4-ші тоқсан! Қашықтықтан оқытудан басталды

Елімізде мектеп оқушылары 4 тоқсанды төтенше жағдайға байланысты қашықтықтан оқытудың жаңа форматы бойынша бастады. Осыған орай, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенованы әңгімеге тарттық.

Мектептерде биылғы оқу жылының төртінші тоқсаны басталды. Қазіргі эпидемиялық жағдайға байланысты біздің облысымыздың әр жерінде түрлі оқыту жүйелері пайдаланылуда.
Ақмола облысы бойынша 127756 оқушы білім алатын 556 мектептің 447-сі қашықтықтан оқытуға көшірілді.
– Бүгінгі күні аудан орталықтарынан шалғайда орналасқан ауылдық жерлердегі 109 мектепте 5850 оқушы дәстүрлі түрде, яғни, мектептеріне барып сабақ оқып жатыр. Бұл мектептер орналасқан елді мекендер қатерлі індеттен сау екендігін айту керек. Және де бұл елді-мекендер бойынша интернет желісі өте әлсіз, «Ел арна», «Балапан» телеарналарын көре алмайтын шет аймақтар. Әрине, солай болса да бәрінде де маскалық режим, санитарлық нормалар талаптары қатаң сақталуда. Осы мектептердегі оқушылардың саны аз болғанымен, олардың бір-бірімен жақын байланыста болмауы үшін екі ауысымға бөліп оқытылып жатыр. Кабинеттік жүйе тоқтатылған. Балалар бір кабинеттен екінші кабинетке ауыспайды. Мұғалімдер ғана ауысып отырады, – деді бізге берген мәліметінде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова.
Бұл арада осы елді мекендердегі барлық мектептердің эпидемиялық жағдайлары жергілікті атқарушы органдардың қатаң бақылауында тұрғандығын айтар едік. Індет қаупі шығып жатса, қашықтықтан оқытуға ауыстырылады. Мұның бәрі ата-аналарымен келісім бойынша жасалынып отыр. Егер кейбір мектеп сыныбында оқытуға ата-аналар қарсы болған жағдайда қашықтықтан оқытуға ауыстырылады.
Қазір облысымыздың 8 аудандарының мектептері қашықтықтан оқытуға көшірілген.Бұлардың арасында Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы барлық аудандар бар. Атап айтқанда олар: Целиноград, Шортанды, Аршалы аудандары. Ал, Көкшетау қаласы мен Нұр-Сұлтан қаласы аралығындағы автобан бойындағы Ақкөл, Бұланды, Бурабай аудандары мен Көкшетау қаласының маңындағы Зеренді ауданы мектептерінің барлығы да толық қашықтықтан оқытуға көшірілген.
– Қазіргі жағдайда бізде Атбасар, Жақсы, Есіл, Жарқайың, Астрахан аудандарының оқушылары мектепке барып оқиды. Оларды күнделікті жағдайға байланысты қадағалап, қарап отырамыз, – деген Ботагөз Балапайқызы қашықтықтан оқытуға арналған бірнеше платформаларға да тоқталып өтті. Мұғалімдер төрт жыл бойы «Күнделік» платформасы бойынша жұмыс істеп жатыр. Сол «Күнделік» платформасының аясын кеңейтіп, кері байланыс орнату көзделуде. Екіншісі – «Білімленд» платформасы. Оның ішінде миллионнан астам дайын сабақтар бар. Үшіншісі, «Ел арна» мен «Балапан» теларналары арқылы екі тілде оқытылады. Сабақ кестесі түгел мектептерге берілді. Қай платформада жұмыс істейтінін мұғалімдер өздері таңдайды. «Тек осы платформада ғана жұмыс
істейсіңдер», – деген талап жоқ. Бүгіннен бастап «Балапан» телеарнасынан сабақ кестесі өткізіліп жатыр. Кері байланыс мұғалімдермен ватсап, мессенджерлер, телеграмм арқылы жүзеге асырылатын болады.
– Интернет болғанымен компьютер, планшет, смартфондары жоқ оқушыларға қандай да бір көмек бола ма? – деген сұрағымыз да жауапсыз қалмады.
Облыс бойынша бүгінгі күні 7643 бала мектептер арқылы компьютерлер, ноутбуктармен қамтамасыз етілген екен.
– Бұл құралдармен балалар уақытша жұмыс істейтін болады. Төтенше жағдай аяқталғаннан кейін ата-аналар алған компьютерлерін мектептерге кері қайтарады. Оның ішінде дәстүрлі түрде оқитын мектептер кірген жоқ. Кейде қосымша біреулерге компьютер қажеттілігі туындап жатады. Өйткені, олар «смартфонымыз бар» деп алм-ауы да мүмкін. Бірақ қажеттілік жағдайында міндетті түрде оларға мүмкіндік туғызылады. төртінші тоқсан осылай қашықтықтан оқытумен аяқталады деп күтілуде. Сондықтан, балаларды толық компьютерлендірдік деп айта аламын. Бұдан бөлек компьютері жоқ 238 мұғалім де компьютермен қамтамасыз етілген, – деп сөзін түйіндеді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар