Ұстаз болу – жүректің батырлығы

– Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде апайым болашақта кім болғымыз келетіні жайлы тақырыпта шығарма жаздырған болатын. Сонда қолыма қаламымды алып, ақ қағазға «Мен де сіз секілді мұғалім болғым келеді» деп жазғаным есімде. Мінезі ақжарқын, пейілі кең, сөздері өнегеге толы ұстазым Алтын Жуасбекова менің осы мамандықты таңдауыма себепкер болды, – деп әңгімесін бастаған бала жанының бағбаны Фатима Амангелдіқызының алғашқы ұстазы жайлы жылы пікірі бізге де алтын ұя мектебімізді еске оралтып, көңіліміз жібіп сала берді.

Иә, қай салада еңбек етсек те, бәріміз де ұстаздарымызға қарыздармыз. Бұл ұлағатты жандардың мәртебесі, қоғамымыздағы рөлі қашанда зор болуы тиіс.
Осы ретте, біз Целиноград ауданына қарасты №3 Талапкер орта мектебінің бас-тауыш сынып мұғалімі Фатима Егентаева жайында қалам тербегіміз келіп отыр. Ол осы білім ошағында 2013 жылдан бері еңбек етіп келеді. Одан бұрын Тараз, Нұр-Сұлтан қалаларындағы жалпы орта білім беретін мектептерде сабақ берген.
Айта кетейік, кейіпкеріміз еңбек ететін Талапкер ауылындағы бұл жаңа мектеп 2013 жылы пайдалануға берілді. Білім ошағы 900 орынға лайықталса да, ауылға жан-жақтан көшіп келіп жатқан халық көп болғандықтан, бүгінде онда 1500-ден астам бала екі ауысымда оқиды.
Ұжымның басым көпшілігін көп жылғы еңбек өтілі бар ұстаздар қауымы құрайды. Ал, жас мұғалімдерге Фатима Амангелдіқызы секілді тәжірибелі мамандар ақыл-кеңестерін айтып, білгендерімен бөлісіп отырады.
Былтыр Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мұғалім мәртебесін арттыру мақсатында білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға көбейтуді тапсырғаны белгілі. Осыған орай, №3 Талапкер орта мектебінің ұстаздары да қайта даярлықтан, сондай-ақ «Педагог-зерттеуші», «Педагог-сарапшы», «Педагог-модератор» және «Педагог-шебер» біліктілік санаттарынан өтті. Біздің кейіпкеріміз де былтыр «Педагог-зерттеуші» біліктілік санатын ойдағыдай қорғап шыққан.
Ұстаздың еңбегі шәкірттерінің жетістіктеріне қарай бағаланатыны белгілі. Олай болса, Фатима Амангелдіқызын өз ісіне берілген білікті маман деуімізге толық негіз бар. Оның шәкірттерінің түрлі олимпиадалар мен байқауларда жеңіп алған жүлделері осы сөзімізге анық дәлел бола алады. Мәселен, Сейтенәлі Бекзат есімді оқушысы «Зерде» шығармашылық жобалар және зерттеу жұмыстары облыстық байқауына қатысып, мақтау қағазымен марапатталса, Едіген Гүлім есімді тағы бір шәкірті аудандық «Мұқағали оқулары» байқауында бас жүлдені иеленген. Аудандық «Абай оқуларында» шәкірті Кәмилә Жанатқызы да жүлделі орыннан көрініпті.
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – жүректің батырлығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның асылдығы, – деп, жырлаған ақын Ғафу Қайырбеков атамыздың бұл өлең жолдарына қосылмайтын жан жоқ шығар, сірә. Адамның адам болып қалыптасуында ата-аналармен қатар, мұғалімнің де атқаратын рөлі зор екені рас.
– XXI ғасырда түрлі технологиялардың дамуына байланысты ұстаздарға жаңа міндеттер жүктеліп отыр. Мұғалімдердің компьютер тілін жетік білуі өз алдына, ағылшын тілін меңгеруі, ғылыми жобалармен айналысуы талап етіледі. Бұл дұрыс деп есептеймін. Біз шәкірттерімізге келешекте өздеріне пайдалы, қажетті болатын, заман талабына сай білім қорын беруге тиіспіз, – деді кейіпкеріміз телефон желісі арқылы өрбіген әңгіме барысында еліміздегі білім жүйесіне енгізілген өзгерістер жайлы айта отырып.
Бала жанының бағбаны Фатима Амангелдіқызын шәкірттері аяулы ұстаз деп білсе, отбасында адал жар, қамқор ана, мейірімді әже. Осы бір ізгі жанның әлдеқашан есейіп, отау құрған екі баласынан немере-жиен сүйіп отырған жайы бар. Тағы екі баласы мектепте оқиды. Жан-жары Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстан темір жолы» мекемесінде жүргізуші болып жұмыс істейді.
Ұстаздар жайында Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» деген екен. Олай болса, кейіпкерімізге шәкірттеріңіз үнемі биіктен көрініп, мерейіңіз арта берсін демекпіз!
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.
Талапкер ауылы,
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар