Кадеттіктер ұлағаты және техникалық институттың жаңа міндеті

Өткен жұма күні Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы

Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған комитет мүшелері облысымызға жұмыс сапарымен келіп, әскери және техникалық оқу орындарының жағдайымен, сондай-ақ, арнайы мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысты. Бұл күні комитеттің көшпелі отырысы өткізіліп, онда елімізде әскери білім беруге қатысты бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Комитет мүшелерінің облысымызға жұмыс сапары кезінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова бірге болды.

Щучинск қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы кадет корпусы Елбасының 1996 жылғы Жарлығымен еліміздің Қарулы Күштері үшін кіші командалық құрамды даярлау мақсатында құрылған болатын. Бүгінде оқу орнында Қазақстанның түкпір-түкпірінен 400-ге жуық білім алушы бар. Кадет корпусының бастығы полковник Серік Асанов комитет мүшелеріне оқу орнын толық аралатып көрсетті. Меймандар болашақ сержанттардың оқу-жаттығуларын тамашалап, кадет корпусының музейінде де болды.
Мұнда кадет корпусының тарихы, жетістіктері жайлы деректер сақтаулы тұр. Бұл ретте сенат депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед оқу орны қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың есімімен аталып жүргеннен кейін, музейде осы тұлға жайлы құнды деректер сақталынса деген ұсынысын жеткізді. Мәселен, Омбыдағы кадет корпусында Шоқан Уәлихановтың өз қолымен жазған құнды қағаздары, өз қолымен толтырған формуляры, оқуға қабылдау жөніндегі өтініші сақтаулы тұрған көрінеді. Солардың бәрін Щучинскідегі кадет корпусының музейіне алдыртса, бұл осында білім алып жүрген келешек сарбаздарға зор тағылым болар еді деді сенатор. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғаннан кейін, оның осы оқу орнында да қолданылу аясын кеңейту, әскери тілге айналдыру мәселелерін комитет мүшелері Төлеубек Мұқашев, Қайрат Қожамжаров, Дана Нұржігіт пен Нұржан Нұрсипатов жұмыс сапары кезінде баса атап өтті.
Бұл күні комитет мүшелері Көкшетаудағы Сарыарқа ықшам ауданында орналасқан №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде де болып, мұндағы өрт сөндіру техникаларының жағдайымен танысты. Қазіргі таңда өрт сөндіру бөлімінде бес автоцистерна бар. Жалпы, еліміз бойынша мұндай алты кешен жұмыс істейді.
Кездесуге арнайы келген Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша, облысымызда өрт сөндіру техникасы жеткіліксіз. Гарнизон толық қамтамасыз етілуі үшін әлі елуге жуық техника түрлері қажет.
Бүгінде облысымыздағы әлеуметтік маңызы бар 45 нысанда өрт қауіпсіздігінің заманауи жүйелері орнатылған екен. Бұл жүйе өрт шыққан кезде төтенше жағдай туралы дыбыстау арқылы бірден өрт сөндіру қызметіне хабарлауға мүмкіндік береді. Кездесу кезінде бөлім қызметкерлері депутаттарға жүйенің қалай жұмыс істейтіндігін көрсетті.

Ал, Көкшетау техникалық институтында болғанында комитет мүшелері оқу орнының жағдайына қанығып, комитеттің көшпелі отырысында бірқатар өзекті мәселелерді талқылады. Мәселен, институт азаматтық қорғаныс саласында кадр тапшылығын жою мақсатында мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайтып, жылына 250 маман даярлауды көздеп отыр. Алайда, ол үшін, ең алдымен жатақхана жайын шешіп алулары керек. Бүгінде институттың облыс орталығындағы бір ғана жатақханасы курсанттарға аздық етеді. Институтта жоғары курстарда оқитындардың біразы пәтер жалдап тұрады.
Сенат депутаты, Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед институт басшылығына жатақхана мәселесін ауызбен айтып қана қоймай, оны шешу жолдарын да тездетіп қарастыру қажеттігін ескертті.
Келесі жылдан бастап институттың профессорлық-оқытушылық құрамының еңбекақысын 25 пайызға арттыру көзделіп отыр.
Жиында сөз алған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин институтқа оқу корпусы мен жатақхана салу мәселесі күн тәртібінде тұрғанын, министрлік жаңа оқу корпусы мен жатақхана салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге қаражат қарастыратынын жеткізді.
–Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында бүкіл ішкі істер министрлігі жүйесін реформалау және ол реформаларға қажетті қаражат бөлу туралы арнайы тапсырма берген болатын.
Отанына адал, кәсіби тұрғыда дайындалған офицерлер мен әскери қызметшілері бар армиямыз жаңа геосаяси жағдайларда ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қатерлерге тойтарыс беруге дайын болуы керектігі маңызды құжатта атап көрсетілді. Сондықтан, бұл салада кәсіби кадрлар жұмыс істеуі қажет. Осыған байланысты, бұл мәселелер қалай шешіліп жатқанын білу мақсатында өңірге келіп отырмыз. Елімізде техникалық мамандар тапшы екенін жақсы білеміз. Қазіргі таңда институт еліміз үшін ғана емес, бауырлас Қырғызстан мен
Тәжікстан мемлекеттеріне де мамандар даярлауда, – деген комитет төрағасы көшпелі отырыста ішкі істер министрі орынбасарының, Көкшетау техникалық институты бастығының баяндамаларын тыңдап, жиынды қорытындылай келе, сенаторлар ішкі істер министрлігі жүйесінің алдағы реформасына, оның ішінде төтенше жағдайлар жөніндегі органдардың жұмысын жетілдіруге қатысты қойылған міндеттер мен ұсыныстардың шешілуіне игі ықпал етуге күш салатынын, бұл мәселелердің барлығы Сенат комитетінің тұрақты бақылауында екенін жеткізді.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар