Қаражар ауылының мектеп мұражайы

Целиноград ауданына қарасты Қаражар ауылдық мектебінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлы даланың жәдігерлері» атты өлкетану мұражайы ашылды.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деп, ұстаздар қауымына да зор жауапкершілік жүктеген еді.
Білім мен тәрбие ошағы – мектеп болса, мектепте тәрбие беретін ұстаздар мен оқушы көңілінің ажары болатын мәдени орын – мектеп мұражайы десем, қателеспеген болар едім. Біздің ұлттық мақтанышымыз – салт-дәстүріміз бен тарихымыз. Отан үшін жанын құрбан еткен жандарды ұрпақ білуі және мәңгі есте сақтауы тиіс. Мұражайымызда 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлеріміздің жәдігерлерін жинақтап, өскелең ұрпаққа өнеге етуді мақсат тұттық. Оның ашылу салтанатына ауылдық округ әкімшілігі мен аудандық білім бөлімінің өкілдері және соғыс ардагерлерінің ұрпақтары арнайы шақырылды.
Мектеп мұражайы «Тарихқа тұнған туған өлкем», «Отан үшін от кешкендер», «Алтын ұя мектебім», «Рухани жаңғыру», «Этнографиялық бұрыш» атты бес бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде туған өлке тарихы және ауыл, аудан тарихынан сыр шертетін қызықты материалдар орналастырылса, екінші бөлімде сұрапыл соғыста Отан үшін от кешкен ардагерлер жайлы мағлұматтар, Қаражар ауылынан шыққан ардагерлердің тізімі, естелік суреттері, медаль, ордендері қойылған.
Ал, «Алтын ұя мектебім» бөлімінде ауылымыздағы тұңғыш ашылған мектеп, ұстаздар, шәкірттер жайлы мағлұматтар және естелік суреттер лайықты орын алды. «Этнографиялық бұрыш» бөлімінде киіз үйдің макеті, түрлі қолөнер бұйымдары қойылған. Мұражайдың ашылу рәсімінде сөз сөйлеген ауыл ақсақалдары, аудандық білім бөлімінің өкілі Г.Нұрмұханова ауыл тарихынан, қазақтың өмір сүру салтынан сыр шерткен бұл мұражайдың ұрпаққа берер өнегесі мол екені жайлы айтты. Мектеп директоры Б.Тұяқов төл тарихын, салт-дәстүрін құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу мақсатында мұражайда тарих, қазақ әдебиеті, өлкетану, технология пәндерін ұштастыра отырып, оқушыларға мұражай сағаттарын өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Азамат ҚҰМАРБЕКҰЛЫ.
Қаражар ауылы,
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар