Бірлігі жарасқан берекелі ауыл

Өткен жылы біздің Дөңгілағаш ауылының үйлері жаңартылып, көше абаттандырылып, біршама игі істер атқарылды. Оның ішінде негізгі мектептің музейі де жаңартылды.

Музейде осынау 90 жылдың ішінде атқарылған игі істермен, ауылдың атақты тумаларымен және кеңестер заманындағы ауыл тұрғындарының ерен еңбектерімен танысуға болады. Сондай-ақ, мұрағат пен материалдар тәуелсіздік жылдары қол жеткізілген жетістіктер жөнінде сыр шертеді. Мұндағы бір бұрыш Ұлы Отан соғысының қатысушыларына арналған. Оның ішіндегі стендтерден Отаны үшін қыршын жанын қиған боздақтардың ерлігі мен жеңіспен оралған аталарымыздың естеліктерін оқуға болады. Бүгінгі күні өз ұрпақтарын тәрбиелеп өсіріп отырған ата-әжелеріміз бен аға-жеңгелеріміз ауылда тұрып жатыр. Олардың елдің өркендеп өсуіне қосқан үлестері жөнінде ерекше атап өткім келеді.
Атамыз Жолдаңғар Қасайынұлы 2019 жылдың 15 маусымында дүние салды. Ол ХХІV партсъезд атындағы кеңшарға қарасты Дөңгілағаш трактор-егіс бригадасының бригадирі бола жүріп, ауылдың дамуына көп үлесін қосты. Бригадада Бекеш Ескендіров, Серік Балтабаев, Ерболат Рақымов, Айдарбек Тұрлыбеков, Есмағамбет Атымтаев, Жылқайдар Ақылбеков және өзге де ағаларымыз еңбек етіп, алдыңғы қатардан көрінді. Осынау үлкен марапатқа ие болған атамыз бен ағаларымызды мақтан етеміз, келешек ұрпаққа үлгі тұтамыз. Бекеш, Серік, Ерболат, Айдарбек ағаларымыз көктемнен қара күзге дейін егін алқабында жұмыс атқарса, қыс айларында да қол қусырып қарап отырмады. Қар тоқтату, техниканы жөндеу, жолды қардан тазалау жұмысына араласты.
Ауыл тұрғындары егіншілікпен қатар, мал шаруашылығымен де айналысты. Мал шаруашылығына жетекшілік еткен атамыз Дәулет Нұралин ет өткізу жоспарын артығымен орындап, талай рет сый-сияпатқа ие болды. Ол Нұрташ пен Төлеген Кұсайыновтарға, Әптар Жахин мен Кенжебай Жақыпов сияқты жастарға мал өсірудің қыр сырын үйретті. Қазір ауылдың өрісі малға толы болса, алқаптарында дәнді және бұршақты дақылдар өсіріледі. Ауыл тұрғындарының көбі «Алтынтау-Көкшетау» серіктестігінде еңбек етіп, өз нәпақасын тауып жүр. Жұмыссыз жүрген адам жоқтың қасы. Сондықтан болар, берекелі елдің бірлігі нығайып, келешекке сеніммен қарайды.
Балапан ҚАСАЙЫНОВА,
Дөңгілағаш негізгі мектебінің директоры.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар