Елінің еңселі азаматы

Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Алтын Арқа» ақпараттық-ағартушылық орталығының ұйымдастыруымен белгілі қоғам және партия қайраткері, қасиетті Көкшенің қастерлі тұлғаларының бірі Рүстем Шерияздановтың өнегелі өмір жолына арналған «Ғибратты ғұмыр» кітабының тұсаукесері болып өтті.

Тұсаукесер кешінің мақсаты – аталмыш кітапты оқырман қауымға таныстыру арқылы келер ұрпақты туған жері мен елін сүйе білуге үйрету және ұрпақтар сабақтастығын сақтай отырып, жас қаламгерлерге үлгі-өнеге ету. Кітаптың редакторы белгілі қаламгер Байқал Байәділов. Ал, құрастырушылары Нұрлан және Раушан, Гүлмира Шерияздановтар.
Тұсаукесер рәсіміне Ақмола облысының зиялы қауымы, Рүстем аға бейнесін қастер тұтатын көпшілік қауым, замандастары мен әріптестері және БАҚ өкілдері қатысты. Кешті ақын, «Көкшетау» газетінің бас редакторы Серік Жетпісқалиев әсерлі жүргізіп отырды. Алдымен Рүстем Шериязданұлы туралы бейнефильм көрсетіліп, ол кітапхананың ақпараттық-библиографиялық бөлімінің меңгерушісі Махаббат Ивахинаның алғы сөзімен жалғасты. Бұдан кейін «Ғибратты ғұмыр» кітабының тұсаукесу рәсімі жасалды. Ал, кітапхана қызметкері Аида Амангелдинова Рүстем ағаның бүкіл өмірі қамтылған «Елінің еңселі азаматы» атты электрондық басылыммен таныстырып, оны дәстүрлі түрде отбасына табыс етті.
Рүстем Шериязданұлының осы өнегелі өміріне қысқаша тоқталар болсақ, әкесі Шерияздан, анасы Нұрғиса Сәдуақасқызы. 1953 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Рузаев ауданы Шұңқыркөл ауылында Абай атындағы мектепті бітіріп, Рузаев аудандық комсомол комитетінде жұмыс істеген. 1959 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдағаннан кейін облыстық жоспарлау мекемесінде аға экономист болып еңбек жолы басталады. Әр жылдары басшылық қызметтер атқарған ол 1979-1980 жылдар аралығында екі рет «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі» ордендерімен мараптталған. Содан 1980 жылы Көкшетау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болады.
Рүстем Шериязданұлы кеңес, партия органдарындағы көп жылғы еселі еңбегі үшін 50 жасқа толғанда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Құрмет грамотасымен марапатталған.
Ал, 2002 жылы Көкшетау облыстық халықтық бақылау комитетінің төрағасы қызметінен зейнет демалысына шығады. Содан кейінгі кезеңде де еңбектен қол үзбей, он үш жыл Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарған.
2008 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен ел алдындағы көп жылғы адал қызметі үшін Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталады. 2015 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Осы екі аралықта «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атанады. Бүгінде «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, Рүстем Шериязданұлының балалары әке абыройын асқақтатып, әр салада еңбек етуде. Ол алты немере, төрт шөберенің атасы.
Рүстем Шериязданұлының жарқын бейнесі өзімен қызметтес, сыйластық қарым-қатынаста болған жолдастары мен туысқандарының есінде мәңгі сақтаулы екен. Оны осы шара айқын көрсетті. Кеште асыл азаматпен әр жылдары қоян-қолтық бірге қызмет атқарған, қамқорлығын сезінген Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, Көкшенің белді қыздарының бірі Қымбат Мұстафина, әріптес қарындасы Қабира Сүлейменова ағамыздың ұйымдастырушылық, азаматтық асыл қасиеттерінен сыр шертті. Соның ішінде ол кісінің сабырлылығы, асқан кішіпейілділігі ерекше орын алды.
«Ғибратты ғұмыр» кітабында да Рүстем Шериязданұлының кімге болсын ағалық қамқорлығы, кісілік келбеті, білімдарлығы, іскерлігі мен отбасындағы үлкен орны, бәрі-бәрі замандастарының, туған-туыстарының ыстық ілтипатымен бір арнаға тоғысып отырады. Артына өшпес із қалдырған, өмір бойы бірқалыпты жүрісінен жаңылмай, қоғамға, мемлекетке абыройлы қызмет еткен ағамыз туралы бұл кітап қарымды қаламгердің қолынан шыққаны айқын көрініп тұр. Әсіресе, «Көкшенің көркем бір ұлы» деген толғауда аға бейнесі:
Ғасыр өтсін көктеп бір көшін мейлі,
Ер тумай ел мерейін өсірмейді.
Таразыға тартатын тарлан тарих,
Тұлғасын ұмытқанды кешірмейді, – деп әріден жүрекке жеткізіле айтылады.
Кітапта әр жылдары үзеңгі қағыстырып бірге жүрген, ел болашағы үшін қауымдасып, қоғамдасып еңбек еткен ел азаматтарының жадындағы жатталған өткен кезеңдер қамтылады. Бар саналы ғұмырын халқына адал қызмет етуге арнаған айтулы тұлғаның биік бейнесі, дара тұлғасы келешек ұрпақ үшін өз алдына бір мектеп.
Кеште Рүстем Шериязданұлымен қызметтес болған жолдастары, оның шапағатына бөленген басқа да іні-қарындастары көптеген естеліктер айтса, әке, аға ғұмырын әрі жалғастырып келе жатқан қарындасы Айжан, балалары Нұрлан мен Гүлмира кешке жиналған көпшілікке, әсіресе, кітаптың редакторы Байқал Байәділов пен осы кітапқа өз естеліктерін жазған барша авторларға алғыстарын айтты. Қайтыс болғанына жыл толып қалған аяулы аға есімін ұлықтау мұнымен аяқталмайды. Енді бірер күнде өзі тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылмақшы. Бұл да болса, «өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, Рүстем ағадай ардақтыларымызды ел болып ұмытпаудың белгісі. Ылайым игі дәстүр жалғаса берсін!

Асылай Қадырқызы.
Суреттерді түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар