Ұлы даланың тарихы мен рухын болашаққа жалғаған

Осындай тақырыпта Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының көпшілік іс-шаралар және қоғаммен

байланыс бөлімінің ұйымдастыруымен белгілі тарихшы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жамбыл Артықбаевтың «Абылай хан» кітабының тұсаукесері болып өтті. Әдеби кешке Көкшетау қаласының зиялы қауым өкілдері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында жиналған қауым назарына Жамбыл Артықбаевтың 60 жылдық мерейтойына өзі қызмет ететін ұжымы – Л.Гумилев атындағы университетіндегі әріптестері арнайы түсірген бейнефильм мен «Қазақ елі» мультфильм-трейлері көрсетілді. Балдырғандарға арналған бұл мультфильмнің авторы – Жамбыл Артықбаев. Аталмыш жоба – өскелең ұрпаққа ұлтымыздың тарихи тұлғаларын анимациялық көрсетілімдер арқылы жеткізу және олардың бойында елжандылық, батырлық, отансүйгіштік сияқты абзал қасиеттерді дамыту мақсатында қолға алынған екен.
– «Абылай хан» кітабы бір-екі жылда жазыла салған дүние емес. Бұл еңбекпен 7 жылға жуық айналыстым. Абылай ханның 300 жылдығы аталып өткен тұста осы идея ойыма келген. Жалпы, бұл кітаптың тұсаукесері қасиетті Көкше жерінде өтіп жатқанына қуаныштымын. Біз ежелден ырымшыл халықпыз ғой. Кешегі хан Абылай ордасын тіккен қасиетті мекенде Абылай хан туралы жазған кітабымның тұсаукесері өтіп жатқандығы зор қуаныш. Осы орайда бұл іс шараны ұйымдастырушыларға зор алғыс айтқым келеді, – дей келіп, жиналған қауымға ақжарма тілегін білдірді автор.
Кеш сұрақ-жауап форматында өтті. Әдеби кешті кітапхананың балалар бөлімінің сектор меңгерушісі Нәзира Ташкенова жүргізіп отырды. Ол құрметті қонаққа балалық шағы, өмірі, шығармашылығы туралы сұрақтар қойып, оқырмандарға кітап авторы туралы мол мағлұмат алуларына мүмкіндік тудырды. Осылайша жиналған көпшілік қауым тарихшының әр алуан сан қырлы өнерімен жақынырақ таныса алды.
– Әбілмансұрдың қашан Абылай атанғанын анықтау үшін алдымен Абылайдың қай жылы туғанын анықтап алмақ керек. Егер біз Абылай 1711 жылы туды деген әдебиетте қалыптасқан жорамалды қолдасақ, онда Аңырақай соғысында жас төре 18 жаста болмақ, ал, Абылай 1713 жылы туды деген пікірді қолдасақ, онда 16 жас-
та болмақ. Қазақ деректері Әбілмансұрдың «Абылай» атануын қалмақтың атақты қонтәжісі Қалдан Сереннің туысы Шарыш батырмен жекпе-жекпен байланыстырады: «Жиырмаға жасың толғанда, Қалмақпен соғыс болғанда, Алғашқы бақты тапқанда, Шарыштың басын қаққанда…». Үмбетей жырау бұл жерде «жиырмаға жасың толғанда» деп нақты уақыт межесін нұсқап тұр. Бұқар жырау бір толғауында «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде ақ сұңқар құстай түледің» дейді (Көпейұлы М.Ж. Шығармалары.
7т. Павлодар, 2006. -6 б.). Біз Абылай 1713 жылы туды деген пікірді қолдаймыз, сонда оның Шарыш батырмен жекпе-жекке шыққан уақыты 1733 жыл болмақ, яғни, тура 20-ға келген шағы, – дейді тарихшы.
Бұл пікірге келіспегендер де болды. Десек те, әдеби кештің өн бойында Жамбыл Артықбаевтың жаңа туындысына зиялы қауым өкілдері тарапынан жоғары баға берілді. Белгілі өлкетанушы, қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысов Жамбыл Артықбаевтың «Абылай хан» кітабы туралы өзінің жылы лебізін білдіре келіп, сый-сияпат жасады. Сонымен қатар, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл белгілі тарихшының еліміздің ғылым саласына сіңірген еңбегі туралы тарқатып айтып беріп, ыстық ықыласын жеткізді. Елімізде «Абылай хан» туралы жазған елеулі еңбектердің авторы, тарих ғылымдарының докторы, ғұлама ғалым Қадыржан Әбуев те осы кеште өз пікірін ортаға салды.
Әдеби кеш барысында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншілері әсем әннен шашу шашып, кеш ажарын аша түсті. Тұсаукесер соңында кітап авторы кітапхана ұжымына өз қолтаңбасын қойған кітаптарды тарту етті. Ал, әдеби кеште айтулы ғалымның өз аузынан тарихи оқиғаларды естіп білген студент жас-
тар тарихшы ғалымға алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсті.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар