Ұлтаралық татулық – басты байлығымыз

Көкшелік кәсіпкер Елена Мащинскаяның есімі өңірге етене таныс. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстан кулинарлары одағының президенті, облыстық мәслихаттың депутаты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 6 ақпандағы әлеуметтік кәсіпкерліктің бір топ өкілдерімен кездесуіне Елена Ивановнаның да қатысуы жерлестерінің мерейін өсіре түсті. Біз Қазақстан қоғамының дамуындағы бейбітқатар тіршіліктің, ынтымақ пен берекенің маңызын айрықша қадірлейтін жанды сұхбатқа шақырып, бүгінгі тіршілік ұстанымына қатысты пікірлерімен бөлісуді өтінген едік.

– Елена Ивановна, ұлы мұраттарды ұлағатты ел қалыптастыратыны шындыққа айналған дәуірде өмір сүрудеміз. Бұл тәуелсіз қоғамның үлкен жетістігі. Ендеше, Мәңгілік Ел идея-
сы арқауындағы жұмылдырушы құндылықтар қағидаты қандай тұтқаларға сүйенеді?
– Елбасымыз өзінің институттық реформасының төртінші бағытында «Мәңгілік Елдің» мынадай сипаттамасын берді: «…Азаматтық теңдік; еңбексүйгіштік; адалдық; оқымыстылық пен білімді қастер тұтатын зайырлы ел – тағаттылық елі». Сондықтан, көпұлтты, көпконфессиялы Қазақстан тұрақтылық пен келісім моделін дамытуда айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Әйткенмен, үнемі алға ұмтылатын мемлекеттің мерейлі межесі болатынын ескерсек, қазақстандық біртектілікті одан әрі нығайту қажет. Аталмыш бағдарламада барлық азаматтар құқықтың бірдей көлемін пайдалануы, жауапкершіліктің бір жүгін арқалауы және тең мүмкіндікке қолжетімділікті иеленуі керектігі айтылды. Бұл азаматтық орнықты және табысты мемлекеттің ең сенімді іргетасы болмақ. Іргелі де ілгері істерге кепілдік беретін Қазақстан Конституциясының артықшылығы да осында.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кешегі кездесуде бастамашылдық бағдарламаларында қазіргі қоғамымыздың негізгі ойыншысы ретінде орта тап, яғни, әлеуметтік кәсіпкерлік өкілдеріне үлкен жауапкершілік жүктелді. Мұның мәнісі неде деп ойлайсыз?
– Мұны Қазақстан Президентінің отандастарымызды қоғамдық белсенділікке, экономикалық жаңғыртуларға шақырған үндеуі деп қабылдауымыз керек. Ешқайсымыз да мемлекеттік мүддеден шет қалмауымыз қажет. Ол еңбексүйгіштіктен басталады. Еңбек қатынастарына араласу арқылы кәсіптің кез-келген саласы бойынша ортақ үлесті еселеу тіршілікті түзету ғана емес, мақтаныш сезімін оятқаны ләзім. Мен өз ісімді қарапайым нан жабушыдан бастаған едім. Нан пісіру, тағам дайындау, қонақ күту, мәзір байлығы адам баласының ізгі мұраттарының бірі. Сондықтан, мен кәсіпкерлік қадамымды «Дастархан» атауы-мен нығайтып келе жатқаныма қуанамын. Алыс және көрші мемлекеттердегі кулинарлық байқаулардан жүлдесіз келген емеспін. Мұның өзі біздің кеңжайлау халық екендігімізді, көрсететініміздің көп екендігін білдіреді. Ендеше, орта тап осындай қозғалыста бастамашылдық рөл атқарып, қоғамдағы салмақты орнын алып үлгерді деуге болады. Президенттің биылғы күзде әлеуметтік кәсіпкерлердің бірінші форумын өткізу жөніндегі ұсынысымызды қолдауын осымен байланыстыруға болады.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында: «Уақыт бір орында тұрмайды, ол біздің алдымызға сараптамалық жұмысты жетілдіріп, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда халықтың әр тобын қатыстыру сияқты жаңа міндеттер қояды», – деп атап өтілген болатын. Мұнда жергілікті ассамблея қандай істерге ұйытқы болып жүр?
– Бұл бағытта біздің облысымызда нақты шаралар қолға алынуда. Бүгінде Ақмола ассамблеясы барлық мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктер, саяси партиялар, жастар ұйымдары, еңбек ұжымдарымен тығыз қарым-қатынастағы жұмысты барынша жетілдіріп келеді. Өзім чуваш этномәдени орталығына жетекшілік етемін.
Өңірлік ассамблеяның құрамында елге сыйлы 116 азамат бар. Олардың барлығы да аймағымызды мекен еткен этностардың тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін сақтауға елеулі үлес қосуда. Қолға алынған жұмыстарды жетілдіру, жергілікті жердегі жағдайды зерттеу мақсатында облыстық ассамблея хатшылығы түрлі деңгейдегі кеңестердің көшпелі отырыстарын аудандарда өткізіп тұрады. Аталған жиындар барысында өзара сенім мен сый-құрмет жағдайында бірқатар өзекті мәселелер оңтайлы шешімін табуда. Бұдан басқа, Ақмола ассамблеясының жұмысын ғылыми тұрғыдан қолдау, этносаралық қатынастарды жүйелі және мақсатты түрде мониторингілеуді ғалымдар, тарихшылар және саясаттанушылардан құралған ғылыми-сараптамалық орталық жүзеге асырады. Орталық мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктердегі идеологиялық жұмыстың бағыт-бағдарын айқындаған ғылыми-әдістемелік, ақпараттық материалдарды жариялап отырады. Аталған жұмыстардың барлығы да діни экстремизмнің алдын алып, жас ұрпақтың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға бағытталған.
Ұлтаралық татулық мәселелерін жан-жақты, салмақты түрде облыстық ассамблея жанындағы Журналистер клубының мүшелері жариялап отырады. Оған республикалық, облыстық, қалалық газеттер, телеарна, радиолардың тілшілері мүше. Ассамблея жұмысын көрсетудегі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін айрықша атап өткім келеді. Бұған аталған қоғамдық ұйымның қоғамдық-саяси үрдістердегі үлесі бұдан жеті жыл бұрынғы 25 пайыздан 85 пайызға көтерілгендігі дәлел бола алады. Бұл – этносаралық татулықты сақтаудағы қарқынды өсім.
– Институттық реформада тіл, әсіресе, мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөлінді. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?
– Мемлекеттік тіл мен өңірімізді мекен еткен этностардың тілдерін дамыту – облыстық ассамблея жұмысының басым бағыттарының бірі. «Қоғамдық келісім» сарайында тіл меңгеру курстары жұмыс істейді. Бұған қоса, осы өңірде тұратын 8 этностың тілін үйрететін «Шаңырақ» тілдерді оқыту мектебінің де шәкірттердің білімдерін жетілдіріп, олардың бойында сол ұлттардың салт-дәстүрлеріне деген қызығушылықты арттырудағы орны ерекше. Шәкірт демекші, облыстық «Видергебурт» неміс қоғамы мектепке дейінгі жастағы балаларды қосымша даярлықтан өткізуге мүмкіндік беретін «Вундеркинд» орталығының жұмысын ширатуда. Ондағы балғындардың бо-йына жастайынан жалпықазақстандық құндылықтар сіңірілетін болады. Облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде игі істердің ұйытқысы бола білуде. Ал, облысымыздағы чуваш ұлтының 1100 өкілі балаларын жексенбілік мектептерде өз ана тіліне үйретуде.
– Шағын сұхбатымызда қоғамымыздың басты құндылығы – халықтар достығы мен ынтымақты қатынастар туралы таратып айту мүмкін емес. Ендеше, біртектілік пен тұрақтылық жайындағы түйінді ойыңызды ортаға салсаңыз деп едік.
– Біздің барлығымызды да ортақ Отанымыз – Қазақстанға деген шексіз махаббат, кешегіміз бен бүгініміз, кемел келешекке деген ұмтылысымыз біріктіреді. Мәңгілік Отанымыз – Мәңгілік Елдің негізгі іргетасы да осы екендігі анық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар