Ақмола облысында ұлттық бірыңғай тестілеу басталды

Ақмола облысында ұлттық бірыңғай тестілеу басталды

Ақмола облыстық білім басқармасының мәліметтері бойынша, ұлттық бірыңғай тестіні ұйымдастыру үшін облыста ҰБТ тапсырудың он бір пункті бар. Оның үшеуі Нұр-Сұлтан қаласының жоғары оқу орындарында ұйымдастырылды. Елордадағы университет базаларында Аршалы, Қорғалжын және Целиноград аудандарының түлектері тест тапсыра алады.

Ұлттық бірыңғай тестіні карантин жағдайында сапалы және ойдағыдай өткізу үшін әлеуметтік әлжуаз және аз қамтылған отбасылардың түлектерін санитарлық талаптарды сақтай отырып тест тапсыру орындарына тасымалдау шаралары ұйымдастырылған. ҰБТ тапсыру орындары дене қызуын өлшейтін және залалсыздандыратын құралдармен, санитайзер және бетпердемен жеткілікті түрде қамтамасыз етілген. Түлектер бір-бірінен екі метрдей арақашықтықта отырады. Ол үшін барикадалық ленталар орнатылған.

2020 жылдың 21 маусымында Степногорск қаласының №6 мектеп гимназиясы және Есіл қаласының №3 орта мектебі базасында ұлттық бірыңғай тестілеу өтті. Бұл пунктерде тестілеуге 188 түлек қатысады деп жоспарланды. 184 түлек қатысып, төртеуі тестілеуден бас тартты. Қатысушыларды тестілеуге жіберу барысында бір түлек телефон және шпаргалка әкелгені үшін тестілеуге жіберілмеді. Тағы бір түлек ереже бұзғаны үшін тестілеуден қуылған. ҰБТ тапсыру кезінде барлық эпидемиологиялық-санитарлық талаптар сақталынды.

Жалпы, 2020 жылы облысымыздың 4515 түлегі оқуын аяқтаса, оның ішінде ҰБТ тапсыруға өтініш бергендердің саны 3718 адамды немесе 82,3 пайызды құрады.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *