Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бала демеңіз, ол еліміздің ертеңі! - АРҚА АЖАРЫ

Бала демеңіз, ол еліміздің ертеңі!

Қазақстан Республикасының Президенті 1995 жылы қол қойған «Бала құқығы туралы» Конвенцияда барлық балалардың құқығы бірдей екендігі, мемлекет баланы зорлық-зомбылықтың барлық түрінен қорғауға және оның құқығы тапталмас үшін тиісті шараларды қолдануға міндетті екендігі көрсетілген.

Бүгінде облысымыздағы мектепке дейінгі ұйымдарда 36 мыңнан астам бала, мектептерде 117 мың және колледждерде 18 мыңнан астам оқушы білім алады. Сабақтан тыс уақытта орта білім беру ұйымдарының 24 мыңнан астам шәкірті 57 қосымша білім беру ұйымдарымен қамтылса, мектеп жанындағы секцияларға 46 мыңнан астам, ал үйірмелерге шамамен 60 мың оқушы барады. Осы орайда, облыстық білім басқармасының жанында кәмелетке толмағандармен жұмыс жүргізетін бірнеше орталық бар.
Мәселен, Щучинск қаласында орналасқан қиын өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау орталығын атап өтуге болады. Бұл орталық 3 пен 18 жас аралығындағы 25 балаға лайықталған. Соңғы бес жыл ішінде оңалту курстарынан 246 бала өтті. Оның ішінде 119 бүлдіршін туған отбасыларына оралса, 36 тәрбиеленуші қамқорлыққа алынды. Осындай орталық Степногорск қаласында да жұмыс істейді. Мұндағы «Жастар» жасөспірімдердің әлеуметтік бейімдеу орталығы 16 мен 23 жас аралығындағы балалар үйінің түлектеріне арналған. Қазіргі уақытта 64 тәрбиеленушісі бар. Оның алтауы кәмелетке толмағандар.
Өкінішке орай, бүгінгі таңда кәмелетке толмағандардың өз-өзіне қол салуы, яғни, суицид дерті өзекті мәселеге айналып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының балалар қорымен әріптестік шеңберінде 2017 жылы Bilim foundation қоғамдық қорымен іске асырылатын бірқатар жобалар қолға алынған болатын. Облысымызда «Денсаулық және өмірлік дағдыларды қалыптастыру, сондай-ақ, кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу» бағдарламасы енгізілді. Осы бағдарламаға сәйкес 2017 жылы білім беру ұйымдарының 549 педагог-психологы оқудан өтті. «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық зерттеу орталығы аталған жобаның облысымыздағы үйлестірушісі болып табылады. Қоғамдық ұйым үстіміздегі жылы 30 мыңнан астам ата-анаға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қазіргі таңда мектептердің жоғары сынып оқушылары мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттері арасында психикалық-диагностикалық сауал жүргізілуде. Нәтижесінде қауіп тобына жататын мыңнан астам жасөспірімнің бары анықталып, бірқатары психиатр дәрігердің қабылдауына жіберілді. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасуда.
Өткен жылдың қазан айында отбасында балаларға зорлық-зомбылық көрсетуді тоқтатуға бағытталған алдын алу шаралары жүргізілді. Солардың бірі «Үнсіз қалма KZ» акциясы. Оған бала тәрбиесі мәселесімен айналысатын барлық мүдделі ведомстволардың өкілдері, психологтар, ата-аналар қатысты. Сол сияқты, «Бақытты балалық шақ құқығы» онкүндігі жайлы да айта кетуге болады. Шара аясында медициналық мекеме қызметкерлері оқушылармен ерте жүктіліктің зияндылығы жөнінде әңгіме жүргізді.
Облысымыздың барлық қалалары мен аудандық білім бөлімдерінде балалардың құқығын қорғауға қатысты сауалдарға жауап беретін сенім телефондары жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда тұрғындардың Қазақстан Республикасының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Бәлиеваның бастамасымен осыдан екі жыл бұрын құрылған бірыңғай республикалық 111 Call-орталықтарына да хабарласуына болады. Облыстық білім басқармасында және кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында отбасын қолдау қызметі жұмыс істейді. Олардың сенім телефондары: 90-31-16, 33-00-16. Өткен жылдан бері аталған сенім телефондарына 48 қоңырау келіп түсті. Сол өтініштердің бірі негізінде жуырда басқармамыздың жұмыс тобы Целиноград ауданында тұратын Ғ-ның үйіне барып келді. 2005 жылы туған Б. есімді ұлдары өз бетімен үйінен кетіп қала береді екен. Психологымыз онымен сөйлесе келе, әкесі ішімдік ішкен кезде баласының қатты қорқатынын анықтады. Оның үйден кетіп қалуының себебі де осы болған. Құқық қорғау қызметкерінің, педагог-психологтың, әлеуметтік пегагогтың кешенді жұмыстарының нәтижесінде мәселе толық шешілді.
Жүргізіліп жатқан шараларға қарамастан, кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің әлі де тыйылмай келе жатқаны алаңдатады. Қорғалжын ауданында орын алған балаға физикалық зорлық көрсету фактісі бойынша тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде А.Төлеубаев атындағы орта мектептің директоры, тәрбие жұмысы жөнінде орынбасары мен аға тәрбиешіге сөгіс жарияланды. Осындай жайттар бала құқығын қорғау бағытындағы жұмысты әлі де жетілдіре түсу керектігін аңғартады.
Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық пен балалардың қараусыз және қадағалаусыз қалуының алдын алу мақсатында облыстық әкімдікте арнайы комиссия жұмыс істейді. Қазіргі уақытта мекемемізде балалардың жазғы демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қауіп тобындағы балаларға ерекше назар аудара отырып, өткен жылдардан бері оң нәтижесін беріп келе жатқан тәжірибелерімізді одан әрі жалғастыратын боламыз.
Негізінде тәрбие, бала құқығын қорғау мәселесінің ауқымы өте кең. Оған білім басқармасымен бірге, өз құзыреті шеңберінде барлық мемлекеттік органдар, барша қоғам атсалысуы қажет деп ойлаймын.

Ботагөз ДҮЙСЕНОВА,
Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар