Жарқыра, жайна, Шортанды!

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Шортанды ауданы өзінің 80 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті. Осы айтулы күнге орай ұйымдастырылған іс-шаралар екі күнге созылып, алыс-жақында жүрген барша шортандылықтардың басын қосты.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1939 жылы 16 қазанда Ақмола облысында Сталин ауданын ірілендіру есебінен Шортанды ауданы құрылған болатын. Аудан құрамына 15 кенттік, селолық және ауылдық кеңес біріктірілді. 1953 жылдың желтоқсанына дейін аудан орталығы Новокубанка селосы болды. Арқа төсінде ашылған ауданымыз тарихтың талай өткелектерінен өтіп, сан ұлттар мен ұлыстардың Отанына айналды. Егемендік алғаннан кейін дамудың даңғыл жолына түскен ауданның басты байлығы – оның халқы. Бүгінде бірлік пен берекенің арқасында табысты еңбек етіп, жарқын болашаққа сеніммен қарайды. Олардың жемісті еңбегімен аудан экономикасы қарқынды дамып, келбеті көркейіп келеді. Жыл сайын ауданда жаңа ғимараттар мен тұрғын үйлер бой көтеріп, спорт алаңдары мен сауда орындары іске қосылуда.
Ауданның мерейлі мерейтойы 20 шілде күні «Қайнар» балалар мен жастар клубында жасөспірімдер мен қыздар арасындағы жүзуден өткен жарыспен басталды. Аталмыш клуб ашылғалы бері бұл бірінші рет ұйымдастырылып отырған сайыс емес. Бұған дейін де бірнеше сайыстар өткен болатын. Десе де, бұл жолғы жарыстың мәні де мағынасы да ерекше.
Одан кейін мерейтой алдында ғана облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен ашылған спорт алаңында аудан командалары арасында футбол сайысы өтті.
Сол күні Шортандыдағы №3 қазақ орта мектебінде Қырғызстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қаласы, Ерейментау ауданы мен Шортанды ауданы волейболшылары арасындағы волейбол турнирі өтті.
Шортанды ойын-сауық орталығы алдында тарихы терең Шортанды ауданының өткен күнінен сыр шертетін «Жайна, жарқыра – Шортанды» атты аудан тарихы жайлы кітаптың тұсауы кесілді. Аталмыш кітапта әр жылдардағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен аудан топырағында ерен еңбектерінің маңдай терлері қалған тұлғалар жайлы деректік-тарихи материалдар жарияланған.
Мерекеге жиналған аудан тұрғындары мен қонақтары үшін «Рухани жаңғыру» аллеясында жергілікті және шетелдік қолөнершілердің туындылары мен суретшілер көрмесі де ұйымдастырылып, таныстырылды. Орталық алаңдағы мерейтойдың салтанатты ашылуында аудан әкімі Гүлнұр Сәуақасова «Шортанды ауданының 80 жылдығы» медалімен ауданның дамуына лайықты үлесін қосқан мемлекеттік басқару, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласының қызметкерлерін марапаттады.
Ауданның мерейтойына арналған бұл күнгі іс-шаралар мәдени бағдарламаға жалғасып, мерекелік концерт, кешкі дискотека және отшашумен аяқталды.
Гүлзияш Қабдешева,
Мадет Өмірбек.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар