Талапкерлер шығармашылық емтихан тапсырды

Таяуда Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде бекітілген кестеге сәйкес талапкерлерге арналған «Мәдени-демалыс жұмысы», «Дизайн», «Дене шынықтыру және спорт», «Бастапқы әскери дайындық», «Кәсіптік оқыту» мамандықтары бойынша шығармашылық емтихан болып өтті.

Биылғы жылы алғаш рет аппеляциялық комиссия құрамында қоғамдық ұйымдардың өкілдері тәуелсіз сарапшылар ретінде қатысты. Айта кетуіміз керек, ағымдағы жылы Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетіндегі барлық 24 мамандыққа мемлекеттік гранттар бөлінген.
Бұл мамандықтарды меңгеру үшін табандылық пен қырағылық аздық етеді, ең басты талап – дарынды болу керек, кем дегенде, кескіндеме, спорт, музыка немесе сөз меңгеруде жақсы қабілеттер қажет. Мысалы, болашақ дизайнерлер өз жұмыстарында барынша шығармашылықтарын көрсетуге тырысты.
Қылқалам емес, қоғамда болып жатқан оқиғаларды сахнада көркем тілмен сипаттай отырып, сөзбен сурет салу – бұл басқа мамандықтың басымдығы. «Мәдени-демалыс жұмысы» мамандығына түсуге талпыныс білдірген талапкерлер арасында актерлік мамандықты меңгергендер, әншілер, бишілер де бар. Шығармашылық емтихан барысында талапкерлер аккапелло және әртүрлі аспаптардың сүйемелдеуімен ән айтып, сондай-ақ, мың бұрала би билеп, мәнерлеп өлең оқыды. Аталмыш мамандық бойынша емтихан тапсырған талапкерлердің өнерлерін сарапқа салған комиссия құрамында Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының жетекші режиссері Болат Әбдірахманов, Ақмола облыстық орыс драма театрының жетекші актрисасы Елена Лукьянова, дизайн және мәдени-бос уақыт жұмысы кафедрасының аға оқытушысы Тамара Малько бар. Жас талапкерлер осындай өз ісінің кәсіби шеберлері алдарында өз өнерлерін ортаға салып, комиссия мүшелерінің ақыл-кеңестерін сіңіріп, мол өнеге алды. Комиссия мүшелері талапкерлердің сахналық шеберлік деңгейін, музыкалық есту, сахнада өзін-өзі ұстау қабілеттерін, сондай-ақ, режиссуралық шешімдерін бағалап, сарапқа салды.
Сонымен қатар, университетке түсуге талпыныс білдірген талапкерлердің біразы бастапқы әскери дайындық, дене шынықтыру және спорт мамандықтарына түсу үшін де шығармашылық емтихан тапсырды. Алғашқы емтихан күні талапкерлер гимнастикадан жаттығулар орындап, спорттың баскетбол және волейбол түрлерінен өткізілген сайыстарға белсене қатысып, өз қабілеттерін көрсете білді. Комиссия төрағасы педагогика ғылымдарының кандидаты, туризм, алғашқы әскери дайындық, дене шынықтыру және спорт кафедрасының аға оқытушысы Шахарбек Төлегенұлының айтуынша, колледжден кейінгі және сырттай бөлімге тапсырған талапкерлер үшін бір ғана шығармашылық емтихан тағайындалды. Ол емтиханның ең жоғары баллы – 20. Бұл талапкерлердің ішінде күрес, баскетбол, волейбол, пауэрлифтинг және тағы басқа спорт түрлерінен халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары да бар.
Жалпы жоғарыда аталған мамандықтар бойынша өткен шығармашылық емтихандар жоғары деңгейде ұйымдастырылды деуге әбден негіз бар. Бір атап өтерлігі, облыс орталығындағы Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетіне түсемін деген талапкерлер қатары жыл сайын артып келеді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар