Ұстазым, менің ұстазым!..

Есіктен кірген ұстаз жан-жағына байыппен көз салып, шәкірттерінің сәлемдесуіне басын изей, амандасқан ишара жасап, айнала бәрін шолып өтті. Бұл кірген мектеп директоры Ақан Қайыржанұлы Әубәкіров еді. Ол сәл аялдап, байсалды қалпымен оң жақтағы өз кабинетіне қозғала бергенде, залдағы тыныштықтың сырына көз жеткізу үшін, сол қапталдағы мұғалімдер бөлмесінен «біз бармыз дегендей» «барлауға» бір мұғалім шықты. Бәрі үнсіз тұрған қалыптарында директорды көзбен кабинетіне кіргізіп салды.

Сонда деймін-ау, басқа мұғалімдермен «Сәлеметсіз бе, мұғалім!», «Мұғалім, қалыңыз қалай?», – деп жапа-тармағай өзімсіне, шуылдап амандасатын әдетіміз ол кісіге жүрмейтін. Бұл – ұстазға деген «үнсіз құрмет» екенін ол кезде білдік пе?! Көбіміз «директордан қорқамыз» деп ойлайтын едік. Үйде әкеден ықпайтындарды көзбен-ақ орнынан қозғалтпайтын қасиеті бар «қатал» мектеп директоры Аманкелді ауылының үлкен-кішісінің ең басты Ұстазы болғанын кейін ұқтық қой.
Иә, біздің ауыл! Бір жағы Есілдің сағасы Талқара өзені мен бір жағы Майлыкепе көлінің арасындағы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында айтылған «қайыңды-қарағайлы», орман-тоғайлы, үлкен жолдан алыс, түкпірдегі ел қызығар тамаша табиғаттың бел ортасында орналасқан, топырағы қасиетті, суы құнарлы, татулығы берік, рухы мығым, қазақ деген ұлттың бар салт-дәстүрін, тілін, ділін, адами қасиеттерін ұстанған, кеңестік дәуірде Ақкөл ауданындағы жалғыз қазақ мектебін сақтап қалған, татар, орыс, неміс, ингуш, удмурт, башкир және тағы басқа ұлттардың өкілдерін қонақжайлылығымен, бауырмалдығымен «қазақтандырып» жіберген кеңпейілді қазақ ауылы. Біздің туып-өскен, балалық шағымыз өткен, қайда жүрсек те жүрегіміздің түкпірінде сақтайтын Аманкелді ауылы!
Ауылдағы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары ашылған мектепте әр жылдары ұстаздық еткен марқұм Қапаш Сыздықов, Мақым Ермағанбетов, Сәлім Жабағин, Әсия Жабағина және басқа да мен аты-жөндерін білмейтін мұғалімдерден білім алған шәкірттерден өрбіген ұрпақтың берісі қазіргі Нұр-Сұлтан, ол кездегі облыс орталығы, әрісі Көкшетау, Қарағанды, Алматы, Мәскеу жоғары оқу орындарына өз білімдерімен топ-топ болып түсіп, түрлі мамандық иелері атануына, өмір атты үлкен жолда дұрыс бағытта жүрулеріне бірінші себеп туған жердің, туған топырақтың, іңгәләп өмір есігін ашқаннан бойға сіңірген таза ауасы мен балдай суының әсері болса, екіншіден, бір шаңырақтан тарағандай татулықта өскен, адамдықты жоғары қойған отбасылардағы көрген өнеге-тәрбиелері, ал, үшіншіден мектепте алған білімдерінен қаланған іргетастарының мығымдығы негізгі фактор болғаны ақиқат.
Ал, осы ақиқаттың дәлеліне Қарағанды мұғалімдер институтының физика-математика факультетін бітірген соң, білімі мен біліктілігі мығым Ақан мұғалім «өзге елде сұлтан болғанша, өз елімде ұлтан болайын» дегендей, алғаш Кеңес ауылында мұғалім, кейін өз ауылымызда мектеп директоры болғанын айта аламыз.
Ол жылдар – бүгінгі күні тарих. Қазақ мектептерін жауып жатқан кезде, совхоздағы, аудандағы, облыстағы «орыстілді басекелердің» тілін тауып, аудандағы жалғыз қазақ мектебін сақтап қалған, өзі туып, өскен ауылының бар баласының, бүгінгі күні немере-шөбере, ұрпақтарының туған ана тілінде, қазақ тілінде әріп танып, сауат ашуларына, үлкен өмірге қанаттарын сенімді қағуларына, ұядан ұшырған қыран бүркіттей самғауларына дәнекер болған ардақты ұстаздың адал еңбегін «көзі тірісінде бағаламағанымызды» енді ұққандаймын.
Біз мектеп табалдырығын аттаған 1981 жыл ауылымыз үшін ерекше жыл болды. Ерекше болатын себебі, осыған дейін 8 кластық (ол кездері орта мектеп 10 жыл, негізгі мектеп 8 жыл, бастауыш мектеп 4 жыл болатын, қазіргі сынып сөзінің орнына класс деп қолданылатын) білім беретін сегіз жылдық мектеп он жылдық орта мектеп болып өзгерді. Ауылда 1966 жылы туған нағашымның кластастары бір жылды Кеңес ауылының интернатында оқып, соңғы жылын ауылдың мектебінде бітіріп шыққан тұңғыш шәкірттер болды, ал, біз сол жылы бірінші класты аяқтадық.
Ақан мұғалім өзі бізге сабақ бермесе де, мектеп директоры ретінде біздердің әрқайсымыздың қай сабақты қалай оқитынымызды, қай оқушы қай пәнге бейім екенін жатқа білетін. Педагог қана емес, сырттай қарап тұрып, біздің не ойлап тұрғанымызды біліп қоятын психолог та еді. Ол кісі математикадан сабақ берген кластың оқушылары түнде ұйықтамаса да, үй тапсырмасын орындайтын, себебі ұстаз тапсырманың уақытылы, әрі дұрыс орындалуын қатаң талап ететін.
«Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» дегендей, кішкене ғана ауылдың мектебінен шыққан жастардың тәуелсіздіктен кейін оралған ана тілімізде іс қағаздарын сауатты жүргізе алатын мамандар легін қалыптастырып, Ақкөл ауданында ғана емес, облыс, республика көлемінде, Үкімет үйі мен министрліктерде де абыроймен қызмет атқарып жүргендері бір жағынан мақтаныш болса, екінші жағынан, қанша ауылдасымыздың өмірден өз орындарын табуына қазақ мектебін сақтап, тәлім-тәрбиені дұрыс бағытта берудің кайтарымы деп білемін. Егер ауылымызда мықты қазақ мектебі, мықты ұстаздар болмағанда, қазір «шала қазақтардың» қатарын көбейтіп жүрер ме едік, кім білсін?..
Кезінде Ақан мұғалім басқарған мектеп ұжымының мүшелері бүгін ауыл ақсақалдары мен ақ әжелері, біздерге білім берген Жүніс, Малдыбай, Серік, Рауия, Раиса, Шамшылғаян, Рахима, Ботагөз, Халида, біз оқыған кездегі жас Гүлжан, Розалия, Салтанат, Төлепберген, кітапханашылар Рая, Зәкия тәтелерге, біз оқыған мектептің еденін жуып, тазалап, жыл сайын сылап, қашан дайындығымыз біткенше шыдамдылықпен күтіп отыратын Бағила, Тілеулес және марқұм Алтын апайларға, жоғарыдағы марқұм болып кеткен ұстаздарымызға бізге әріп танытудан бастап, үлкен өмірге аттестат беріп, ұшырғанға дейінгі толағай еңбектері үшін мың алғыс айтамыз!

Жұпар КЕНЖЕТАЙҚЫЗЫ,
Амангелді орта мектебінің 1991 жылғы түлегі, филология ғылымдарының кандидаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар