Тәуелсіздік және тұлға

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің мәжіліс залында «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік тұлғалары: Таным. Тағылым. Тарихи сабақтастық» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

Бүгінде қазақ елі өзінің төл тарихын жаңғыртып жатқан кезеңде Ұлы дала елінің үлкен өркениет биігіне көтерілуіне талпынған бір көрінісі айқын сезілуде. Осыған орай, облыстық әкімдік пен облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауы арқасында «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен конференцияға Астана мен Алматы қалаларынан ғалымдар мен облыстың зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, оқытушылар мен студент жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылып отырған ғылыми шараның ұйымдастырушысы, әрі модераторы Бақыт Смағұл кіріспе сөз сөйлесе, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева конференцияға қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Тағылымы мол алқалы жиында «Естеліктегі Алаш» кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды. Одан әрі аталмыш университеттің проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты Аманай Сейітқасымов «Елбасы: Ұлы даланың жеті қыры», Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева «Қазақ тіл білімінің дамуындағы дәстүр мен сабақтастық» (Ақмола-Көкше өңірі Алаш білімпаздарының мұрасы негізінде), Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Сағымбай Жұмағұл «Мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшенов және ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ қоғамындағы елдік мұрат», осы университеттің Археология және этнология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбай «Қазақ мемлекеттілігінің тарихындағы Аталықтардың орны мен қызметі» (Ораз аталық және Абылай хан мысалында), «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер «Алаш және советизм: саяси-идеологиялық күрестің себептері мен салдарлары» атты баяндамалар жасады.
Осылайша конференцияға арнайы келген отандық ғалымдардың тақырып бойынша жасаған баяндамалары тыңдалып, ой-пікірлер ортаға салынды.
Тағылымы мол конференцияға қатысқан ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері де сөз кезегін алып, Тәуелсіздік тұлғалары, соның ішінде Ақмола өңірінен шыққан Алаш қайраткерлерінің тәуелсіз Қазақ еліне сіңірген ерен еңбектері туралы сөз қозғады.
Осынау бабалар салған даңғыл жол, Ұлы дала зиялыларының өнегелі өмірі, рухымызды көтерер мұрасының мәңгілік тақырыпқа айналуы – бүгінгі ұрпақ мойнындағы қасиетті борышы болмақ.
«Өткенсіз бүгін, бүгінсіз келешек жоқ» дегендей, келешек ұрпаққа үлгі болар тарихы терең, тағылымы мол игі шараның, әрі барша Қазақ елі мақтан тұтар тұлғаларымыз – Алаш арыстарының халқына жасаған орасан еңбектері аталмыш оқу ордасының студент-жастарына рухани азық болары сөзсіз.

Асылай Қадырқызы.

Суреттерді түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар