Ауыл балаларының қуанышы

Әрбір бала бақытты болуға лайық. Зеренді ауданына қарасты Березняковка ауылындағы орта мектептің бастауыш сынып оқушылары 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнін есте қаларлықтай қызықты өткізді. Сәбилерге күлкі сыйлауды ойлаған «Елікті тау шаңғысы» базасының басшылығы облысымыздағы танымал демалыс орнына саяхат ұйымдастырды.

Жазғы демалыс – балғындар тағатсыздана күтетін шақ. Тоғыз ай бойы кітаптан көз алмай, білім нәрімен сусындаған жеткіншектер бір серпіліп қалады. Өкінішке орай, балалардың барлығы дерлік лагерьлерге бара бермейді. Сондықтан, «Елікті тау шаңғысы» базасының директоры Анар Бектемірованың 1-4 сынып оқушыларын демалыс орнына шақыруын қуана қабыл алдық. Таңертеңнен басталып, түс ауғанға дейін жалғасқан тау етегінде таза ауадағы демалыс балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады. Алдымен, қараған адамның көзі тоятын көркем табиғат аясындағы тау шаңғы базасы таныстырылды. Демалыс пен саламатты өмір салтын қатар алып жүретіндер үшін бұл таптырмас орын. Қыс бойы шаңғышылардан бір босамайтын демалыс айлағында жазда да отбасымен келіп, демалуға болады екен.
Березняковка орта мектебінің мұғалімдері мен шаңғы базасының қызметкерлері мерекені көңілді өткізу үшін әртүрлі ойындар ұйымдастырды. Солардың арасынан асфальтқа сурет салу сайысы ерекше көңілді өтті. Қолдарына түрлі-түсті борларды алған бүлдіршіндердің қиялына қанат бітіп, ертегі кейіпкерлерінен бастап, табиғаттың керемет көріністеріне дейін бейнелеуге тырысты. Демалыс орнында балаларға түскі ас беріліп, үйлеріне қайтарда қолдарына дәмі тіл үйірер балмұздақ ұстатып, ойыншықтар сыйлады. Балалардың көңілін көтеру үшін бұдан артық не керек? Баста-
уыш сынып мұғалімі Фариза Нұрғазина ұстаздар мен балалардың ата-аналардың атынан «Елікті тау шаңғысы» базасының басшылығына алғысын білдірді. Олар біздің мектепке үнемі қамқорлық көрсетіп жүреді. Қыста 5-11 сынып оқушылары шаңғымен сырғанауға барса, жазда бастауыш сыныптағыларға осындай мерекелік тарту жасап отыр.
«Жақсылық жасасаң толық жаса»,– дегендей, база қызметкерлері түс ауа балаларды өз көліктерімен ауылға дейін жеткізіп тастады. Табиғат аясында дем-
алып, көңілдері көтерілген балалардың алдағы оқу жылы сабақ үлгерімдері де жақсы болады деген үміттеміз.
Лесгүл Кендебай,
Березняковка орта мектебінің мұғалімі.
Зеренді ауданы.

Суретте: Березняковка орта мектебінің оқушылары «Елікті тау шаңғысы» базасында.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар