Күндері бірге туып, бірге батқан үш арыс Сәкен, Ілияс, Бейімбет!

Тірлігінде қазақтың көз қуанышы, бақытына айналған, дүрбелең заманда қайғы-зарына айналған, бұл күндері де, келешегінде де ең алдыңғы қатарлы біртуар перзенттері болып қала беретін халқымыздың осы үш арысын айтқанда толқымайтын көңіл, тебіренбейтін жүрек жоқ шығар. Олар өмірлерімен де, өнерлерімен де, жарқын таланттарымен де барша қазаққа өнеге болып қалды. Әттең, шіркін тағдыр оларды қиын, күрделі заманда тудырып, қысталаң заманның күрмеуі көп соқпақты сүрлеуіне салып жіберді.

Осылайша он тоғызыншы ғасырдың соңын ала қазақтың бағына бола туған, маңдайына біткен үш арысы, бойларына тәңірі сыйлаған шексіз дарын-қабілеттерін толық қотара алмаған қалпында, оспадар қоғамының, залым саясатының құрбандығына шалынып кете барады. Олардың қасиет-қырлары енді ашылып, халқына мейлінше шапағаты тиіп келе жатқанын сұм саясат айнаға салғандай айқын таныды, түбіне жетіп тынбаса олардың алысқа шырқайтынын да жақсы ұқты. Голощекин – сталиндік зұлматтың қазақтың келешегін қырқуға арнайы жіберген жауыз жендеті, ең алдымен осы халқы үшін басын тауға да, тасқа да соғып, жанын сала қайратын салып, күш-жігерін аянбай жұмсап жүрген ерлеріне қанды тырнағын аямай батырды. Кейін білгеніміздей, Голощекин – Сталиннің тікелей тапсырмасын жүзеге асырушы болған. Өкінішке орай, Сталин мен оның қолшоқпарларына ол кезде қарсы тұрар күш табылмады, Қазақстанда көз көріп, құлақ естімеген қанды қасап жүргізіліп, қазақтың алдыңғы қатарлы ойының, тілек-мүддесінің күні батқан, дүниені бұлт торлаған қапас заман туды.
Шіркін-ай, бір жылдың төлдері, Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер тізе қосып бірігіп, қазақтың болашағы үшін жігерлене іске кіріспеп пе еді. Олардың дарын-қабілеттері де өзара шамалас, мөлшерлес болатын, әрі қоғамдық істерге белсене араласып, басшылық, ұйымдастырушылық жұмыстарды да қабат атқара жүріп, олар қазақ әдебиетін төрт аяғынан тең тұрғызып, жауһар дүниелер тудыра бастап еді. Олар атақ-абырой үшін емес, олардың онсыз да атақтары аспандап тұрды, кенжелеп қалған қазақ әдебиетін өрістету, адымын кең ашу мақсатымен барлық жанрда бірдей еңбек етуіне тура келді. Бір-біріне шабыт сыйлаған, қанат бітірген қаламдас достар қатарласа қалам сілтей отырып, проза, поэзия, драма, сын жанрларын қатар өрбітті. Сөйтіп, жаңа замандағы қазақ әдебиетінің іргетасын қалады. Сонымен бірге, қазақтың ежелден келе жатқан мұраларын, ауыз әдебиетін де қастерлеп, ескі мен жаңаның арасына алтын көпір тұрғызды. Мен деп кеуделерін соқпай қазақ әдебиетінің қалыптасу бағытында фольклорды темірқазық етті. Сонымен бірге, жаңашыл әдебиетімізге мәңгілік шамшырақ жұлдызындай етіп Абай поэзиясының деңгейін биікке көтерді. Сол кезде феодализм, буржуазиялық әдебиеттің өкілі деп Абайға күмәнді көзқарас туындай бастағанда, оны жанын салып қорғағандар осы Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер болды. Олар «Абайды жаңа әдебиетіміздің көшбасшысы ретінде танымайынша бізде ілгерілеу болуы мүмкін емес» деп өз пікірлерін дәлелдеумен болды. Бұл тұрғыдан келгенде, қанша зұлым саясат араларына жік салса да, олардың Алаш қайраткерлері Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбектермен мұрат-мүдделері бірге болды. Егер олар тізе қосып, бірікпесе, Абайдың ұлы поэзиясы үшін де болашақтың есігі көп замандарға дейін тарс жабылатыны анық еді. Қасиетті Абай өзі жоқ болса да, қазақтың осы маңдайалды ұлдарының басын қосып, ортақ мүддеге жұмылдырғандай болып елестейді. Өйткені, саясат тап-тапқа бөлген осы қазақтың ірі дарындарының бәрі де абайшыл болған, оның кәусар жырларын шексіз сүйген, өздеріне де, ұрпаққа да өнеге еткен ұлы ақынның поэзиясын қазақ әдебиетінің негізі, көшбасшысы деп таныған. Сәкен Сейфуллин – сол кезеңде де, қазір де қарама-қайшылықты пікір тудырып келген қазақ әдебиетінің ірі тұлғаларының бірі. Бірақ, кім қалай десе де, тіпті, оны әдебиетіміздің тарихынан сызып тастағысы келетіндер бұрын да, қазір де табылып жатса да, бір нәрсе айқын – оны халық шексіз сүйеді. С.Сейфуллин даусыз үлкен жазушы, ірі ақын, оның әдеби мұралары ешқашан өлмек емес. Олар халқымен мәңгі өмір сүре береді. Оның бір ғана «Көкшетау» поэмасын алайықшы. Бұл «Арқаның кербез сұлу Көкшетауына» қойылған мәңгілік ескерткіш секілді биік тұғырымыз емес пе. Сәкеннің «Көкшетауы» қасиетті Көкшеге арналған жырлардың асқағы, биік шыңы болып қала береді.
Арқаның кербез сұлу Көкшетауы,
Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.
Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,
Жүреді біліп кетіп есен-сауын…
Әлгі жиі айта беретін нағыз жанды поэ-
зия дегеніміздің жарқын мысалы осы. Мұндағы табиғат – өлі, қатып қалған табиғат емес. «Көкше – сұлу бетін жауын жуған», кербез сұлу арудың келбетінде, ал бұлттар оның есен-сауын біліп кетіп жүрген тілектес қауым, туған жерін сүйген адал перзентінің бейнесі. Осыншалық сұлу, аса көркем, кестелі жырдың иесін қиянатқа қайтып қиярмыз?! Сәкен елін сүймесе, оның көкірегін кернеп осындай жыр асылы туар ма еді? Оны «халық жауы» деп атаған қандай найсап, қандай озбыр қоғам?
Сәкеннің «Аққудың айрылуы» поэмасы қазақтың көркем жырының идеалы, бұл ғасырлардың арасын жалғайтын аса көркем эпикалық туынды. Өзі сұлу, жаны, табиғаты сұлу Сәкен осыншалық көркем, сырлы дүниені жан дүниесімен аялап, шерлі көкірегінің зарымен суарып, халқымен бірге мұңға бата отырып, бар махаббатын осы жырына төккен секілді болып көрінеді. «Аққудың айрылуы» шын сүйіскен ғашықтардың көз жасындай, табиғаттың өзіндей шынайы, мөлдір, кәусар жыр. Мұндай жырды шын сүйе алатын, елі мен жеріне адал перзенті ғана жүрегінен сүзіп шығара алады. Бұл шынайы тебіреністен мың толғанып, мың шерленген көкіректен туындаған поэзияның жауһар туындысы. Мұндай жырлар ешқашан да өзге тілге аударылмайды, онда өңі қашады, бар қасиетінен айрылады.
Сәкеннің «Ақсақ киігі» мен «Сырсандық» жырлары да осындай асыл маржан дүниелер. Бұл жырлар да оның мұңлы көкірегінен туған, көз жасымен суарылған сырлы, астарлы дүниелер. «Ақсақ киік» өзінің туған елінде жетімдік көрген, қуғын көрген туған жер перзентінің тағдырын елестетсе, «Сырсандық» – елін сүйген перзенттің күйікті жан сыры.
Сыр сандықты ашып қара,
Ашып қара сырласым.
Сым пернені басып қара,
Басып қара жырласын, –
дегенде ақынның ішкі жан сарайының қырық қатпарлы қалтарысы, жан сыры аңғарылып тұрған жоқ па? Ақын «мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деп ұлы Абай жырлағандай, өзінің ішкі сырына үңілуге шақырып отырғандай.
Мен әлдекімдер секілді Сәкеннің советшіл, революцияны жырлаған жырларын айтып, оның аруағын мұқатқым келмейді, табалағым келмейді. Ақынның адал жүрегі Отан, менің елім деп ұрандатқан «советстанға» сеніп қалғаны рас. Және ол жалғыз болған жоқ, көппен бірге болды. Қателігі, адасуы да осы тұстан шықты. Оны осы осал жерінен ұстап, мін тағуымыз – қазақтың, ұлттың өзіне айып тағумен бірдей болар еді. Менің ұғымымда осылай. Заманға еріп, немесе қисая тартып, өз асылдарына қара күйе жаққаннан кім не ұтпақ?
Ілияс Жансүгіров пен Бейімбет Майлин туралы да айтарымыз осы. Бұлардың да Сәкен секілді, қазақ әдебиетін өркендетуге қосқан үлестері ұшан-теңіз. Әділетсіз, қиянатшыл қоғаммен жағаласа жүріп, бұлардың тудырған шедевр дүниелері – қазақ әдебиетінің классикалық негізін қалаған болатын. Бұл – өзгермейтін ақиқат. Ілияс Жансүгіровтің «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмалары әдебиетіміздің інжу-маржаны. Бұлардың бір-бірін мо-
йындауы да керемет. Әдебиетке қатар келген бұл үшеуінің ішінде Ілияс өзінің «Құлагеріндей» тұлпар шабыс танытып, эпикалық көлемді жырларын да, лирикалық қысқа өлең-жырларын да түйдектете төгіп, жариялап жатқанда Бейімбет «Ілиястай жүйрік ақын тұрғанда менің өлең жазуым да ұят-ау!» деп жыр жазуын доғарып, бірыңғай прозаға көшкен екен. І.Жансүгіровтің «Құлагері» де Сәкеннің «Көкшетауы» секілді өлмес өнерге, сұлулыққа, қазақ даласына, табиғатына, елі мен жеріне Құлагердей тұлпарына, тұлпар тектес Ақан серідей перзенттеріне қойылған мәңгі өшпес тұғыр. «Құлагер» – жиырмасыншы ғасыр басындағы жетілген, қарыштап өскен поэзиямыздың жарқын дәлелі. Ілияс ақын Ақан сері мен оның Құлагерін егіздестіре жырлап, поэзияның жаңа үлгісін жасады. Ол Ақан серіні өзінің Құлагер тұлпары секілді, өнерде дара тұлға, жүйрік ақын, дара сері етіп танытты. Ілияс – халықтың поэзия мен жаңашыл поэзияны сәтті ұштастырған ақын болды. Сондай-ақ, қазақ үшін күй мен күйшіліктің орнын поэ-
зияда жарқырата танытқан, қазақтың жан дүниесінің айнасындай өнер биігі ретінде танытқан ақынымыз Ілияс Жансүгіров болды. Қазақтың елі мен жерінің қасиетін, өнерін, табиғатын Ілияс ақын жаңа бағытта түрлендіріп, жаңа сапаға көтерді, кейінгі поэзияға биік тұғырлы өнеге көрсетіп берді.
«Ілиясша жырлай алмағаннан кейін, менің поэзияға талпынуым бекер екен» деген Бейімбет Майлин де бәрібір өзінің қазақ әдебиетіндегі тұғырын төмендеткен жоқ, қайта проза арқылы, әсіресе, өзінің әңгімелері арқылы биік дәрежеге көтеріле түсті. Осының өзі әдеби ортаға ғана емес, жалпы ел-жұртқа, ұрпаққа үлкен тағылым секілді, әр адам өмірден өз орнын табуға бұдан артық мысал бола ма.
Осы жерде тағы дана Абай ұлағаты жарқ ете қалады. «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан» дегенде, «кетігін табу» өз орныңды тап деген мағынасы аңдалып тұр емес пе? Ұлылық тағылымы ешқашан ескірмейтінін ескере бермейтініміз рас. Жиырмасыншы ғасырдың басында қатарласа дүниеге келіп, үлкен қуатпен іске кіріскен, әдебиетімізді өркендеткен арыстарымыздың ұлы Абаймен үндесе жырлауы дана ойшыл, кемеңгер ақынға еліктей отырып, өздеріне ұстаз тұта отырып, еңбектенуі – ғажайып сабақтастық болатын. Бұл күндері Сәкен мен Ілиясты, Бейімбетті қаралайтындар, ұлы Абайға күмән келтірушілер шығып, бүйректен сирақ шығарғаны жанға батады. Қалай ойланбаймыз, қашанғы қазақтың игі жақсыларының, тектілерінің қасиетін кемітіп, қара күйе жағуға тырыса береміз. Өзімізді-өзіміз жоққа шығарғаннан не ұтамыз? Тіпті, өзге ұлттарға, қазақпен араласып жататын көршілес елдерге мазақ боламыз-ау деп неге ойланбаймыз? Мысалы, орыс халқы тіпті мемлекеттік тұрғыда атсалысып, бұрын қараланып келген тұлғаларының бәрін ақтап алды. Ал, біздікі не? Жарайды, кеңес дәуірінде бұған саясат кінәлі дедік, идеология кінәлі дедік, ал осынау тәуелсіз қоғамда өмір сүріп отырып, «қазақтың абыройын асқақтатқан, халқының мүддесін қорғаған ерлерімізге неге соқтыға береміз?

Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер қандай саясат дауылы соқса да, желкелерінен сұм үкіметтің оқтаулы мылтығы төніп тұрса да, еліне жан-тәнімен қызмет етті, қазақ әдебиетінің іргетасын қалады, жанрлық тұрғыдан байытты, жаңа идеялық-тақырыптық сапаға көтерді, өздерінен кейінгі әдебиетке даңғыл жол салды. Олар сөз жоқ, жаңашыл өркендеген әдебиетімізге жетекші тұлғалар болды. Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер – халқымыздың мәңгілік мақтаныштары, жер бетінде қазақ халқы жасап тұрғанда бұл үш арыстың да аттары ешқашан өшпей, жұртымен бірге жасай бермек.

Дәулет ӘМІРҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар