Батыр рухына тағзым

Кеңестер Одағының Батыры, жазушы, ғалым Мәлік Ғабдуллиннің туған күніне орай, Батыр рухына тағзым ету мақсатында

Көкшетау қаласының орталық саябағында орналасқан қазақтың біртуар ұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі болып өтті. Көкше жерінің зиялы қауымы ер Мәліктің ескерткіші жанында Отан үшін от кешкен азаматтың жүріп өткен өмір жолы туралы баяндады.

Ескерткіш алдында Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, Көкшетау техникалық институтының басшысы Сырым Шәріпханов батыр аға туралы тебірене сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
Батыр ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен кейін Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті Көкшетау техникалық институтының, «Әскери ғылымдар академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі Мәлік Ғабдуллин музейімен бірлесе отырып «Ғалым Мәлік Ғабдуллин және жаңа қазақстандық патриотизм» атты IІ республикалық ғылыми-теориялық конференциясын өткізді.
Конференция жұмысына институттың басшылығы, оқытушы-профессорлық құрамы мен курсанттарынан басқа еліміздің беделді қоғам қайраткерлері, зерттеуші-ғалымдар мен еліміздің алдыңғы қатардағы жоғары оқу орындары мен мұражайларының ғылыми қызметкерлері мен студенттері қатысты.
Жиынды институттың басшысы, техникалық ғылымдар докторы Сырым Шәріпханов құттықтау сөзбен ашып, өзі жүргізіп отырды.
Пленарлық отырыста патриоттық тәрбие және ел игілігі үшін Отанға адал қызмет етудегі ұрпақтар сабақтастығы туралы көкейтесті мәселелерді қозғайтын келелі баяндамалар талқыланды. Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин атындағы музейдің директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек батыр Мәліктің ерлікке толы ғұмыр жолы туралы айта келіп, тұғырлы тұлғаның бейнесін ұлықтау мақсатында атқарылып жатқан игі істер туралы баяндады.
Конференцияға қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырған тағылымы мол тәлімді баяндама жасаған ақын, драматург, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов. Жазушы Мәлік Ғабдулиннің шәкірті болғандығын айта келіп, ұлы ұстаздың адамгершілігі, кісілік келбеті, парасат-пайымы туралы тарқатып айтып, өскелең ұрпаққа үлгі болар өнегесін баяндады. Студенттік кезінде албырт жастықпен тентектік жасағаны үшін ордалы оқу орнынан шығарып жібермекші болғанда да Мәлік Ғабдуллиннің өзі араша түсіп, оқуын жалғастыруға септігін тигізгендігін де жазушы тебірене жеткізді. Мінекей, шәкіртке деген ұстаздық пейіл, зор ықылас осындай болса керек. «Сол кезде мені оқудан шығарып жіберсе, менің болашағым қандай боларын кім білсін» деді аға ағынан жарылып. Жиында Көкшетау қаласындағы техникалық институтқа Мәлік Ғабдуллиннің есімін беру туралы мәселелер де көтерілді. Бұл мәселеге байланысты өз ойын жазушы Баянғали аға былайша сабақтады:
– Көкшетау техникалық институтының М.Ғабдуллин музейімен бірлесіп, қазақтың бірегей тұлғасын ардақтауды дәстүрге айналдырғаны – бір ғажап сүйсінерлік іс. Осы институтқа М. Ғабдуллин есімін беру мәселесі біраздан бері көтерілген екен. Бүкіл ел қолдап, республикалық төтенше жағдайлар комитетіне ұсыныс жіберсе, ол жақтағылар: «Бұл өрт сөндірушілердің оқу орны ғой. Мәлік Ғабдуллин өрт сөндіруші емес қой!» – деп, қабылдамапты. Соған орай: «Қалайша өрт сөндіруші емес? Ол нағыз өрт сөндіруші, ол кісінің сөндірген өртінің жанында сендердікі түк емес! Мәлік Ғабдуллин фашизмнің өртін сөндірген!», – деп еді залда отырған қауым ду қол шапалақтап ризашылықтарын білдірді.
Сонымен қатар, жиында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қадыржан Әбуев, Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы әскери институтының әскери педагогика және психология кафедрасының бастығы Мұрат Шапашев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Есмағұлов, халықаралық қатынастар, тарих және әлеуметтік жұмыс кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Ардақ Қапышев және басқалар баяндама жасады.
Конференция соңында оның тәжірибелік маңыздылығы айтылып, қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар