Мұғалім көшбасшы болуға тиіс

Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы орталық көшенің бойы қашанда ығы-жығы. Жаяу жүргінші де, жүк тиеген автокөлік те мол. Жұмыс күні болатын. Түс әлпетінде тіршілік қамымен осы көшенің бойындағы құрылыс заттарын сататын дүкеннің алдында тізгін тартқанбыз. Бір топ қыз-келіншек көше бойын сыпырып, тазалап жатыр екен. Арасында көзтаныстар да бар. Орталықтағы №1 орта мектептің мұғалімдері.

Күн желкем. Әуеде жел жұлмалаған полиэтилен пакеттер мектеп мұғалімдерін мазақтағандай ұшып-қонып жүр. Соңғы кездері қала біршама таза болғанымен, жүргінші көп болған соң ластанбай тұра ма? Әсіресе, бір-біріне иық тірестіре орналасқан құрылыс заттарын сататын дүкеннің зат ораған орама қағаздары, темекі тұқылы, босаған бөтелке.
–Біз өз қаламыздың таза болғанын қалаймыз,–дейді көзі таныс мұғалім келіншек,–осындай сенбіліктерден қашпаймыз. Бірақ, бір айтарымыз, өз білім ошағымыздың жанын тазаласақ бір сәрі, неге екенін кім білсін, қалалық әкімдік біздің еншімізге осы бір мүйісті бекітіпті. Өкініштісі сол, дүкен иелері саудаларын жасап, өз пайдаларын тауып тұр ғой, ендеше өздерінің ластаған жерін, өздері неге тазалай алмайды. Мына бір дүкеннің иесі, менің кешегі оқушым. Енді келіп бүгін мен соның есігінің алдын тазалап жүрмін. Қалай намыстанбайсың, мына қараңызшы, мына темекіні кім тартты, мүмкін жұқпалы аурумен ауыратын адам шығар. Неге мұғалімдер осындай лас жұмысқа жегілуге тиісті?!
Мұңын шаққан мұғалім қарындас көптен бері өз ойларында жүрген мәселенің биылғы жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауында көрініс тапқандығын қуана баяндаған. Осы Жолдауда келесі жылдан бастап «Педагог мәртебесі туралы» Заң әзірленетіндігі барша ұстаздар қауымының үміт отын тұтатып отырғандығын қаузай айтып жеткізді.
–Шынында да,–деген ол,–мұғалімнің өз шаруасы басынан асып жатыр. Жаңартылған оқу жүйесі бұрынғы жүктемемізді молайтып отыр. Электронды күнделіктің де шаруасы шашетектен.
Осы жерде тыңдайтын құлақ тапқан ұстаздар қауымы біраз мәселені айтып-ақ тастады. Олардың айтуына қарағанда, соңғы жылдары мұғалім қол-
балаға айналып кеткен. Әлдебір жиында зал толтыру керек пе, аттай шауып мұғалім барады. Көрермен жинай алмайтын көдедей көп, мәнсіз концерттің билетін сатып алатын да осы мұғалім. Айтпақшы, олардың айтуына қарағанда, мектепке он билет бөлінсе, соның ақшасын жүз мұғалім жинап береді екен де, сол жүздің бірде-біреуі әлгі концертке бармайды екен. Баспасөзге жазылу да солай. Онда анық газеттің өзі көрсетілмейді. Ортақ ақша жиналады. Сол ортақ ақшаға республикалық дейсіз бе, облыстық дейсіз бе, газеттерді жаздырып алады. Жоғарыдан түскен тапсырмаға орай. Ол басылымдар мұғалімдерге қажет пе, жоқ па оны ескеріп жатқан бірі жоқ. Тапсырма түскен екен, орындалуға тиісті.
Біз осы салмақты сауалдарды арқалап, облыстық білім басқармасында болдық. Басқарма басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенованың айтуына қарағанда, қазір мұғалімдерге мұндай тапсырма беру, қосымша жүк арқалату тыйылған.
–Мұғалімдердің мәртебесі заң қабылданғаннан кейін айқындалмақ,–дейді Ботагөз Балапайқызы,–негізінде Елбасы өте маңызды мәселе көтеріп отыр. Қосымша жұмыстың бәрі мұғалімдер үшін кедергі. Қазіргі заман талабына сай онсыз да олардың шаруасы шашетектен. Ал, тексерістер туралы айтатұғын болсақ, осы күнге дейін белгіленген жоспар бойынша жүргізіліп келді. Оның барлығы білім сапасын жақсартуға, кем-кетігімізді анықтауға бағытталған шаралар. Ал, міндеттерінен тыс функциялардан арашалау, яғни, мұғалімді жөн-жосықсыз көлденең шаруаға жеге бермеу, өте орынды айтылған.
Осы арада ұстаз беделі туралы бір ауыз сөз айта кетуге болатын тәрізді. Ілкідегі ұстаз өзінің білім-білігі, адамгершілік ажары, кісілік келбеті арқылы ауыл-аймаққа үлгі еді. Оқушы балалар түгіл үлкендер де ұстазды құрметтеп, алдын кесіп өтпейтін. Ұстаздар да сол құрметке лайық, ел ішіндегі елдік мәселелердің ұйытқысы болатын. Қазір де солай.
–Мұғалімнің мәртебесін түсірген жай, оның қолбалаға айналуынан болды,–дейді қарт ұстаз Мейірбек Ботақанов,–біздің дәуірімізде әр мұғалім бір-бір тұлға болатын, санасатын, сыйлайтын. Кейін әркім мұғалімге басшы болды, жөнсіз жұмсауға айналды. Қолбалада қадір бола ма?! Қадірінің қашқан жері осы!..
Ендігі арада аға буынның пайымдағаны тәрізді «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғаннан кейін ұстаздар қауымы сол заң аясында қызмет етіп, өз беделдерін өсірулері керек-ақ.
–Қазір бұрынғыдай мұғалімдерге билет тықпалау, жөнсіз жұмыстарға жегу жоқ,– дейді Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова,–әркім өз ісімен айналысуға тиісті. Рас, кейбір шараларды өткізуге көмектесуімізді сұрап қолқалайтындар болады. Бірақ, соңғы жылдары бұрынғы орын алған жөнсіздіктер тыйылды. Ал, сенбілік туралы айтатұғын болсақ, бұл қала тұрғындарының барлығына қатысты жай.
Қазір мың сан ұстаздар қауымы «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылдануын асыға тосуда. Өз пікірлерін де, ұсыныстарын да айтып жатыр. Білім жорығындағы барлық күш-жігер, ақыл-ой көздеген мақсатқа жұмсалса, іс те нәтижелі болмақ.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар