Прокуратура саласындағы абыройлы ғұмыр

Прокуратура саласында 37 жыл бойы табан аудармай еңбек еткен еңбек ардагері Бекболат Сәдуақасов биыл 90 жасқа толып отыр. Ұлы Отан соғысы жылдарында буыны бекіп, бұғанасы қатпаған бала жасынан еңбекке араласып, жеңіс үшін аянбай жұмыс істеді. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол кейінірек ішкі істер органына ауысып, біраз жыл тергеуші болды. 1953 жылдан зейнет демалысына шыққанша прокуратура саласында еңбек еткен ардагердің көрген- түйгені туралы жазған бірнеше кітаптары бар.

Бекболат ақсақал 1928 жылдың 28 тамызына бұрынғы Рузаев ауданының Мұқыр ауылында дүниеге келген. Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде 1942-1946 жылдары «Алғабас» кеңшарында ересектермен бірге жұмыс істеген бозбала жаздың ыстығы, қыстың суығында уақытпен санаспай «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін!» деген ұранмен жұмыс істеді. Соғыстан кейін 1946 жылы ол Көкшетау педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Кейін білімін Алматы мемлекеттік заң институтында жалғастырып, жоғары заңгерлік білім алып шығады. Прокуратура саласындағы еңбек жолын ол 1953 жылы Еңбекшілдер ауданы прокуратурасының тергеушісі ретінде бастайды. Одан кейін Көкшетау қаласында, Зеренді, Арықбалық аудандарында тергеуші қызметтерін атқарады. 1961 жылы Рузаев ауданы прокурорының көмекшісі лауазымына тағайындалды.
Жұмыс барысында мемлекет пен халық мүддесін қорғай отырып, өзінің белсенділігімен, берік ұстанымымен көзге түскен Бекболат Сәдуақасов 47 жасында КОПК мүшесі болды, аудандық, облыстық партиялық конференциялардың делегаттығына сайланды. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, құқық тақырыбы бойынша дәрістер оқыды. Бірнеше жыл «Білім» қоғамының жұмысына басшылық етті. Оның мақалалары жергілікті, облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жиі жарияланатын. Өзінің прокуратура саласындағы 37 жылдық еңбек тәжірибесінде 12 ауданда, сондай-ақ, Көкшетау және Қаратау қалаларында қызмет етті. Ол тыл және еңбек ардагері.
Бекболат ақсақал жас кезінен салауаттылықты ұстанып, спортпен айналысады. Жеңіл атлетика, нысанадан ату сияқты спорт түрлерінен аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, талай мәрте жүлделі орындардан көрінген.
Зейнет демалысына шыққан соң да, үйде қарап отырмай, белсенді еңбегін жалғастырды. Шығармашылықпен айналысып, өзі көріп, куәсі болған жайлар туралы 1999-2011 жылдары аралығында алты кітап жазғанын айта кету керек.
Ол ардагерлер арасында өткізілген «Ақ бидай» облыстық (1994 ж.) спартакиадасында, Ленинградский ауылында (1996 ж.), Келлеровка ауылында (1999 ж.), Державинск қалаларында өткізілген облыстық жазғы ойындарда бірнеше мәрте жеңімпаз атанды. Сонымен қатар Зеренді, Арықбалық, Щучинск қалаларында шаңғы спорты бойынша өткізілген қысқы ойындарға қатысып, жақсы өнер көрсетті. Бекболат Сәдуақасұлы талай рет теледидар мен радиодан салауатты өмір салтына қатысты өз ой-пікірлерін айтып, денсаулықты нығайтудағы дене шынықтырудың рөлі туралы әңгімеледі. Жасы тоқсанға келсе де, ширақ қалпында жүргені сол салауаттылықтың нәтижесі деп санайды ол.
Бекболат Сәдуақасовтың Қазақстан прокуратура органдарындағы жемісті де ерен еңбегі еленіп «Прокуратураның құрметті қызметкері» атағы берілді. Одан басқа да ауыз толтырып айтарлық марапаттары жетерлік. Соның ішінде «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «КСРО маршалы Г.К.Жуковтың 100 жылдығы», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» және Ұлы Отан соғысының 55, 60, 65 жылдығына арналған мерейтойлық медальдары бар. Ол ұзақ жылдар қызмет атқарған Біржан сал (Еңбекшілдер) ауданының құрметті азаматы.
Өмірдің көп ауыртпалығын көрсе де мойымай, сол қиын кезеңде жоғары білім алып, прокуратура саласында жемісті еңбек еткен, көрген-түйгенін жастарға үлгі етіп, кітаптар жазған ардагер ақсақалға мықты денсаулық, әлі де ұзақ ғұмыр тілейміз.
Бақыт СҰЛТАНОВ,
Ақмола облыстық прокуратурасы ардагерлері кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар