Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін ендіру мәселесі

Рухани жаңғыру тамыры терең, өзегі сан-салалы, күрделі үдеріс. Өйткені, жаңғырған қоғам ұлттық сана мен таным негізінен бастау алады. Онсыз жаңғырудың құр жаңғырыққа айналу қаупі де жоқ емес. Көрнекті ғалым Ньютонның «Егер біз өзгелерден алдыңғы жақты ұзақтан байқасақ, ол біздің алыптардың үстінде тұрғанымыздан» деген екен. Осы сөз Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа арналғандай әсер береді. Өйткені, әлемдегі «алмағайып жағдайларға» қарамастан ертеңгіні елден бұрын көріп, қалың еліне сеніп, сырттан сынап қараған өзгелерді қоса «мақұлдатқан» бағдарламалар арқылы елді, тіпті әлемдік қауымдастықтың бір бөлігін қоса жарқын болашаққа қарай қадам басуға бастау Елбасыдай нар тұлғаларының ғана қолынан келер істер деп айта аламын.
Бұл – болашағымыздың тізгінін өз қолымызға алудың, Президент сөзімен айтсақ, «болашаққа бағдар», «рухани жаңғырудың» өзегі, Қазақстанның 30 дамыған елдің қатарында сап түзеуінің жарқын кепілі. Дамыған елдер латынша әліпбиді қолданады. 75 пайыздан астам елдердің жазуы.
Мәдениеттің оқшаулануы да, көзсіз еліктеуі де зиянды. Олар мәдениетті жояды. Бізге өркениеттің жолын таңдай отырып, өзіміздің ұлттық мұраттарымызды жүзеге асыру міндеті тұр. Мақсатқа жетудің бірден-бір табысты бастауы – білімнің салтанат құруы десек, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жететіндігі де шынайылық. Елбасының «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет» деген пікірі мақтануға, масаттануға, алға ұмтылуға бағыттайды. Сауаттылықтың басты тілдің графикалық жүйесімен тығыз байланысты.
Жазу тарихында қазақ тілінің әліпби жүйесі бірнеше тарихи кезеңдерді басынан өткізіп, ұлттық әліпби деңгейіне жеткен. Әліпби – тек сауат ашу ғана емес, ғылым-білім үйренудің баспалдағы.
Ұлағатты ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туған тіл туралы өзекті мақалаларында: «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. …Біздің заманымыз – жазу заманы, жазу мен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» деп жазған екен. Шындығында, ол қазақ әліпбиін түзеп, түрлеудің, ана тілінде оқулықтарды жазудың мәні зор екенін ғасыр басында қоғами ахуалмен байланыстыра отырып, ауыр жүкті қолға алып, замандастарымен бірге ұлт тілінің келешегі үшін күрескен кемеңгер.
Графикалық тіл – ұлтымыздың тәуелсіздігін қорғаудың стратегиялық басты критериі. Әрине хат мәдениеті бар халыққа бір әріпті тастап, бір әріпті ала қоюы оңай жұмыс емес. Өйткені, тілдің толық графикасы мен фонетикасының өзгеруімен қатар, бүгінгі күнге дейін жазылған ұлттық мұраларымызды жоғалтып алу қаупі де жоқ емес. Мамандар жаңа әліпби негізінде кез-келген кітап, оқулықтың электронды нұсқасын жылдам латын қарпіне ауыстыруға болатындығын айтады. Мәселен, қазірдің өзінде интернет тұтынушы www.alphabet.kz сайты арқылы қазақша мәтінді ұсынылып отырған латын жазуына өзі ауыстыра алады.
Тарихқа көз жүгіртсек, біз 3 әліпбиді ауыстырыппыз. Сол кезеңде бүгінгідей газет-журнал, компьютер, тың технология деген болған жоқ. Соған қарамастан, халық басына түскен барлық қиындықты еңсере білді. Тіпті, айшылық алыс жерлерге атпен барып, сауатын ашып жүргендер болды. Ал, бүгінде шүкір делік, барлық қиындық артта қалды. Бейбіт заман орнады. Тәуелсіз мемлекетіміз жылдан-жылға өсіп-өркендеп, отандық ғылым-білім саласы дамып келеді. Осындай тамаша кезеңде латын әліпбиіне көшсек, ешқандай қиындық туындамайды деп ойлаймын. Қуантарлығы, бүгінде бас-
тауыш сыныптарда оқитын балаларымыз ағылшынша үйренуде. Білім қуған жастар шет тілдерін меңгеріп, шетелдерде білім алуда. Осы тұрғыдан алғанда латын әліпбиіне көшуден қорқудың еш негізі жоқ деп санаймын. Бұл қадамға бару болашақ үшін маңызды екеніне сенемін. Себебі, бүгінде кириллицаның аясы өзінен-өзі тарылып келеді. Оның орнын ағылшын тілі басуда. Өйткені, ол өзінің қажеттілігін мойындата білді.
Сол сияқты латын әліпбиінің де болашағы зор болатынына еш күмәнім жоқ. Тіл тарихына үңілсек, кириллица, араб, латын алфавиттерінің түпкі тегі бір, барып тірелетіні Финикий жазуы. Латын әліпбиі, әлемде кеңінен қолданылады. Б.з.б. 7 ғасырда да Римде грек және этрус әліпбиінің тармағы ретінде пайда болып, б.з. 1 ғасырында қалыптасты. Жазу оңнан солға немесе солдан оңға қарай (брустрофедон бойынша) жазылып, бағыты әрдайым алмасып отырған.

Демек, таңырқайтын да тосырқайтын да жат дүние емес. Қолданыста латын әліпбиінің басымдылығы анық байқалады. Әсіресе, ғылыми терминология негізі де осы тілде кең таралғандығы жасырын емес. «Осы заманғы ғылыми терминологияның негізін латын тілінен енген сөздер құраса, ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде ағылшын тілі дүниежүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде. Бұл үдерістен біз де тыс қалмауымыз керек. Демек, өркендеу мен күшею жолында біз ағылшын тілін айналып өте алмаймыз».
Мемлекет басшысы «Қазақстан 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Жолдауында тіл мәселесіне айрықша тоқталып, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген болатын. Президентіміздің алдағы 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі керек деген сөзін ескерсек, әр қазақстандық азамат қазақ тілінің мәртебесін көтеруге атсалысуы керек.

А.ИСАБЕКОВА,
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры, Заң ғылымдарының докторы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар