Кәсіпкердің гүлі шаттық сыйлады

Көкшетау қаласында кәсіпкер әйел коронавирус сырқатына шалдыққан науқастарды емдеп жатқан Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансері жұқпалы аурулар бөлімшесінің қызметкерлеріне өз алғысын гүл шоқтарымен білдіргенді жөн көрді.

Ол жаны нәзік жандарды қарбалас жұмыстарының арасында бір сәт болса да қуанышқа бөлеу үшін бөлімшеге гүл шоқтарын табыс етті.

–Біз бүгін қымбатты қыз-келіншектер мен әйелдердің еңбегін атап өтсек, бұған ер азаматтар өкпелей қоймас деп ойлаймын. Өзім де осы нәзік жандылардың бірі ретінде отбасынан тыс жағдайда еңбек етудің әйел адам үшін қаншалықты ауыр екендігін жақсы түсінемін. Сондықтан, осындай қиын-қыстау кезеңде өздерінің кәсіптік парыздарын адал атқарып, біздің азаматтарымыздың денсаулығы үшін жан аянбай күресіп жатқан барлық әйелдер қауымына шынайы алғысымды білдіремін,–деді Роза.

Диспансердің жұқпалы аурулар бөлімшесінде бүгінгі таңда 26 қызметкер еңбек етіп жатса, олардың 22-і әйелдер. Осында 8 әйел де коронавирус жұқпасынан ем қабылдап жатыр. Медицина қызметкерлерімен бірге оларға да гүл тапсырылып, көңілдері бір жадырап қалды.

Гүл тапсыру рәсімі демалыс бөлмесінде өтті. Мұнда ақ халатты абзал жандар көзілдірік, маска және арнайы қорғаныс киімдерінсіз, еркін жағдайда дем ала алады. Осы бір әр жүрекке сәл де болса қуаныш сыйлаған ерекше сәтте дәрігерлер, медбикелер мен санитарлар бір-бірімен әзілдесіп, өздерін елеп, гүл жіберген кәсіпкерге де шынайы алғыстарын жасырмады.

Аз ғана үзілістен соң өз міндеттерін жақсы түсінген қызметкерлер қайтадан өз жұмыс орындарына, коронавируспен күрес шебіне беттеді. Бүгін олардың жұмыс ауысымына кіріскеніне тура он күн. Науқастарды қатерлі дерттен сауықтыру жолында бәріне де зор денсаулық, қажымас қайрат, сергек көңіл тілейміз!

Фатима РОССОЛОВА,

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар