Ұстаздық еткен жалықпас…

Ойшыл, ғалым Жүсіп Баласағұн «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады» деген екен. Осы орайда, мен 2019-2020 оқу жылынан бастап Біржан сал ауданына қарасты Макин орта мектебі директорының міндетін атқарып келе жатқан ұлағатты ұстаз Толыбай Рақымжанов жайында аз-маз қалам тербегім келіп отыр.

Алдына мектептің, мұғалімнің беделін көтеру, білімді, білікті, инабатты оқушы тәрбиелеу мақсатын қойған Толыбай Сапарұлы Целиноград ауданы Шалқар ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Сапар Күмісбекұлы ауыл мұғалімі болып қызмет істесе, анасы Зейнеш Алғашқызы сегіз баланы дүниеге әкеліп, бар саналы ғұмырын отбасына, бала тәрбиесіне арнаған жан. Бүгінде әкесінің жасы 84-ке, анасынікі 74-ке қарады.
Толыбай Рақымжанов еңбек жолын 1986 жылы Шалқар орта мектебінің сол кездегі директоры Асқар Қабыкенұлының шақыруымен, әскери жетекші ретінде бастаған. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан басталады» демекші, Толыбай Сапарұлы өзін мектеп кезінде тәртіпке, тәрбиеге, адал да, әділетті, өз Отанының патриоты болуға үйретіп, бағыт берген ұстазын жылы лебіздерімен еске алады, сол кісінің кейбір мінез-құлқы қазір өз бойында бар екендігін, ұстазына деген еліктеушілік қасиеті болғандығын мақтанышпен айтады.
Өз мектебінде дәріс берген алғашқы әскери дайындық мұғалімі Темген Хасенұлын үлгі тұтып, ұстаздық жолын қуып келе жатқанына биыл 34 жылға аяқ басты. Еңбек жолында біршама жағдайларға байланысты жұмыс орындары ауысқан. Атап айтсақ, 1997-1999 жылдары Целиноград аудандық мәдениет үйінің меңгерушісі болған, одан кейін осы ауданда мәдениет бөлімін басқарған. Отбасылық жағдайға байланысты Орал қаласына қоныс аударып, сондағы мектептерде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып қызметін жалғастырды. 2008 жылы мектепте «Айбын» әскери-патриоттық клубын ұйымдастырып, осы клубқа жетекшілік етті.
Одан кейін Орал қаласында тәртібі қиын балаларды тәрбиелейтін «Қайсар» далалық-ерлік лагері ашылып, Толыбай Сапарұлы сонда басшы болып тағайындалады. Балаларды тәрбиелей отыра, біршама жетістіктерге жетеді. 2014 жылы Біржан сал ауданына қоныс аударып, былтырға дейін осындағы мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып еңбек етті.
Оның еңбек жолында жеткен жетістіктері жетерлік. Алғыс хаттар, мадақтамалар, дипломдармен бірге, екінің біріне беріле бермейтін «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков» медалімен, «Қазақстан патриоты» медалімен, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Батыс құрамасының үздігі» төс белгісімен, «СССР Қарулы Күштеріне 70 жыл» мерейтойлық медалімен, «Кеңес әскерін Ауғанстаннан шығарғанға 20 жыл» медалімен, Отан республикалық қоғамдық бірлестігінің төс белгісімен марапатталған. Әрине, мұның бәрі еңбектің арқасында.
Шәкірттері ұстазымен үнемі хабарласып, кеңесіп, қал-жағдайын сұрасып тұрады. Макин орта мектебін басқарып келе жатқанына көп бола қоймаса да, Толыбай Сапарұлы өзін өте жауапты, адамгершілігі мол, жан-жақты ізденімпаз, шығармашыл, заманауи көзқарастағы басшы ретінде көрсетті. Мектептегі сыныптан тыс тәрбиелік бағыттағы іс-шараларға үлкен мән береді. Ол кісі ата-аналар мен балалар, мұғалімдер тығыз байланыста болып, әрдайым жұмыла жұмыс істеулері керек деп есептейді.
Мектеп ұжымының қолдауымен аз ғана уақыттың ішінде көптеген жұмыстар жүргізді. Ата-аналар үшін ашық есік күні, «Мектеп барысы» сайысы, әртүрлі тәрбие сағаттары өткізіліп, қуыршақтар театры ашылды. Облыстық «Көкше» телеарнасы келіп, мектеп өмірі туралы репортаж түсірді. Мектептің дамуына қатысты алға қойған жоспарлары да біршама және соның жүзеге асуына бәріміз дерлік атсалысамыз.
Толыбай Сапарұлы сыйлы ұстаз, ардақты әке ғана емес, немерелеріне үлгі боларлық данышпан ата. Тұңғыш ұлы Нұрлан жеке кәсіпкер. Дастан мен Дархан атты егіз ұлдары да бір-бір мамандық иелері. Кейіпкеріміз бос уақытында өлең жазып, қазақтың қара домбырасымен ән айтқанды ұнатады. Осы ретте, мына бір қуанышты жайтты айта кетсек, артық болмас. Үстіміздегі айда ұлағатты ұстаз, білікті басшы Толыбай Рақымжанов 55 жасқа толды. Оның қызметінің жемісін көріп, абыройлы ұстаз болып жүре беруіне тілектеспіз.
Мәнсия ӘБЖАНОВА,
Макин орта мектебінің мұғалімі.
Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар