Өлеңмен жазылған аманат

Менің бүгін Ұлы Жеңіс мерекесі алдында қолыма қалам алуыма себепкер болып отырған қайын атам Дәулетқали Тасымбекұлы сонау жиырмасыншы жылдардың басында Зеренді ауданының бұрынғы Қарабұлақ, қазіргі Қанай би ауылында дүниеге келген. Әкесі Тасымбек марқұм ауылында есімі құрметпен аталатын сыйлы жандардың бірі болған. Аралас-құралас, бірге жүрген адамдар шын атын атамай, дінге жақындығы мен әдет-ғұрыптың бәрін білетіндігінен Молда аға деп атайды екен.

Осы кісінің ұлы Дәулетқали болса соғыс басталғанда майданға аттанып, одан аман-есен келген ауыл азаматтарының бірі. Қазір оның ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен сол бір сұрапыл күндердегі жаумен қалай шайқасқандығы туралы деректер қолымда жоқ. Оны білетін көнекөздердің бәрі сиреген. Бірақ, елдің айтуынша, намысты қолдан бермеген. Соғысқа бір адамдай қатысып, жеңіспен елге оралғаннан кейін ауылда Жанапия деген кісінің Бижамал атты қызына үйленеді. Сөйтіп, 1948 жылы тамыздың 6 жұлдызында дүниеге іңгәләп қыз бала келеді. Бұл менің болашақ зайыбым Рауза еді. Екі жас ата-анасына «баланың атын сіздер қойыңыздар» деп әдеп-ғұрыптан аспағанында, зарығып күткен ұлының қан майданнан аман-сау оралғанына шүкіршілік еткен әкесі «сен бұл нәрестенің атын өзің қой» деп баласына рұқсатын береді. Сөйтіп, Дәулетқали бұл сөзден бас тарта алмай, қуанышпен дүниеге келіп жатқан қызының атын Рауза деп қояды.
Соғыстан кейінгі ауыр тұрмыс, жадау тірлік. Осылай күндер өтіп жатады. Бір күні ауданнан өкіл келіп, колхоздың қайнаған жұмысының бел ортасында жүрген Дәулетқалиды кеңсеге шақыртып алады. Сондағысы «халықтың жағдайын көріп, біліп отырсың. Елге бір тиянақты басшы керек. Соған сені ұйғарып отырмыз. Майдан көрген, талай өткелектен өткен азаматсың. Ауылыңды өзің қолыңа ал» деген бір ауыз сөз екен. Дәулетқали өкілдің бұл сөзіне қарсы келе алмай, көнеді. Сөйтіп, бір жылдан аса осы елге басшы болып, шаруасын өрге сүйрейді. Одан әрі де басқарма болып жүре берер ме еді, кім білсін. Бірақ, қырын тағдыр қыспағына алады. Яғни, 1949 жылдың желтоқсанының аяғына таман кенеттен қатты сырқаттанып, облыстық ауруханаға түседі.
Ауруханада жатқан кезінде әкесі Тасымбек марқұм үш рет келіп қал-жағдайын біледі. Соңғы келгенінде Дәулетқали «Әке, енді алаңдамай үйге қайта бер. Көріп отырсың, қазір жағдайым жаман емес. Алла жазса, осы бір-екі күнде үйге шығарады» дейді. Сөйтіп, әкесі ұлының мына сөзін дәтке қуат етіп, қуанып ауылға оралады. Бірақ, сол күні кешке қарай медбике бір уколды салғаннан кейін, жағдайы күрт өзгеріп, қиындаған Дәулетқали түні бойы ауырып, дөңбекшумен көзін ілмей шығады. Таң атысымен қиналса да, қолына қағаз-қаламын алып, мына өлеңді шығарған екен.
Сөз бастайын алып қалам, қағазды,
Адам көрер жақсыны да жаманды.
Әуелдегі жазу осылай болды ма,
Мына ауру жаныма батып барады.

Елді-жұртты осы кезде сағындым,
Шыбын жан деп бір Аллаға жалындым.
Сағынғанда дидарыңды көре алмай,
Дәулетханым, Дина, Балғыз, не қылдым?!

Сонша тостым, Дина бауырым, келмедің,
Енді мені бұл жалғанда көрмедің.
Әдейі келіп больницаға Кәрібай,
Дәулетқали, қалың қалай демедің.

Саған айтам жалғыз бауырым Дәулетхан,
Айдың көзін бұлт басып адасқан.
Өзіңе өзің мықты болып, қайраттан,
Өкпелемеймін, ақылым ғой бұл айтқан.

Дұғада кем тастамассың, әкежан,
Ақ сүтіңді кешесің бе, шешежан.
Құдай десіп, жалбарынып отыратын,
Қандай қызық көрдіңіздер баладан.
Мені іздеп үш келдің ғой Молда аға,
Тіліңізді алмадым-ай, не шара.
Осыншама үйде емдел, жүр дедің,
Амал бар ма, елдің дәмі тартпаса.

Жалғыздық түсті 26 декабрьде басыма,
Қысылғанда ешкім болмай қасымда.
Дос күйініп, дұшпан сүйінер іс бола ма-ау,
Кез келтірдің 37 мүшел жасымда.

Қырық күн мен больницада жатыппын,
Аурудың азабына батыппын.
Бұл дүниемен ақырғы рет қоштасып,
Аурухананың қара суын татыппын.

Менен туған қыз да болсаң тұяқсың,
Соғыстан келіп, маған берген қуатсың.
Папам неге кешікті деп Раузам-ау,
Екі көзің жылауменен боларсың.

Гүлденуші еді туған жердің даласы,
Тарқамады-ау көңілімнің жарасы.
Ескерткіш деп он шақты ауыз зар жазған,
Дәулетқали Тасымбектің баласы.
Қайын атам осы өлеңді жазып болғаннан кейін жанындағы бірге жатқан кісіге «егер мен олай-бұлай болып кетсем, туыстарыма табыс етерсің. Бұл саған қалдырған аманатым» дейді. Ақыры, сол сырқатынан айықпай, ауруханада дүниеден өтеді. Ал, қасындағы серігі кейін аманатын екі етпей, Қарабұлақ ауылына Дәулетқалидің үйіне келіп, әкесіне болған жағдайдың бәрін айтып береді. Қалтасынан алып әлгі өлеңді тапсырады.
Осы арада өлеңдегі кісі аттарынан бір азырақ түсініктеме. Дина – Дәулетқалидің апасы, Дәулетхан – інісі, Балғыз – қарындасы. Ал, Кәрібай болса күйеу баласы. Содан бұл өлең ел ішінде «Дәулетқалидің өлеңі» деп аталып кетеді. Осы күнге аман жетіп, менің газетке ұсынып отырғанымда да Алла тағаланың бір шарапаты бар деп білемін. Қанды соғыстан аман-есен келіп, елде небары 37 мүшел жасында бір укол ма, әлде басқа себеп пе, жасар жасын, көрер қызығын көрмей, арманда кете барған қайын атамның осы бір тағдыры бұған дейін де талай ойға батыратын. Оның үстіне сол кезде жаңа туған жалғыз қызы Рауза да екеуіміз 37 жыл отасып барып, 2006 жылы өмірден ерте кетті. Дүниеге екі ұл, бір қыз келіп, шамамыз келгенше дұрыс тәлім-тәрбие бердік. Қазір өзім осы балаларым мен немерелерімнің ортасында өмір сүріп жатырмын.
Биылғы Ұлы Жеңіс мерекесінде енді сондағы Дәулетқали қайын атамның екі дүниенің арасында жатып жазған үшбу өлеңін мен де өзіме аманат деп қабылдап, газет оқырмандарына жеткізуді жөн көрдім. Ол кісі де соғыстың небір құқайын көрген Жеңіс солдаты ғой. Атаусыз қалмай, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
Хамза САЙДАЛЫҰЛЫ,
күйеу баласы.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар