Ұлытаудың ұлтжанды ұланы

Ұлытаудың ұлан-ғайыр даласынан басталатын Сарыарқаның ұсақ шоқылары созыла келіп, Қарсақбай қыраттарына жалғаса, шетсіз-шексіз кең далаға өзгеше бір өң беріп тұрғандай көрінеді. Ерте кезде ағылшын қалталылары салған Қарсақбай мыс зауытының дөң басында тұрған қос тұрбасы алыстан менмұндалағандай болып көрінеді.

Ұсақ шоқылармен көмкерілген қиыршық тасты сары далада киік жортып, қарсақ пен түлкі, ор қояны өріп жүреді. Жусаны мен көкпегі аралас жатаған келген өсімдік дүниесі жасыл реңімен жер бедерін көмкеріп, өң беріп тұрғандай. Әйгілі академик ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың мұражай үйі, бұрынырақта қыр баурайына орналасқан шағын ғана ғимарат болатын. Қазір басқа жерге көшіріліп, аумағы кеңейтілген көрінеді.
Кешегі Ұлы Отан соғысының алапат кезінде фашист басқыншыларына атылған оқтың үшіншісі Қарсақбай мыс зауытында өндірілген мыстан жасалғанын біреу білсе, біреу білмес.
Қазақ металлургиясының алғашқы қара шаңырағы атанған Қарсақбай мыс зауытында Ермектің анасы Дариға алғашқылардың бірі болып, ер азаматтармен бірге жұмыс істеді. Қазақ әйелдерінен шыққан кеншілердің бірі ретінде ел аузына ілігіп еңбек екпіндісі атанды.
Біздің әңгімемізге арқау болып отырған Ермек Нұрмашұлы Мирамқұлов осы Дариғаның жалғыз ұлы болатын. Ол алғашқы тың көтеру жылдары осы Қарсақбай қаласында дүниеге келіп, №2 сегізжылдық мектепті бітірді. Отбасымен бірге Сыр өңіріне қоныс аударды. Сыр елі, жыр елі демекші, Қызылорда жұрты оларды жылы шыраймен қарсы алады. Ол осы жерде мектеп бітіріп, үлкен өмірге, яғни, өнер жолына алғаш рет қадам басады. Он жылдықты ойдағыдай бітірісімен Сырдария аудандық мәдениет бөліміне автоклуб меңгерушісі болып орналасады. Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Құрдастар» ән-аспаптық ансамблінде, «Сырдария» ән-би ансамблі мен халық театры сахналарында өнер көрсетіп, көрермен алғысына бөленеді. Облыстық байқаулардың лауреаты атанып, көзге түседі. Кейін Қызылорда облыстық филармониясына көркемсөз жанрының әртісі болып қызметке орналасады.
Халық билерін де осы жерде меңгеріп, өз репертуарына қосады. Мұнда «Жыр күмбезі», «Сыр маржаны» сияқты ансамбльдердің құрамында ұзақ жылдар өнер көрсетіп, туысқан қырғыз, өзбек, қарақалпақ республикаларында концерттік гастрольдік сапарларда болады. Қалың көрерменнің алғыс құрметіне бөленеді.
1980 жылдан бастап өзінің ата қонысы Көкше өңіріне қоныс аударады. Көкшетаудағы қазақ театр студиясында кейін Көкшетау облыстық филармониясында жемісті еңбек етеді. Кейінгі кездері шығармашылық жұмыстарымен айналысқан Ермек Нұрмашұлы екі жинағын баспадан шығарды. Олар «Өнер өлкесінде», «Мәдениет мерейі» деп аталады.
Ермек өз өмірінің 40 жылға жуығын қазақ мәдениеті мен өнеріне арнаған жан. Қазақ өнерінің бетке ұстар қаймақтары Сәбира, Хадиша, Елағаң, Тоқпанов сынды алыптардың көзін көріп, жүздескен өнер иесі. «Жақсылардан шарапат» демекші, оларды өзіне үлгі-өнерге өнеге тұтқан жан. Сыр бойы сүлейлерінің жалғасы, әйгілі Нартай Бекежановтың шәкірттері Алмырза Тұяқбаев, Балқашбай Жүнісов, Тұрсынгүл Байхановалар өнердегі пір тұтатын әріптес ұстаздары еді. Қазір бұл кісілер өмірден өтті. Міне, осы аға-апалары жайлы естелігін, жүрекжарды толғаныстарын «Өнер өлкесінде» кітабында кеңінен баяндайды. Бұл – келешек ұрпақ осындай дарынды аға ұрпақ өкілдерін ұмытпай еске алып, біліп жүрсін деген тілекпен жазылған жолдар еді.
Биыл міне, тамыз айының 22-сі күні 65 жасқа толып отырған Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, Журналистер одағының мүшесі, эстрада әртісі, ақын Ермек Нұрмашұлына біз шынайы шығармашылық табыстар тілей отырып, ғұмырың ұзақ болсын, отбасыңның сыйлы ақсақалы бола бер деген тілегімізді білдіреміз. Сен Ұлытаудың ұлтжанды ұланысың. Сен сияқты сахна ардагерінің келешек жас ұрпақ үшін әлі де берер үлгі-өнегесі, айтар ойы мол деп есептейміз.
Тағы да мерейтойың құтты болсын, мәдениет саласының ардагері!

Шәмшия АЙТЖАНОВА,
Көкшетау қаласының
құрметті азаматы, қарт ақын.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар