Ұстаз ұлағаты көпке өнеге

Мәңгілік ел болудың басты шарты – ұлттық және жалпы адамзаттық қажеттілікті құндылық ретінде ұстанатын әр мемлекеттің өз даму жолы. Сондықтан, мектепте оқу-тәрбие үрдісінің ұлттық сипатта жүзеге асырылуына күш салу рухани жаңғыруымыздың бір кепілі болса керек.

Өйткені, ұлттық тәлім-тәрбие алған ұрпақ жаны сау, дені сау, білімді, ақылды, адамгершілікті, иманжүзді, сұлу да сымбатты, халқын, елін, туған жерін, оның табиғатын сүйетін ұлтжанды, ата-бабамыз армандаған «Сегіз қырлы, бір сырлы» азамат болып өседі. Осыдан – бүкіл қазақ халқына, әсіресе, жас ұрпаққа ұлттық тәлім-тәрбие беру – ел болашағының негізі.
Бүгінгі таңда мектептің оқу-тәрбие үрдісіне «Мәңгілік ел» идеясының құндылықтарын енгізу өте маңызды іс-шара болып табылады. Жас ұрпақтың мектеп қабырғасынан ұлттық идеямен сусындап, ең басты құндылығымыз тәуелсіздігімізді баян етіп, оны санасына сіңіре білу басты парыз деп санаймыз. Елін, жерін, ұлтын сүйетін ұрпақ болашақтың иесі. Сондықтан да, мектеп жас ұрпақты тәрбиелеудегі негізгі орын екенін ұмытпағанымыз жөн. Ұлтының тұтқасы болар алдымыздағы жас буын. Сол жас шыбықтың болашақта сынбай, берік, әрі діңгегі нық болудың инновациялық жолын іздеген Бурабай ауданындағы Щучинск қаласындағы №9 мектеп-гимназиясының директордың бейінді оқыту жөніндегі орынбасары Баян Ахатайқызы «Мәңгілік ел идеясы мектепте» атты танымдық жобасын әзірледі. Жобаның басты мақсаты Қазақтың ұлттық кодын сақтауда, оның рухани бітімі мен құндылықтарын жас ұрпақ бойына сіңіруде әдіс-тәсілдердің озық үлгілерін жасап, оқу-тәрбие үрдісінде іске асыру арқылы жан-жақты дамыған, ұлтжанды қасиеттері қалыптасқан азамат тәрбиелеу болып табылады.
«Мәңгілік ел идеясы мектепте» танымдық жобасы бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі құнды оқу-тәрбие құралы деп айта аламыз. Осы танымдық жобамен Баян Ахатайқызы Ақмола облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Таным мәдениеті: мұғалімнің зерттеу қызметінің негіздері» атты танымдық жобалар конкурсына қатысып, жүлделі ІІ орынға және 80 000 теңгелік сертификатқа ие болды. Ұстаз ретінде әріптесіміздің алар асуы әлі алда деп ойлаймыз. Өзінің Отанына деген сүйіспеншілігінің арқасында алдындағы жас шәкірттерін де ұлттық рухта тәрбиелеуде өзіндік қайталанбас орны бар әріптесіміздің еңбегі көпке үлгі. Мәңгілік елдің шаңырағы биік, бауыры бүтін болсын. Ұлт жанашырлары көбейе берсін!

Жанболат НҰРБОЛАТҰЛЫ,
Щучинск қаласындағы №9 мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар