Қолөнер – сырлы өнер

Қолөнер – қазақтың ұлттық құндылықтарының бірі. Бүгінде Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында айтылғандай, қолөнердің көкжиегін кеңейту арқылы тарихымызды түгендеп, балаларымызды мектеп жасынан еңбекке баулудың бір әдісіне айналдыруымыз керек. Бұл бағытта мақсатты жұмыс атқарып жүрген ісмер жандардың бірі – Қалмақкөл ауылының тұрғыны Айнагүл Мырзахметқызы Можыбаева.

Еліміз тәуелсіздік алғалы, халқымыздың қолөнері елеулі жетістіктерге жетіп отырғаны белгілі. Себебі, біз қазір ұмыт бола бастаған қолөнерді қайта жаңғырта бастадық. Қолөнер – халқымыздың қасиетімен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, тамырын тереңге жайып келе жатқан асыл мұрасы. Сол асыл мұраны он үш жасынан анасы Жібектен үйреніп, күні бүгінге дейін жалғастырып келе жатқанына Айнагүл Мырзахметқызы ризашылық білдіреді. Ол жастайынан анасына көмектесе жүріп, көрпе көктеп, іс тігіп, ою-өрнектің түр-түрін жасауға машықтанды.
«Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық» деген халық даналығы бар. Әрине, қазіргі таңда баланы еңбекке баулудың бірден-бір жолы да осы ұлттық қолөнер. Ол адамның дүниетанымына, сеніміне, адамгершілік-моральдық қасиеттердің қалыптасуына, эстетикалық сезіміне, алға қойған мақсатының айқындалуына әсер етері сөзсіз. Ата-бабаларымыз «Жігітке жеті өнер де аз» немесе «Аталық айтар ісің болсын» – деп, өнерді құдіретті күш, адамның жан серігі, ертеңгі жейтін тамағы, ішетін сусыны, рухани байлығы ретінде бағалаған.
Міне, сондықтан да ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ұлттық қолөнерді қадірлеу, дамыту, оны келешек ұрпаққа табыстау басты парызым, – деп сезінген біздің бүгінгі кейіпкеріміз Айнагүл Мырзахметқызы «Алтын бесік – ауылынан» жырақтамай, кезіндегі жетпіс үйден он бес үй қалса да, кішкентай ғана ауылда-ақ, дүниесін дөңгелетіп отыр.
– Анам өте шебер адам болды. Іс тігуді ғана емес, тоқыма тоқып, тамақ дайындауды, өзінің сабырлы қалпымен қонақ күтуді де байыппен үйретті. Орта мектепті бітіргеннен кейін Чис-
тополье ауданындағы тұрмыстық комбинатқа жұмысқа орналастым. Үш ай сынақ мерзімінде жақсы қырымнан танылған маған үшінші дәрежелі шебер-тігінші атағын берді. Хал-қадірімше еңбек еттім. Содан Алтай есімді азаматпен тұрмыс құрып, Ерден атты ұлымыз бен Меруерттей қызымыз дүниеге келді. Бүгінде ұлымыз ержетіп, қызымыз бойжетіп, үш немере сүйіп отырған жайымыз бар. Жолдасым жолаушылар тасымалымен айналысады, өзім қолөнерден қол үзбедім, – дейді Айнагүл.
Бүгінде үкілеп өсірген қыздары Меруертті де ісмерлік кәсіпке баулып, тұрмысқа беріп, жапырақтары жайқалып, барды қанағат тұтып, ауыл тұрғындарының қажетін қамтамасыз етіп отырғаны әуес тұтар өнеге. Өйткені, ол тұрмысқа шықтым екен деп, үйде отырып қалмай, анасынан дарыған асыл қасиетін жетілдіріп келеді. Көбінесе, пэчворк, оюлармен құрақ көрпе, тойбастар, қоржын қалта тігіп, фетрмен жұмыс істегенді ұнатады. Тігін тігудің де көптеген техникалары бар. Сондай техникаларды жетік меңгерген Айнагүл Мырзахметқызы 40 жылдан астам уақыт үздіксіз пайдаланып келе жатқан іс тігетін машинасымен қабылданған тапсырыстарды дер кезінде дайындап отырады. Іс тігу барысында түрлі сызғыштар мен роликті пышақ, кілемшелерге арналған пэчворкты пайдаланып, әдемі дүниелер жасап, шағын ғана ауылдың мұқтажын өтеуге ықпал етіп отыр.
– Көбіне тапсырысқа көрпе-жастық жасау мен қоса, биялай тоқып, көйлек, шалбар қысқарту жұмыстарының өзінен күнкөрісімді айырып, мал, құс өсірумен айналысамын, – дейді Айнагүл Можыбаева.
Анасының тәрбиесімен ұлттық қолөнерді сүйікті ісіне айналдырған оның ірі байқауларға қатысып алған марапаты болмаса да, кішкентай ғана ауылының ризашылығына бөленіп отырғанын зор құрмет санайтыны бізбен болған аз-кем әңгімесінен-ақ аңғарылып тұрды. Сондай-ақ, оның бау-бақшаны күтіп-баптап, үйінің іші мен сыртындағы сұлулықтың нышанына айналған әсем гүлдердің түр-түрін отырғызуды ұнататыны тағы бар.
Мақаланы жазудағы біздің мақсатымыз өскелең ұрпақты қазақ халқының қолөнер үлгілерімен таныстыра отырып, халық өнерін қастерлеуге, Айнагүл Мырзахметқызындай ісмерлерді үлгі тұтуға үйрету. Оқушыларды әсемдікті тани білуге, ой-өрісін дамыту, адамгершілікке тәрбиелеу, қолөнер арқылы еңбекке баулу бүгінгі күннің басты тақырыбы болып отыр.
Өмірде екі байлық бар болса, бірі – білім, екіншісі – өнер екен. Өнер туралы сөз ететін болсақ, алдымен халқымыздың дәстүрлі қолөнері ойға оралады. Әрине, бұл айтпаса да түсінікті. Сондықтан да, халқымыздың қолөнері ұлттық шығармаларымыздың ең жоғары кәусар қайнары екені даусыз. Олай болса, қазақтың қолөнері, ғасыр үнін зерделеген зергерлік өнері өзінің төлтума бітім қасиетімен, көркемдік мән-мағынасымен шын мәніндегі халқымыздың ғасырлар тағылымынан өткен асыл қазынасы болып қала бермек. Осы асыл қазынаны жоғалтпай, әрі қарай дамыту біздің болашақ жастарымыздың қолында. «Бүгінгі кәсібің – ертеңгі нәсібің», – деп бекер айтылмаса керек. Ендеше, ел арасында сиреп бара жатқан осы қолөнер шеберлерінің туындыларын, көне мұраларын тауып, ұрпақтар сабақтастығындай етіп оны жаңғырту және ұлттық қолөнер арқылы эстетикалық тәрбие берудің бірден-бір көзіне айналдыру баршаның парызы болмақ.
Сырлы өнерге айналған қолөнердің қадір-қасиетін Айнагүл Мырзахметқызы сияқты ісмерлеріміздің арқасында дәріптеп, өнеге алғанымыз жөн.
Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар