«БЛЭК» – Көкшетаудың ұлттық бренді

Бүгінгі таңда аты алысқа кеткен бұл шығармашылық ұжымның негізі сонау 1989 жылы қаланған еді. Көкшетаулық суретші, безендіруші әрі көркемдеуші дизайнер Юрий Егорович Никитенко бірнеше адамнан тұратын шағын ұжым қалыптастырып, қарапайым тұрмыстық бұйымдар жасай бастады. Бұлар – нан және ет кесетін тақтайшалар, гүл отырғызатын түрлі-түсті ыдыстар, айна жақтаулары, күнделікті тұрмыста қолданылатын үстелдер мен үстелшелер еді.

Кәсіпорын бастапқыда «Шарм», «Лаур», одан кейін 1992 жылдан бастап «БЛЭК» деп аталды. Соңғы атауы күні бүгінге дейін сақталып келеді. Бұл атаулардың да өзіндік сыры бар. Ю.Е.Никитенко болмысында осындай өзгеше атауларды жақсы көретін. «Көретін» деп отырғанымыз, жаңалыққа жаны құштар болған бұл азамат осы күні өкінішке орай, өмірде жоқ.

Бұдан әрі біртіндеп күш ала бастаған кәсіпорын басқа да тапсырыстарды қабылдауға айналды. Мұнда жыл өткен сайын адам саны да ұлғайып, кәсіпорын басшысының өмірлік жары Лейся Алексеевна, туған қарындасы Галина Егоровна Калиниченко, туған інісі Вячеслав Егорович Никитенко да бастаған істің бір жағынан шығысты. Атап айтқанда, өзі бауырларымен бірге көздеген бұйымдарын жасаса, әйелі заң мәселелеріне, қарындасы өндірістік істерге қол ұшын берді.
Юрий Егорович ойға алған ісіне шын берілген адамдар санатынан болатын. Ол жұмыс алға басу үшін өзінің үйін сатып, отбасымен кәсіпорынның өзінде тұра бастайды. Осының есесінен отыз адамды жұмысқа қабылдап, табиғи ағаштан ойып, жиһаз, түрлі гарнитуралар, кереует жасау ісіне кіріседі. Сөйтіп, бұл бұйымдарға қызығушылар алдын ала бірнеше айлап кезекке тұратын болды.
Бірде кәсіпорын басшысын таныстары қонаққа шақырып, дастархандарынан дәм татады. Бұрын қазақша пісірілген етті табақтан жеп жүрсе, осы жолы астаудан жеп, ерекше әсерге бөленген екен. Ол кезде тұрмыста қазіргідей ағаштан жасалған астауды жиі қолдану үрдісі сирек кездесетін. Жалпы, қазақ арасында өскен Юрий Егорович өз болмысында осы халықты да, оның салт-дәстүрін, ер қанаты – жылқы түлігін де жақсы көретін. Әрдайым жергілікті ұлттық мәнерде суреттер салып, түрлі бұйымдардың нобайын келтіре қоюдан бір жалықпаушы еді. Сол жолы да алдарындағы астаудың суретін қағазға тез түсіре қойып, таңертең өздерінде оны жасайтындарына нық сеніммен кәсіпорын табалдырығын аттайды.
Көкшетауда алғашқы астау шығару өндірісі тоқсаныншы жылдардың басында міне, осылай пайда болған-ды. Сол кездің өзінде ағаштан оны жобаға келтіріп, ойып қана қоймай, қосымша өрнектер қосу, дастарханды көркейте түсуі үшін екі жақ құлағына түйе, жылқы, қой суреттерінің кейбір элементтерін енгізу, жақтауларына ою салу сияқты атқарылуы қиын, нәзік жұмыстар да бірге қолға алынған еді. Әрине, мұндайдан кейін сол астаулар көрген жанның көзін қызықтырып, жайнап, толысып шыға келетін. Бұдан әрі осы астаудың құрамдас бөліктері десе де болатын тегеш, ожау, сонымен бірге, торсық, тағы басқа тұрмыстық бұйымдар жасау да жолға қойылып, астаудан бастап осы аталған өнімдердің бәрі кәсіпорын брендіне айнала бастайды.
Кәсіпорын басшысы уақыт өте келе енді өз бұйымдарын одан әрі жетілдіріп, аяғы бар астаулар да жасайтын болды. Ал, үш бөліктен тұратын құрастырмалы астау ізденісте шек болмайтынын және бір көрсетті. Не керек, қазақтың ұлттық қолөнер бұйымы әрі күнделікті тұрмыстағы ең бір қажет ас жабдығы көз тартарлықтай әдемі, тұтынуға қолайлы және бағасы жағынан қымбат болмауы үшін неше түрлі эксперименттер жасалды. Бұл кезде бірден бірге естіліп, оның өтуі де көздеген деңгейге жеткен болатын. Көкшетаудың өзін былай қойғанда, басқа өңірлерден де тапсырыс берушілер көбейіп, «БЛЭК»-тің астауы жан-жаққа жөнелтілуге айналған.
Ықылас-ниет барда, қай шаруаның да орайы келе түседі. Бұдан әрі жаны қазаққа жақын Юрий Егорович әбдіре, сандық сияқты қолөнер бұйымдарын да жасауға көшті. Мұның бәрі сол кезде, қазір де әртүрлі ұлттық мерекелер мен шараларға орай, жиі тігілетін киіз үйлерге де тығыз байланысты еді. Оның ішін ұлттық үрдіске сай безендіру мәселесі туындай бастағанда, «БЛЭК» бұл жұмысты да іліп әкетті.
2017 жыл бұл кәсіпорынның жұмысына күрт өзгерістер әкелді. Сегіз қырлы, бір сырлы басшы алға басқан өз ісінде жаңа қадам жасап, желімделген бөренелерден ағаш үйлер құрылысын жүргізуге көшті. Шаруа біраз ыңғайға келген соң, 2011 жылы жеке кәсіпорын – Көкшетау ағаш үйлері құрылысы зауытын ашып, жаңа іске батыл кірісуіне тура келді. Осы бағытта бес жыл табысты жұмыс істеп, Қазақстан мен көршілес Ресейде жетпістен астам ағаш үйді жобасынан бастап кілтіне дейін тілек білдірушілерге сапалы дайындап берді. Дегенмен, экологиялық жағынан таза ағаштан салынған бұл үйлер, жұмысының атқарылуына келсек, ауыр әрі рентабельсіз еді. Соған орай, өзіндік құны да жоғары болатын. Яғни, қанша қызығып тұрса да, оған тапсырыс беру, сатып алу кез-келген адамның, соның ішінде қарапайым тұрғындардың қолынан келмейтін.
Осының бәрі ескеріле отырып, 2015 жылы барлық күш-жігерді қайтадан қазақтың ұлттық бұйымдарына бағыттау жөнінде шешім қабылданды. Бұл үшін несиеге алынған қаржының есебінен бұрынғы өндіріс орны қайта жаңартылып, нәтижесінде өнім өндіруді үш есе арттыруға қол жетті.
Ал, келесі жылы кәсіпорын өкінішке орай, орны толмас қайғыға тап болып, оның әрі басшысы, әрі барлық тың істерге жігерлендірушісі Юрий Егорович Никитенко жүрек талмасынан өмірден өтіп кетеді. Қазір «БЛЭК»-ке әкелерінің орнын жоқтатпай, ұлдары Олег пен Роман басшылық жасайды. Олармен бірге 18 жыл осы кәсіпорында тізе қосып, еңбек еткен қарындастары Снежана да бұл күнде өз отбасымен Австрияда тұрады. Еңбекқор, жаңашыл әулет әкесімен осы фирманың негізін қаласқан бауырлары Вячеславтан да айырылған. Бірақ, оның да ата-анасы, інілерімен бірге осы өндіріс орнында айшықты қолтаңбасы қалғаны анық.
Жоғарыда аңғартқанымыздай, «БЛЭК»-ті бүгін Қазақстанның көп аймағында жақсы біледі. Биыл бір кездегі әке ойлары мен жобаларының іске аса бастағанына тура отыз жыл толып отыр. Яғни, кәсіпорын алдымыздағы 10 қазанда осынау мерейтойын атап өтпекші. Бұл екі аралықта өскен, өркендеген «БЛЭК» Қазақстанда қазақтың ұлттық бұйымдарын шығаруды өндірістік жолға қойған бірден-бір кәсіпорын десек, артық емес. Елімізде бұл жағынан оған тең келер өндіріс орны жоқ. Көрікті Көкшетаудың, жалпы, Ақмола облысының брендіне айналып кеткен астау, басқа да бұйымдары сый-кәде, тарту ретінде бір шеті жақын және алыс шет елдерге де жол тартып жатыр.
–Алдағы мерейтой қарсаңында кәсіпорынның өз фабрикасын ашпақшымыз. Онда ағаш жонушы 100 шебер еңбек ететін болады. Ел тұрғындарының астауға деген сұранысын осылай өтегіміз келеді. Біздің жасаған астауларымыз халықтың ұлттық салт-дәстүрге деген ынта-ықыласы артып отырған осы заманның қадірлі бір бұйымы болып әр үйде тұрса дейміз. Бізде олардың қарапайымынан бастап, аса сәнді түрлеріне дейін сан алуан үлгілері жетерлік. Соны білген әкімдіктер де, бес жұлдызды қонақ үйлер де жиі тапсырыс беріп тұрады. Ет турайтын астаушасы, тұздық құятын кесесі, ожауымен бірге бәрінің жобасын өзіміз жасаймыз. Қазір қолымызда патенттелген 4 технологияның, авторлық құқық берілген 300-ден астам бұйымның куәлігі бар,–дейді бұл орайда, кәсіпорынның атқарушы директоры Роман Никитенко.
Фирманың дистрибьютерлік желілері де дамыған. Нұр-Сұлтан мен Алматыда арнайы дүкендері жұмыс істейді. Дегенмен, Қазақстанның барлық қалалары әлі қамтыла қойған жоқ. Бүгінгі таңда үш бағытта жұмыс істейтін кәсіпорын астаудың елуден астам түрін шығарады. Сонымен бірге, ағаш ыдыс-аяқтар, жиһаз, үстелдер мен сандықтар, домбыра, қобыз, тағы басқа қазақтың ұлттық аспаптарының футлярларын жасау жолға қойылған. Қабырғаға ілетін паннолар тағы бар. Олар Бурабайдың көрінісі, батырлар бейнесі, торсық түрінде болып келеді. Бәрі де сұранысқа ие екенін кәсіпорынның даму үрдісі жақсы көрсеткендей.
Жалпы, ағаштан жонып, бұйым шығару кәсіби шеберлікті, екі аяқта тұрып жұмыс істеуді, әсіресе, шыдамдылықты талап ететін күрделі кәсіп. Байқамаса, үшкір заттар денсаулыққа да қауіпті. Жақсы ағаш жонушы болу үшін кем дегенде бір жыл керек. Қазақстанда осыған үйрететін шеберлік кластары жоқ болғандықтан, тілек білдірушілер бұған фирманың өзінде үйренеді. Бұл жағынан жұмысшылардың шеберлігін жетілдіре түсу үшін «БЛЭК»-тің өз чемпионаты өтіп тұрады. Онда жүзден жүйрік шыққандарға көрсетілетін құрмет те ерекше. Олар тиісті сый-сияпатқа ие болуы өз алдына, содан бастап кәсіпорынның үздік қызметкерлеріне айналады. Жыл аяғында он екі айдың жұмыс қорытындылары шығарылып, әркімнің еңбегі ортақ іске қосқан үлесіне қарай лайықты атап өтіледі. Жыл сайын кәсіпорын қайырымдылық шараларына да біраз қаржы салады. Мәселен, триатлон спортына демеушілік жасап, арнайы жүлделер дайындайды. Балалар үйлерімен де тығыз байланыс орнатылған. Ал енді жұмысшылардың еңбекақысына келсек, ол орта есеппен 110-120 мың теңгені құрайды. Соның ішінде өз ісінің нағыз шеберлері айына 250 мың теңге де табады. Өйткені, он саусағынан өнер тамған мұндай шеберлерді іздеп табу оңай емес. Ондайлардың бағасы әрқашан өзгелерден басым болады.
Біз әңгіме барысында кәсіпорын басшыларынан ұжым табысына елеулі үлестерін қосып жүрген сондай адамдарды атай кетулерін өтіндік. Бұл орайда, алдымен директордың өндірістік мәселелер жөніндегі орынбасары Дмитрий Гуденконың есімінің аталуы да тегін емес. Ол кәсіпорынға 17 жасынан келіп, еңбек жолын ағаш жонушының оқушысы болудан бастаған екен. Бүгінде өз ұмтылысымен жоғарыдағыдай деңгейге жеткен. Сондай-ақ, мұнда күрделі бұйымдарды жасайтын Қуаныш Мусинді де «қолы алтын» деп бағалайды. Ал, Жанат Еламанов болса, он жылдан астам уақыт бойы астаудың неше түрін жасаумен келеді. Ол да осы ұжымдағы озат ағаш жонушылардың бірі болып саналады. Сондай еңбек озаттарының бірі Владимир Бабчук те ағаш шебері. Юлия Олейникова он жылдан бері кәсіпорын шығарған бұйымдарды сатып, өткізу сияқты жауапты салада істеп келеді. Андрей Калиниченко болса, компьютерлік графиканың үздігі. Бас инженер Андрей Браун көп уақыт бойы токарь, одан әрі ағаш шебері болып еңбек етсе, қазір құрал-жабдықтар мен қондырғылардың жұмысын жолға қоюмен айналысатын кәнігі маман. Фирмаға жұмысқа келгендердің көбі мұнда өз жүрек қалауымен еңбек етіп жатқандар. Қолынан ағаш жону өнері келсе немесе осы бір ауыр кәсіпті үйренемін десе, басшылардың ешқайсысы бірде-бір адамның қолын қағып көрген емес. Қайта қуана қарсы алып, осында өзі ықылас танытқан ісіне төселіп кетуіне барлық жағдайды жасайды. Мәселен, Құрманғазы Әлпіләм облыс орталығының іргесіндегі Ортақ ауылында тұрады. Сонау тоқсаныншы жылдары Моңғолиядан ата жұртқа қоныс аударған өнегелі әрі өнерлі отбасының баласы. Осы «БЛЭК»-тің ұйымшыл ұжымының толыққанды бір мүшесі болып келе жатқанына біраз жылдың жүзі болыпты. Өзі сол Ортақ ауылында тұрады. Сонда домбырасын жасап, дайын өнімдерін фирмаға өткізіп отырады. Кәсіпорын оны қалыпты жұмыс істеуі үшін керек-жарағымен қамтамасыз етіп, айлығын төлейді. Қабырғада ілулі тұрған әдемі домбыраларды меңзеп:
– Мына домбыралар кімнің қолынан шыққан? – деп сұрамай тұра алмадық.
– Сол Құрманғазының жасаған домбыралары. Әрине, біз оны әрі қарай сәнін келтіріп, ерекше көз тартқызып дегендей, одан сайын тиісті деңгейіне жеткізіп, содан кейін барып саудаға қоямыз,–дейді кәсіпорын басшысы.
Айта берсе, фирма қадамының бәрі бірдей сәтті бола бермеген. Бүгінгі жетістікке жету үшін ауыр кезеңдерді де бастан өткізуге тура келген. Айталық, 2010 жылы қатты өрт болып, дайын өнімдер салонының жарты бөлігі жанып кеткен. Соның ішінде фирманың негізін қалаған әкелерінің өмір бойы қолынан қылқаламын түсірмей, дүниеге әкелген картиналарының 80 пайызы, кәсіпорынның құжаттары, көкейінде жүрген жаңа өнімдердің сызбалары, бәрі күлге айналғаны Юрий Егоровичті алғаш жүрек талмасымен аурухана төсегіне алып жыққанын да айтпай болмайды. Бұдан кейін осының бәрін көп уақыт бойы қайта қалпына келтіруге тура келгені де қыруар күш-жігерге түскен.
Бірақ, сол қажыр-қайрат ақыры жеңіп, кәсіпорын өзінің отыз жылдығын өндірістегі және қолданбалы өнердегі үлкен жетістіктерімен қарсы алып отыр. Осы арада ағаш үйлер құрылысы зауытын бір кезде «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік серіктестігінің демеуімен өрге бастырғанын, алайда, кейін жұмыстың бұл саласы көздегендей тиімділік бермеген соң, серіктестіктің сол үлесін сатып алып, істі өздері жүргізгендігін де атап өткен орынды. Таяу арада ашылайын деп отырған фабрика осы зауыттың негізінде іске қосылмақшы. Қазір онда соңғы жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.
Ақмола мен Көкшетаудың, тіпті тұтастай еліміздің брендіне айналған өнімдерді шығаратын фабрика осы отыз жылдың ішінде атқарылған үлкен жұмыстардың нәтижесі болып табылатын түрлі жеңістерден де кенде емес. 2014 жылы республикалық «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Жалпы, осы жылдар ішінде қандай байқауға қатыспасын, одан жүлдесіз қалған кезі жоқ. Ақмола облысының туризм саласы бойынша өтіп жүрген көрмелерінің, сондай-ақ, «Жиһаз-интерьер» көрмесінің де талай мәрте бас жүлдесін иеленген.
Сонда да аймағымыздың озат кәсіпорындарының бірі қол жеткенмен шектеліп отырған жоқ. Алдағы күндерге үміт артқан үлкен жоспарлары бар. Соның ішінде өнім ассортиментін одан сайын ұлғайта түсу, бір жыл бұрын ашылған алғашқы интернет дүкенді әрі қарай дамыту, Қазақстанның әр қаласында болып, диллерлер қатарын көбейту, өздері тұтынатын жергілікті шикізаттың сапалық деңгейіне жете мән бере түсу сияқты жұмыстар барынша назарда. Қазақтың дастарханынан ас әкелетін астау көрсек, еріксіз көз алдымызға елестеп кететін осы бір кәсіпорынның ізденісті жолы алдағы уақытта да баянды болып, сәнді де әшекейлі бұйымдарымен қуанта берсе екен дейсің.
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерде: ағаш шеберлері Жомарт Мұқанов пен Владимир Вишнев.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар