Ұлағатты ұстаз

EPSON MFP image

Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрмұханов Бекай Жаббарұлы 1975 жылы Ақмола облысы Ерейментау ауданы Ажы ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, 1996 жылы Ақмола қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Ақмола университетін қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша аяқтаған.

Үнемі шығармашылық ізденісте болып, әрдайым білімін жетілдіріп отыратын, шәкірттері алдында үлкен беделге ие ұстаздардың бірі Бекай Нұрмұханов. Жас жеткіншекке сапалы білім, саналы тәрбие беру оның басты мақсаты. Тәжірибелі ұстаз білім берудің жаңа технологияларын пайдалану арқылы оқушыларды ғылыми ізденіске баулуды да бірінші кезекке қояды.
Сонымен қатар, сабақта оқушылардың ой еңбегімен шұғылдануын қамтамасыз етуге баса ден қойып отырады. Мұның өзі ұстаз пікіріне сүйене айтқанда, оқушыны өздігінен ізденуге, қай нәрсені де ойша салыстыруға, қорытынды тұжырым жасай білуге, алған біліміне сүйене отырып қызу пікірталасқа белсене араласуға бағыттайды. Өз еңбегінің нәтижесін аудандық, облыстық, республикалық педагогикалық оқуларда, тәжірибе алмасуға арналған семинар-кеңестерде әріптестерінің назарына ұсынып, талқысына салып отырады. Өзінің оқытатын сабақтарына үлкен дайындықпен келуі, өз кәсібін жоғары құрметтеуі – өзгелерге өнеге.
Ұлағатты ұстаздықты ту еткен Бекай Жаббарұлын әріптестері үлгі етеді. Оның сабағы жоғары ғылыми-әдістемелік және интеллектуалдық деңгейде өтеді. Мұғалім сабаққа дайындық кезінде оқушылардың таным белсенділіктерін, пәнге деген қызығушылықтарын ояту, шығармашылық күш тудыруды ойлас-
тырады. Сабағын жаңа ойын, түрлі көркемдік-дидактикалық материалдармен толықтырады. Өз сабақтарын интерактивті кабинетте өткізуі сабақты және сыныптан тыс іс -шараларды тиімді, сапалы деңгейде ұйымдастыруына мүмкіндік беруде. Сабақ өткізуге деген мұндай көзқарастың нәтижесінде жыл сайын оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті бойынша республикалық, облыстық, аудандық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Мәселен, Мәшһүр-Жүсіп Баспақов, Жұмажан Бостанов, Камила Мұқышева аудандық, облыстық «Махамбет оқуларының» жүлдегерлері, Әлішер Бекпаулы, Асылбек Нұртілек сынды шәкірттері аудандық, облыстық олимпиадаларда жеңімпаздар қатарынан көріне білді. Ал, 2014 жылы тағы бір шәкірті Гүлзат Қайыркелді республикалық олимпиадаға қатысып, жүлделі 2-орынды иеленді және Сүлеймен Демирел университетіне грант ұтып алды.
Аудандық, облыстық Абай оқуларына, Оралхан Бөкей оқулары мен Махамбет оқуларына қатысқан оқушылары да жүлделі орындар алып, республикалық сайыстарға қатысып, мақтау қағаздарымен марапатталды.
Ұлағатты ұстаз сондай-ақ, сынып жетекшісі ретінде де ата-аналармен үздіксіз байланыста болып, бала тәрбиесіне қатысты маңызды мәселелерді бірлесіп шешуді дәстүрге айналдырған.
Ол өз іс-тәжірибесімен республикалық, облыстық, аудандық семинарлар мен конференцияларда, басылымдарда бөлісіп тұрады. 2015 жылы Көкшетау қаласында өткен педагогикалық инновациялардың V халықаралық жәрмеңкесінде презентациялық алаңшаға, «Жаңашыл шығармашылық ізденіс» шеберлік сыныбына қатысып, мадақтамаларға ие болды. 2015 жылы Астана қаласында өткен «Worlddidac Astana 2015» IV Халықаралық Білім және кәсіби даярлауға арналған халықаралық технологиялар көрмесі шеңберінде «Инновациялар білімде» атты практикалық конференциясына, 2012 жылы Астана қаласында өткен «Білім және кәсіби даярлауға арналған халықаралық технологиялар» көрмесіне, 2011 жылы Астана қаласында өткен «Мұғалімнің кәсіби дамуы: дәстүрлері мен өзгерістері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына және 2009 жылы аудандық Тілдер фестивалінде «Үш тұғырлы тіл мәдени жобасын жүзеге асырудың қадамдары» конференциясына, 2011 жылы «Дамытпалы оқыту арқылы оқушылардың білім деңгейін дамыту» тақырыбындағы аудандық семинарға қатысты.
Республикалық «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналында «Ұстаздық еткен жалықпас…», «Абайдың табиғат лирикасы» (10-сынып) тақырыбында сабақ жоспарлары басылды. Ал, 2015 жылы «Оқытудың жаңа технологияларын пайдалану арқылы оқушыларды ғылыми ізденіске баулу» атты әдістемелік құралы баспадан шықты. Ұстаздың өз жеке сайты бар, осы сайтта да ұстаз өзінің педагогикалық іс-тәжірибесімен үнемі бөлісіп отырады.
Бекай Жаббарұлы кәсіби байқауларға қатысып, өз шеберлігін шыңдап отырады. Мәселен, 2015 жылы аудандық «Үздік педагог – 2015» байқауында бас жүлдені иеленіп, облыстық байқауда да өзінің үздік екенін танытып, жүлделі 2-орынды иеленді. Республикалық «2015 жылдың үздік педагогі» атағының иегері атанды. «Білім және Ғылым» атты
І республикалық шығармашылық фес-
тиваль «Ең үздік іс-шара әзірлемесі» бағыты бойынша 1-орынды иеленді. Республикалық қашықтық олимпиадасында қазақ әдебиетінен жүлделі 2-орынды иеленді.
Бекай Жаббарұлы үнемі кәсіби біліктілігін республикалық, облыстық білім жетілдіру институттарында жетілдіріп отырады. Ол Кембридж бағдарламасының І деңгейін игерген ұстаз, осы бағдарламаны игерген аудандық шығармашыл мұғалімдер бірлестігінің жетекшісі.
Ұстаз еңбегі еленбей қалған жоқ, ол Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің, республикалық «2015 жылдың үздік педагогі» атағының, «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалінің иегері, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен, Ерейментау ауданы әкімінің мадақтамасымен, Ерейментау аудандық білім бөлімі мадақтамасымен, Білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы мадақтамасымен, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті ұжымының Алғыс хатымен марапатталды.
Шәкірттері алдында беделді, әріптестеріне сыйлы өз ісін жетік меңгерген ұлағатты ұстаздың еңбек жолы осындай. Тәжірибелі ұстаз, білгір маман ретінде алдағы уақытта әлі талай шәкірттерін білім бұлағынан сусындатып үлкен өмірге жолдама береді деп сенеміз.

Талғат БАҚТЫБЕКҰЛЫ.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар