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы Еркен Берлібеков өз сөзінде биылғы жылдың қыс айларында қардың аз түскенін, дегенмен қыс соңына дейін қалың қар түсуі мүмкін екенін атап өтті. Өңірде су тасқынына дайындық өткен жылдың жаз және күз айларында жүргізілген. Елді мекендерді инженерлік қорғау жөніндегі жоспарға сәйкес бұл жұмыс 84 елді мекенде жүргізілген. Су ағатын арналар ұлғайтылып, тереңдетілген. Су бөгеттері мен бес гидро нысан жөнделіпті. Бұл бағытта республикалық бюджеттен 213,8 миллион теңге, облыстық бюджеттен 309 миллион теңге бөлінген. Үш шара бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларды жасау қолға алынуда. Сондай-ақ, коммуналдық 3 гидро нысан «Казводхоз» мемлекеттік кәсіпорнының меншігіне беріліпті. Облыстық бюджет қаржысы есебінен 6 гидро нысанды күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалды. Бұл жобалар мемлекеттік сараптамадан өтуде. Төтенше жағдайдың қажетті шығыны мен ескерту резервіне 1,2 миллиард теңге қаржы салынған.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 2018 жылы су тасқынының алдын алу шараларын өткізуіне облыстық бюджеттен 51 миллион теңге бөлу қарастырылды. Облыстық және өңірлік жедел штабтар құрылған. Қажетті жанар-жағар май, инерттік материалдар мен қаптар сатып алынуда. Облыстың елді мекендері қардан тазартылып жатыр. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан қаржы бөлініп, арнайы техника дайындалған. Бұл жұмыстарға Ішкі істер министрлігінің күші мен қаржысын да тарту жоспарланған. 19 метеорологиялық, 29 гидро және 10 агрометеорологиялық бекеттер осы жағдайды мониторингілеп отырады. Өзеннің қауіпті учаскелерінде судың жағдайы мен деңгейін бақылайтын 80 бекеттің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылмақшы. Облыстың автокөлік жолдарында үш мыңнан астам су өткізгіш және 181 көпір бар. Бұл жерлерді қардан тазарту жұмысы 25 ақпанда басталды. Жалпы, табиғаттың әр тосын мінезі бақылауға алынған.
Дөңгелек үстелде бұдан соң саяжайлар кооперативінің төрағасы Вениамин Соловьев су тасқынына байланысты саяжай иелерінің мәселесін көтерді. Жиналыс соңында бірқатар сауалдарға жауап берілді.
Рамазан Тілеуов.