Көкшесі ақын Еркешін есіне алды

Көп жылдан бері Көкшетау топырағында халқының лайықты құрметін көрмей, ұмытылуға айналған бір есім Еркеш Ибраһим (Ебікенов) еді. Шындықты несін жасырамыз?! Сұлу жырдан көгілдір өлкенің, оның адамдарының тұтас бір ғажайып бейнесін жасаған Еркеш ақынды ел аузына жиі алғанымен, осының бір айқын айғағындай нақты істер көрінбейтін. Жуырда аз да болса соның орны толып, тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды, кеші өткізіліп, аруағына құран бағышталды.

Еркеш Ибраһим Көкшетау мен Сандықтаудың қиылысар тұсында Жыланды тауының баурайындағы Жыланды ауылында дүниеге келген. Жастайынан Көкшеге жанымен, жүрегімен құмартып, осы елді, осы жерді алтын бесік ардағына балап өтті. Өзінің бар саналы ақындық ғұмырында Көкшені жырлады. Жырлағанда қандай?! Өзіне дейінгі, өзінен кейінгі бар ақындардан асып түскені ақиқат. Ақын шабытына қанат бітіріп, қаламынан бал тамызбаған осы өлкенің тауы да, тасы да қалмады. Көңіл-күйін Көкшем деп өзендей ағызған қайран ақын елудің алтауымен сөнген ғұмыр жасында туған жерін, оның адамдарын қалай жырлаудың асқан өнегесін көрсетіп кеткеніне сөз жоқ. Мына жолдарға көз жүгіртіңізші, санамен салмақтаңызшы.
Көрем деп келіп едім өмір шыңын,
Жазам деп келіп едім өмір шынын.
Сен мені кешір, кербез Көкшетауым,
Бірі боп кете бардым көміршінің…
Көп жылдар бойы Көкшетау облысында республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі болып тұрған жерінен қызмет бабымен Қарағандыға дәл осы жұмысқа ауысқанында да Көкшесіне деген алапат сезімі, ерен сүйіспеншілігі өзі біте қайнасқан осы өңірге осылай деп тіл қатуға дейін барғызған ғой. Демек, Еркештей асқан ақынды бұл өлкеден тек ажал ғана айырған. Солай. Бұрын да кітабынан кездестірген бұл өлең шумағын маған осы бірер күнде пікірлесе қалғанымызда белгілі әдебиетші Ғалым Мұсатай жатқа айтып берген еді. Әріптестері Қарағандыдағы ақынның құлпытасына қандай өлеңін жазамыз дегенде, сол қалада қызмет істеп жүрген Ғалекең осы шумақты ұсынып, ақыры құлпытастан осы өлең орын тепкен екен. Бұл да біле білсек, шебер Алланың ақынның мәңгілік мекеніндегі бейітінің басына тағы да «Көкшем» деп ақиық сырын ақтарған осы өлең шумағын бұйыртқаны.
Ақиқатын айту керек, сөйткен Еркеш ақынның есімі қаншама жылдар бедерінде Көкшетауында ұмыт қалып келгені рас. Тағдырдың жазуы артында қалған балаларын да өзінен кейін жер бетінде көп жүргізбеді. Әйтпесе, осы күнге дейін әкесінің атын солар жоқтап, солар есімі ұмытылмайтындай бір әрекет жасар ма еді. Өйткені, осы күні соңында іздеушілері бар белгілі тұлғалар ғана өмірге көше, мектеп, ескерткіш тақта болып қайта оралып жатқандарын көз көріп жүр ғой.
Бірақ, арамыздағы елдің намысын, ердің ел есінде қалуын ойлайтын ағаларымыз аман болсын. Қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысов осының алдында да көкшелік кей белгілі азаматтардың есімін қайта жаңғыртқанындай, Еркеш ақынға қатысты шаруаларды да жедеқабыл қолға алып, алдымен ескерткіш тақтасын ойластырған көрінеді. Осы тақтаның шығынын Еркеш ағасымен бір топырақта, Жыланды ауылында дүниеге келген Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асқарбек Съезбекұлы Үйсімбаевтың өзі көтеріп алғанын да нағыз азаматтық деп бағаласақ, артық емес. Текті елдің баласының Еркештей ерен жерлестеріне қадір, құрметі тек осындай болса керек-ті.
Ш.Құдайбердиев көшесі, 30 үй. Ақын Еркеш Ибраһим осы көп пәтерлі шағын үйдің екінші қабатында 1967 жылдан 1972 жылға дейін бес жыл тұрған екен. Тап жанында бұрынғы облыстық санэпидстанция ғимараты орналасқан, қалтарыстағы у-шуы аз, тып-тыныш үй. Нағыз шығармашылық адамының қолы деуге болады. Әу баста тиісті орындар бұл пәтерді бергенде де осы жағы ескеріліп берілген болуы керек. Бұрын Еркеш ақынның осы қалада қай үйде тұрғанын да білмейтін басымыз, соны енді біліп жатырмыз.
Мұндағы орын тепкен ескерткіш тақтадан басқалар да енді бұл үйде қазақтың көрнекті ақынының тұрып, дүниеге шұрайлы шығармаларын әкелгенін біліп жүретіні, аруағына тәу етіп, есіне алып жүретіні анық. Осы күнге де жеткен айтулы шараға рас, халық аз жиналғанымен, келгендердің бәрі де Еркеш ақынға шын мәнісінде құрмет, тағзымдары мен жан сағыныштарын ала келген көзі көргендер мен талантын шын бағалаушылар еді. Көкшедей биік келісті ақынын тебірене еске алып, көк лентасын қиып, ескерткіш тақтасын ашқан санаулы болса да сапалы топ – ақын-жазушылар мен журналистер, зия-
лы қауым өкілдері бұдан кейін қатары селдіремей сол қалпы Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжіне бет алды.
Себебі, мұнда оқу орнының директоры, ұлт жанашыры Құралай Ыдырысованың қолдауымен Ақмола облыстық Мағжан Жұмабаев атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасының жанынан құрылған «Алтын Арқа» ақпараттық-ағартушылық орталығының көрнекті ақын-журналист, публицист Еркеш Ибраһимге арналған кезекті оныншы көшпелі отырысы өтуге тиіс еді. Еркеш ақын кешімен бірге колледжде поэзия музасы да салтанат құрғандай, оқытушылар мен шәкірттер зейіні тек осы шараның үстінде болған секілді көрінді бізге бұл күні. Бірте-бірте зал да лық толды. Алғашқы кіріспе сөз кешті ұйымдастырушылардың бірі, облыстық кітапхана қызметкері Махаббат Ивахинаға беріліп, одан әрі кеш «Алтын Арқа» орталығының жетекшісі, қалалық «Көкшетау» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Серік Жетпісқалиевтің ой-толғанысымен одан әрі жалғасын таба түсті.
Міне, экранда көрнекті ақынның туғанына 75 жыл толуына байланысты 2005 жылы сол кездегі белді тележурналист Гәкку Бәйішеваның сценарийі бойынша түсірілген «Еркеш ақын елінің еркесі еді» деректі фильмі. Ақынның туған жерінен бастап Көкшедегі бүкіл өмірі, шығармашылығы қамтылады. Фильмде шынайы дарынға үлкен ағаларымыз берген баға да жаныңды толқытпай қоймайтындай. Уақытқа дауа жоқ. Ендігі сол ағалардың да көбі келместің кемесіне мініп кеткен. Айтары мол мына фильмнің жылдар табымен із-түссіз кетпей, сақталып қалғаны қандай тамаша.
Еркеш ағаға көптен бері сәтін салып отырған көрнекі кеште естеліктер кезегі алдымен, осы шараға қатысқан бірден-бір тұстасы, қарт журналист Рүстем Бермағамбетовтан бастау алып, ел ішінен шыққан дара дарын туралы бірде сүйсінткен, бірде мұңайтқан әсерлі әңгіме бабымен жалғасып жүре берді. Сүйсінткені ақын есімі мен тамаша өлеңдері көзі тірісіндегідей сол күйі әріптестерінің, былайғы жұрттың да есінде екен. «Тірілермен тірімін» деген осы. Мұңайтқаны ақынның сол өр есімін бүгінгі және келер ұрпақтар жадында қалдыру шараларының басы енді-енді, кеш қолға алынып жатқаны.
Әйтпесе, халқы алдындағы еңбегі, қаламының сертіндей болған Көкшесі жайлы бірінен бірі асқан жалын жырлары сан алуан жинақ болып кітапханашы Бақшагүл Шәріпова таныстырған мына кітап көрмесінде тұр. Өздері көріп-білген, ізін баса бірге еңбек етіп, талантына бас иген ақын ағалары туралы бұл әдеби шарада ақын-жазушы, әдебиетшілерімізден жолы да, жасы да үлкендері Төлеген Қажыбай, Аманжол Есмағұлов жеріне жеткізе сыр шертуі, бір ауылда туып-өскен Меңдібай Қопабаевтың да айтары аз болмауы, енді бір тұста әңгімеге кешегі Көкшетау облысы Ленин ауданы басшыларының бірі болған марқұм Төрехан Ивахин ағамыздың шаңырағындағы Мәкен Рахымжанова апамыздың да араласып, ақынның ел ішіне шыққан бір сапарында жұбайын қалай өз туындысының басты бір кейіпкеріне айналдырғанын ризашылықпен ауызға алып өтуі Еркеш Ибраһим болмысының әр жарқын тұсынан хабар бергені ақиқат.
Жиналған қауым, әсіресе, жастар осы жолы ақынның тамаша лирикаларына да қанықпай кетсе, кеш әрине, өз мақсатына толық жетпеген болар еді. Сондықтан, бұл міндетті де Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі мен Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің оқушылары өз мойындарына алып, шабыттана орындап шықты.
Осы күнгі интернет, цифрландыру заманында әр ақын-жазушының шығармаларының оқырманға қол жетімді болуы үшін оның электрондық нұсқасының да болғандығы маңызды. Ақмола облыстық кітапханасы осы тұрғыда көп жұмыс тындырып келеді. Осы жолы жиналғандарға «Сенде дейді бір халықтың намысы» атты тақырыппен таныстырылған Еркеш Ибраһим кітаптарының электронды дискісі де осы сөзіміздің айғағы. Яғни, ақын мұрасы енді жинақталып, бір қолда деген сөз бұл.
Тағдырының ауырлығымен бірге, Еркеш ақынның бақыты сол, білетін, көзін көрген кей адамдар осы шаралар туралы естімедік деп те өкініш білдіріп жатыр. Халыққа дұрыс құлаққағыс ету жағының ескеріле бермейтіні рас. Әйтпесе, кезінде бұрынғы Щучье, қазіргі Бурабай ауданында ақынның 50 жылдық мерейтойын өткізуге тікелей ат салысқан, сөйтіп, Қадыр Мырзалиев, Еркештің өзі бастаған бір топ ақындарды өз мектебінде құшақ жая қарсы алған танымал педагог Таңсық Жұрынқызы сияқты зиялы қауым өкілдері «естідік, бірақ, өтіп кеткен соң» деп айтарын айта алмай қалмас еді.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әншісі Ғазиза Жұмекенова, дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасенов, жас әншілер осы жолы да замандасы әрі досы Шәмші Қалдаяқовтың ақынның сөзіне жазылған әндерін орындады. Теміржан қари аруағына бағыштап құран оқып, ас берілді. Сөйтіп, бұл күн шын мәнісінде сүйікті Көкшесін жыр дүбіріне бөлеп өткен Еркеш Ибраһим ақынның күні болды. Сол үшін де кез-келген елдің маңдайына тар келмес аяулы Еркешімізді бұдан әрі «ұмыттыққа» барғызбай, осындай тағылымды іс атқарған жоғарыдағы ағаларымызға көпшілік атынан тағы да бір алғысымызды айтсақ, артық болмас.
Қ.КӘКЕНОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар