Өнегелі орманшы

Сапарғали Қасқаровтың есімі өңір орманшылары арасында құрметпен аталады. Ол тамылжыған табиғат қойнауындағы Шолақ өзек ауылында туып өсті. Табиғаттың әуеніне, орманның үніне құлақ түріп өскен Сапарғали балаң арманын жүзеге асыру мақсатында Көкшетаудағы Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетіне түсіп, орман және саябақ шаруашылығы мамандығында білім алды.

Жас маман 2006 жылы «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің Айыртау филиалына орманшы-шебер болып қабылданды. Үнемі ізденіс үстіндегі шебер жас өскіндердің жайқалып өсуіне, еңбек өнімділігін арттыруға елеулі ықпал жасағанын айтады әріптестері.
–Мен 2011 жылы Көкшетау қаласындағы «Бұқпа» орман шаруашылығына қызмет
ауыстырып, әуелі Шағалалы, ал бүгінгі күнге дейін Қыпшақ орманшылығында орманшы болып жұмыс істеудемін,–дейді Сапарғали Қасқаров. Қыпшақ орманшылығындағы екі учаске 6291 гектар жасыл белдеудің жайқалып өсуін қамтамасыз етеді. Біздегі 14 адам жыл сайын 30 гектар алқапқа Кіші Түкті, Маралды питомниктерінен алынған екі жылдық көшеттерді отырғызып, баптап-күтумен айналысады. Күз айларындағы есептеу-тіркеу ісі жұмысымыздың талап деңгейінде екендігін көрсетуде. Яғни, көшеттердің 95 пайызы аудандастырылып, бой түзеп тұрғанын айтқым келеді. Негізі, екпе көшеттердің 20 пайызы өнбей қалғанда, бұл жерлерге жасыл желек қайта отырғызылады. Біз бұған жол бермеудеміз. Біз үшін орманды қорғау жазда да, қыста да жауапкершілік жүгі еш төмендемейтін жұмыс. Қазіргі қыс айларында орман-тоғайларға, ондағы жан-жануарлар әлеміне бас-көз болып, жазда атқарар істердің негізін қалаудамыз. Табиғат – ел байлығы. Оған күтім, жанашырлық керек. Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында да осы тұрғыда келелі сөз болғаны белгілі.
Сапарғали Қасқаров бізбен әңгімесінде «Орман шаруашылығындағы мінсіз қызметі үшін» медалінің иегері, орман шебері Серік Ерденовтің, орман күзетшілері Омархан Матаевтың, Болат Ақтаевтың, Александр Горегляд, Марлен Теміртасовтың өнегелі істерін атап өтті. Осы бір істің жайын, өмір қағидасын білгендік біздің кейіпкерімізді әлі талай ізгі мұраттарға бастайды деп білеміз.

Бақберген Амалбеков,
өз тілшіміз.
Зеренді ауданы.
Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар