Математикаға бейім қазақ жастары көп

1991 жылы математиктердің дүниежүзілік конгресінде есімдері аталған әлемнің айтулы мың математигінің 30-ға жуығы қазақ болғандығын жұрттың бәрі біле бермейді. Солардың арасында физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтарбай Өтелбаев та бар еді. Ол дүниежүзілік конгресс бекіткен мыңжылдықтың жеті есебінің бірі – Навье-Стокс теңдеуін шешіп, өзінің кәсіби дәрежесінің биіктігін әлем ғалымдары алдында мойындатты. Біз ғалыммен әңгімелесіп, ерекше ойларын елге жеткізуді жөн көрдік.

Дарынды адамдардың қай-қайсысы да жақсы мағынасында ұлтшыл болып келеді. Мысалы, адам ұлтын, ата-бабасын, тегін танымаса, елін сүймесе, ол дарынды адам бола алмас еді. Сол секілді, керісінше, ол дарынды болмаса, Құдай оған елін сүйетіндей үлкен жүрек бермес еді.
Кез-келген адамға бірдеңеге ұмтылғанда оған өз халқын жақсы көруі, еліне деген махаббаты үздіксіз импульс беріп отырады. Халқына деген махаббат адамды жақсылыққа тартып тұрады. Ал өз халқының тағдырына немқұрайлы қарайтын адам күш-жігерді қайдан алады? Адасып кетеді. Ондай адам өзі де соншалықты бақыт таппайды. Алла тағала адамға қанша ми берсе де, ол өзін ғана ойласа, елін сүйіп еңбекке ұмтылған адамның бақытындай бақытқа жеткізе алмайды.
***
Менің байқайтыным, бізде орыс мектептерінде көбінесе орыс тарихын оқытады. Сол бағдарламамен оқығандардың ұғымына қалай да жат пиғыл астарлай егіледі. Содан болса керек, орысша оқығандардың басым көпшілігі халықтың тағдырына, тарихы мен болашағына атүсті қарайды. Ал қазақ мектебін бітіргендер ұлтжанды болып келеді.
Жалпы баласымен өз ана тілінде сөйлеспейтін ата-аналарға қарап қарным ашады.
***
Өзім бала күнімнен, ертегі, батырлар жырын, термелер тыңдап өстім. Солардың арқасында қазақтың көшпелі өмірін көрмесем де, көргендей, сезінгендей болдым.
Маған бір ұсыныс айт десе, еліміздегі барлық мектептерде патриоттық тәрбиеге көбірек көңіл бөліп, тіпті үзіліс кезінде термелер тыңдату қажет дер едім. Көзім жеткені, қазақша термелер тыңдарман санасына үлкен әсер етеді.
***
Математик Асқар Жұмаділдаев «ғылымға бір миллионердің баласы келгенін көргем жоқ» депті.
Миллионерлердің балалары көп нәрсеге қолы жетеді, әр нәрседен ләззат алуға мүмкіндігі бар, сондықтан, олар ғылымға, ұзақ ізденісті қажет ететін еңбекке әуестенбейді. Бірақ, профессордың балалары кеңес кезінде ғылымға келетін. Үлкен шенеуніктердің балалары да мүмкіндігі болса ғылымға бет бұратын. Партия қызметкерлері балаларын «ғылымға бар, партиялық қызметтен гөрі ғылым жолы қызықты әрі пайдалы» деп үйрететін. Ал, қазір елдің арасында жүргенде байқаймын, көбі «аса дарынды болмағаннан кейін ғылымға барып қайтесің» деп, баласына сенбей, бетін қағып отырады.
«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деп, балаларын заманға лайық пысықай, билігі бар, ықпалды адамдардың тілін табуға бейім адам болып қалыптасуға үндейтіндер де бар. Олар «ана адамдар сияқты көптің тілін тап, бермегенді жұлып же» деп үйретеді.
Көп жағдайда жастар қандай мамандардың тұрмысы жақсы, соған ұмтылады.
***
Жақсы өмір сүру дегеннің өзін әркім әрқалай түсінеді. Мен, мысалы, ақшам өте көп болмаса да, өзімше жақсы өмір сүріп жүрмін деп ойлаймын. Өмірімді қайтадан баста десе де, дәл осы жолға түсер едім. Бала кезімде менің инженерлік қабілетім күшті еді. Бір жаңа нәрселер ойлап тауып жүретінмін. Бірақ, мамандық таңдағанда Қазақстан жағдайында инженер болсам, ойымдағы нәрсенің бәрін іске асыра алмайтынымды түсіндім. Өйткені, мен мәшине ойлап тапсам, оны жасап, құрастырып шығу үшін көп жүгіру керек, шығындану керек. Ал, математик болсам, өзім отырып есеп шығара беремін және тез жариялай аламын деп ойладым.
***
Есепке өте жүйрік болмаса да, адамның логикасы мықты болуы керек. Логикасы мықты адам өмірде қор болмайды, бостан босқа алданбайды. Ал қанша есепке жүйрік болса да, кейбір профессорлар, ғалымдар біреулерге алданып қалып жатады. Жалпы, адамның есепке жүйріктігі – оның ақылдылығының белгісі. Адам ешқашан есепке жүйріктіктен зиян шекпейді. Мысалы, мектепте математиканы жақсы оқыған балалар басқа пәндерден де сүрінбейтіні анық. Ондайлар кез-келген сабақты жақсы алып кетеді.
***
Мен бұрын мектепте мұғалім болғанмын, сондықтан, қазір де мектепке жиі барып тұрамын. Сонда байқайтыным, қазақ сыныптарында 20 бала отырса, соның кем дегенде төрт-бесеуі математикаға бейім, болашақта менен аспаса кем түспейтін математик болуға қабілеті бар. Дарынды балалар өте көп. Бірақ, 9-10 сыныпқа келгенде жаңағы балалар математикаға суып қалатынын байқаймын. Себебі, мұғалімдер сабаққа қызықтыра алмайды. Оларға «сен мынадай мықты маман боласың, сен халқыңа керексің», «сен осындай болуың керек» деп арқасынан қағып, мақтап, ынталандырып, жігерлендіріп отыру керек. Оларға басқаша тамақ беріп, басқаша бағудың қажеті жоқ. Тек оларды танып, қанаттандырып, елге керек азамат қылып өсіруді ойласақ, жетіп жатыр.

Жазып алған
Нәзира БАЙЫРБЕК.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар