Болат ағаның өнегелі өмір өрімдері

Сексеннің сеңгіріне табан іліктіріп, күні кеше фәниден бақиға көшкен Көкшетау қаласының, Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау ауданының құрметті азаматы Болат аға Көшімбаев ой көзімен зер салып, көңіл таразысымен безбендер болсақ, қызылды-жасылды дүниенің азабын да арқалап, қызығын да көрген екен. Ең бастысы, сонау балғын шақта көкірегіне ұялаған ізгі бір арман жан жүрегін аялап, қисапсыз қуат бітіріп, алға жетектеген де отырған. Қай қиырда жүрсе де өзінің ең алдымен азамат екендігін есінен шығармауға тырысыпты. Ал, азамат деген ұғым Алаш баласы үшін өте қастерлі.

Жалған дүниенің әр күнін тынымсыз еңбекпен өткізу бала кезінен санасына құйылған бұлжымас қағида еді. Ол еңбек алдымен қоғамға, өз Отанын өркендетуге бағытталуы керек. Балалық шақты өзге де замандастары тәрізді қиын кезге тап келді. Боркемікті боздай тоздыратын қатал сынақтан сүрінбей өтті. Сүрінбеуіне әуелі тұла бойына табиғат сыйлаған қайсарлық себеп болды. Қиындық атаулымен күреске түсті. Жалғыз қайсарлық жетімсіз болар еді, бақытын табуға бағыт берген – аңғарымпаздығы, тұла бойындағы тұнық сананың таңның мөлдір шығындай тазалығы, берік білім. Әлде білім бірінші ме екен?! Мектепте де алғырлығымен танылды. Кейін де қатарластарына қарасын шалдырмады.
Кіндік қаны тамған Жаңатуған ауылында еңбекпен өсіп, жетілген Болат аға 1969 жылы Омбы мемлекеттік мал дәрігерлік институтын қызыл дипломмен үздік аяқтады. Целиноградтағы ауыл шаруашылығы басшыларын даярлайтын алты айлық курста тағы да білім нәрімен сусындады. Осы курсты оқып бітіре берген кезде облыста Фрунзе атындағы жаңа шаруашылық ұйымдастырылып, сол шаруашылыққа директор болып тағайындалды. Міне, осы кезден бастап өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытуға біржола бет бұрған жемісті жылдардың жеңісті соқпағы сабақталды. Бұл совхоз бұрынғы Қызылағаш ауылының негізінде құрылған екен. Сөз арасында Қызылағаштың Абылай ханның қыстауы болғандығын айта кетсек артықтығы болмас. Жаңа шаруашылықтың құрамына Мезгілсор, Ескі, Жаңа Қарабауыр, Әзібай, Қымызнай ауылдары енген екен. Жаңа шаруашылықта А.Айдарханов, М.Досанов, Н.Қасенов, Ж.Оразбаев, Е.Әубәкіров, Х.Байқошқаров тәрізді бас мамандар жұмыс істеді. Жер көлемі жүз мың гектарға жететін, ал, егістік алқабының өзі 30 мың гектарға таяу.
Жаңа келген жас басшы бар істің мән-жайын ақыл таразысына салып, қатты ойға шомды. Еңбекті ұйымдастырудың тиімді жолдарын табу қажет еді. Тапты да. Сол жылдың өзінде құрылыс қарқын алды. Он бес шақырымдық асфальт жол салынды, үш мың тонналық астық қоймасы, жаңа типті 6-7 мал қорасы, елуден астам жаңа тұрғын үйлер, кеңсе құрылысы аяқталды. Аз ғана уақыттың ішінде міне, осындай ауқымды істің басын қайырды. Ал, жалпы үш жыл ішінде қой басы екі есе көбейді, ірі қараның саны екі жарым есеге артты, мемлекетке ет тапсыру еселеп өсті.
1973 жылдың қақаған қаңтарында Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков осы шаруашылыққа сапарында Болат Ахметжанұлының жұмысына дән разы болып, арада бірер ай өткенде облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісінің орынбасары етіп тағайындады. Мәскеудегі КОКП орталық комитеті жанындағы жоғары партия мектебінен кейін білімі толысқан, қайраты кемел, ақыл-парасаты кенен Болат аға Чистополь аудандық атқару комитетінің төрағалығына ұсынылды. Бұл жаңа жұмыста да абыройсыз болған жоқ.
1983 жылы ажарлы Айыртауға аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып барды. Бұл кезде аудан облыстағы жер көлемі жағынан аса ірі әкімшілік орталық болатын. Елу мыңнан астам халық түтін түтетіп жатыр, 15 кеңшар, кен басқармасы, геологиялық экспедиция, үш элеватор, 66 ауыл бар. Одан басқа да ұжымдар толып жатыр. Тумысынан қайсар мінезді Болат Ахметжанұлы арпалысып жүріп, геология мекемелерін тәртіпке келтірді. Бұрын 20-30 тонналық автокөліктерге лайықталып салынған тас жолдарды кеншілердің 70 тонналық зәулім автокөліктері қиратып бітірген. Арнайы қаулы қабылдап, жүк көліктерінің қозғалысына тоқтау салды. Кен қазу жұмысы кідіріп қалды. Сол-ақ екен, Мәскеуден бастап шу көтерді. Бірақ, алмас қылыштай жарқылдаған Көшімбаев ыға қойған жоқ. Нәтижесінде 1250 орындық мектеп, 250 орындық аурухана, 600 орындық емхана еуростандарттарға сай салынды. Оған қоса, күні бүгінге дейін халыққа қызмет етіп тұрған «Ақтоқты» мейманханасы бой көтерді. Кеншілердің Степногорскідегі орталық мекемесінен жүзге жуық «Жигули» мен «Москвич» автомашиналары, үй жиһаздары, сол кезде қасқалдақтың қанындай тапшы көптеген тұрмыстық бұйымдар алынып, кезекте тұрған халыққа бөлініп берілді. Алпауыттармен арпалысып жүріп, Шоқан Уәлихановтың туғанына 150 жыл толуына орай өткізілетін мерейтойына дайындық мәселесін де ширата түсті.
Сырлы Сырымбет көз сүйсінерліктей болып ажарланды. 240 орындық мәдениет сарайы салынды. Сарайдың алдындағы аумағы атшаптырым алаңқайға Шоқанның бюсті қойылды. Етек-жеңі кең пішілген ауыл көшелеріне тегіс қатты жамылғы төселді. Үш қабатты мектеп үйі сонадайдан көз тартатындай ажарға енді. Жергілікті жанашырлар Зәйкен Атығаева, Күлпан Хайруллиналардың арқасында Шоқан мұражайы жасақталды. Мұражайды жәдігерлермен толықтыру жұмысы қолға алынды. Алматы, Талдықорған, Семей, Омбы қалаларына арнайы делегация жіберіп, Шоқанға қатысты құжаттар да жиналды. Алматыдағы археологиялық институттың мамандары Айғаным қонысын Шоқан салған суреттермен салғастыра отырып, жаңадан сызып шықты. Шоқан тойы осындай ширыққан іс-қимылмен жүзеге асырылса, Алаштың ән өнеріне өлмес мұра қалдырған Ақан серінің салтанатты тойы да биік деңгейде аталып өтті. Той қарсаңында «Атоммаштың» одақтық министрі В.Коновалов, көмекшісі С.Смирнов және Степногорскідегі тау-кен химиялық комбинатының директоры А.Лучина келіп, аудан басшысы Б.Көшімбаевтың қатысуымен келелі мәселе қарады. Ол мәселе – Кеңащы ауылына 42 үй салу. Несін айтасыз, Сері туған ауылда ертегідей жылдамдықпен құрылыс қарқынды басталды. Жаңа жобамен 64 коттедж, зәулім мектеп, салтанатты сауда орталығы, балалар бақшасының құрылысы қолға алынды. Ақан серінің ескерткіші орнатылып, су құбыры тартылды.
Өткен жылы Серінің туғанына 175 жыл толуына орай Болат Ахметжанұлының бастамасымен Кеңащыда тағы да ас беріліп, құран оқылып, әдемі кеш өткізілді. Арада қанша жыл өткеннен кейін бір кезде өзінің маңдай терімен салынған, бұл күнде бұрынғы салтанатынан ажырап бара жатқан ауылға қарап, Болат ағаның өзегін от шалғанын айқын сезіндік.
Бір кезде көрген жанның көзін сүйсіндіретін, жұмыртқадай жұтынған коттедждердің көбі қаңырап, бос тұр. Бала саны жетпегесін, зәулім мектеп үйі жабылған. Қаншама қаусап, қираудың алдында тұрған есіл ғимараттар. Соның ішінде алдына қылқұйрықты салмаған ерен жүйрік – Құлагерімен құйғытып келе жатқан, оң жақ қапталында қасқырды қынадай қырған әйгілі қазақы төбет – Басарала, тұғыр үстінде құс біткеннің қыраны, Ақан серінің әйгілі «Қараторғай» әніне арқау болған, Зілқараның Әлібегі сыйлаған қыран бүркіті – Қараторғайы бар Ақан серінің ескерткішінің өзі бір биіктік емес пе! Іргеде Құлагер құдығы. Осы ескерткіш кешеніндегі дала сахнасында Ақан әндерінің байқауын өткізбек ойы да бар болатын.
Болат ағаның ендігі басты арманы осы ауылдың бұрынғы ажарын қайтадан қалпына келтіру еді. Зейнетақысын түгел беруге бар-ды. Арнайы қор ашпақшы болған. Ауылға баратын жолды жөндесем, босап қалған үйлерге ел қондырсам деген. Айтпақшы, өткен Мәуліт мерекесінде Көкшетау қаласындағы 8 март көшесіндегі екі қабатты зәулім коттеджін иман жолындағы жас балаларды оқыту үшін медресе етіп тегін бергені де ел есінде. Осындай адамды қалай «өлді» деуге болады. Бүгінгі қырық күндік дұғаңызда да сеніммен айтарымыз – аяулы есіміңіз, елге арнаған ерен істеріңіз әрдайым халқыңыздың жадында, Болат аға! Сіздің сүйікті жан-жарыңыз, марқұм Тілеулес апайымызға сезім бесігінде құндақтаған өмір бойғы сүйіспеншілігіңіздің, бүгінде қазақтың үлкен азаматтарына айналған ұлдарыңызға берген өнегелі тәрбиеңіздің де шарапаты талай ұрпақтың санасына ізгілік нұры болып құйылары анық. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын, Көкшетау елінің жұрт көңілінен кетпес текті бір алдаспаны!
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар