Моңғолияның қоғам қайраткері

Моңғолияның қоғам қайраткері

Қашқынбай Мәлікұлы 1918 жылы Моңғолияның қазіргі Баян-Өлгий аймағының Уланхус (Қызылқайың) елді мекенінде Мәліктің жанұясында дүниеге келген. Кедей жанұяда өмірге келгендіктен ес біле, Хийрэв, Боролдайларға жалданып, моңғолдың малын бағып әке-шешесін асырайды. 1930 жылдардың басында Моңғолияның қазақтарының балаларына сабақ беруге Семей өңірінің тумасы Бердіқожа Тоқтарғажыұлы Жолтаев арнайы тапсырмамен барып, балаларды мектепке шақырады, көптеген ата-аналар сабаққа бергісі келмейді. Соның бірі Қашқынбай Мәлікұлының әке-шешесі. Баласы барайын десе де әке-шешесі бермейді, ақыры, әке-шешесіне өз қалтасынан әжептәуір ақша беріп мектепке алады.

Мұнда бірер жыл оқып, сауат ашып, Қобда аймағынан мұғалімдер мектебінің үшінші класын бітіріп, үгіт бригадасында аудармашы болып қызмет жасайды. Еңбек жолын тізбелесек 1938 жылдан Уланхус, Дэлун, Бұлғын сұмындарында мұғалім, 1940 жылдан аймақтың оқу бөлім бастығы, 1942-1943 жылдары аймақ бастығының бірінші орынбасары, 1944-1957 жылдары аймақтың партия комитетінің бірінші хатшысы, 1957-1962 жылдары Халық Ұлы Хұралының басқарма мүшесі, хатшысы, 1964 жылы Қобда аймағында прокурор, 1965 жылы Увсы аймағында партиялық бақылау комиссиясының бастығы, 1968-1973 жылдары Баян-Өлгий аймағы Ногоннур (Жасыл көл) және 1973-1976 жылдары Бұғыты сұмын бірлестіктерінің бастығы, 1976-1978 жылдары аймақ әкімшілігінде отбасы-нотариат бастығы болып, 1978 жылы дербес зейнетке шыққан мемлекет және қоғам қайраткері. Мұғалімдер мектебінен кейінірек 1955 жылы Қазақстан жоғары партия мектебін, 1961-1964 жылдары Моңғол мемлекеттік университетін бітірген саясаткер, заңгер.
Өз естелігінде: «Үш жылдық біліммен басшылық қызметке тағайындалуым партия сенімі, халық сенімі, маман адамдардың жетіспеушілігінен болу керек» дейді. Басшы органның адамдары оның қажыр-қайратын, ұйымдастыру қабілетін, Отанға деген адалдығын бағалаған болуы керек. Қазақ халқы өз дәстүр-салтын сақтап, өз елін өзі басқарып, топтан қалмай еңбек етіп, оқып үйреніп, ел басқарсын деген Моңғол елінің саясатының шарапаты шығар. Турасын айтатын, қорғалақтап, қорықпайтын адам еді. 1973 жылдың көктемінде Оқу министрлігінен Хангай есімді азамат басқарған үлкен комиссия мектепті аралап, Бұғыты мектебіне де келеді, басшылармен іс бабын таныстырып отырғанда, комиссияның бір мүшесі сұмын бірлестік бастығына былай істеу керек деген сияқты жаңсақтау талап қояды. Сонда Қашқынбай Мәлікұлына, «сіз не айтып отырсыз, мен осы аймақтың алғашқы оқу бөлімінің бастығы болғам» дегенде, Ханғай «рас айтады» деп құптағанда, әлгі азамат кешірім сұрап, жөнге түсіпті. Ол кезде интернат оқушыларына қажетті ет тағамын бірлестік қамдауға тиісті еді, әртүрлі себептермен жоспар үзіліп қалса керек, мұны білген жоспарлау комиссиясының бастығы «Ж» Қашқынбай Мәлікұлына телефон соғып, орындау керек, деп айғайласа керек, себебін айтса да болмапты, дереу «Ж»-ден босай сала аймақ бастығына телефон шалып, «Ж» деген немеңді тартшы» деген екен, яғни, ешкімнен қорқып қаймықпайтын адам. Бұл жөнінде Моңғолияның Еңбек сіңірген әртісі Қайжамал Бақышқызы «Қашқынбай Мәлікұлының билік құрған кезінде көптеген білікті кадрлар шетел маманы ретінде Баян-Өлгий аймағына шақыртылып, өлкенің оқу-ағарту, мәдени-рухани салаларын дамытуға көп үлес қосқан адам еді, ол кісі кеткен соң ондай жұмыс жүргізілмеді, мәселені шешу барысында ешкімнен жасқанбайтын» дейді естелігінде. Талап қоюмен қатар, сыйлай білетін қасиеті басым еді. Бұғыты сұмында жұмыс істеп жүргенде көрші отырдық, бос уақытында әке-шешеме келіп, амандығын біліп, кеңесіп қайтатын. Әкем қайтыс болғанда басы-қасында болып, ағайын-туыстарға көңіл айтумен қатар, зират басында өмірбаянынан әңгіме айтып, ауыл ақсақалы құран оқуға бола ма сұрап еді, оқыңыз деді. Бұл атеистік тәрбиенің күшейіп тұрған кезі еді, естіп тұрған партия ұясының хатшысы ештеме айта алмай, теріс айналып кетті. Әңгімесін жанында кім болса да айта беретін. Жұмыс бабында біреумен келіспей қалса, оны да жасырмайтын ашық жарқын мінезі басым адам. Моңғол мақалдарын қазақшаға аударып, 1965 жылы кітап етіп бастырған. Бойындағы бір қасиеті, қандай аязда майкашең шығып бой жазатыны, еш уақытта қолғап кимейтіні, көп қабаттамай жеңілдеу киінетіні тым ерте бала кезінен қалыптасса керек. Тарихи оқиғалардан «Ел сенімін ақтауым, Моңғолия Үкіметінің таңбасын ұстауым, Ұлы державаларды басқарған көсемдер И.В.Сталиннің, Мао Цзедунның қолын ұстап қабылдауында болуым» деп еді мектеп ұжымымен болған кездесуде. «Қытай Коммунистік Партиясының 8-съезіне қатысқан МХРП делагаттарының құрамында болған Қашқынбай Мәлікұлы Мао Цзедунмен, мемлекет қайраткері Джоуэньлаймен, француз компартиясының жетекшісі Жорж Маршемен жолығып, дидарласқан әлемдегі бірінші қазақ болуы мүмкін» деп жазады Аманжол Ақынұлы.
Жазушы Шынай Рахметұлы, Аманжол Ақынұлы деректеріне және өз естелігіне жүгінсек: «1942 жылы Үкімет басшысы Х.Чойбалсан бастаған 60 кісінің құрамындағы делегация 237 вагон жүк, соның ішінде әскери киім-кешек, азық-түлікпен қоса, мол ақшаны алып, қараша айында жолға шығарда Қашқынбай Мәлікұлы европаша және қазақша екі түрлі киім алады, Мәскеуге дейін үш дүркін көлік ауыстырып жеткенде, соғыс Мәскеуден небары 150 шақырым қашықтықта жүріп жатыпты, Бас қолбасшы генаралиссимус И.В.Сталин өзі қарсы алып, қабылдау жасап, фотоға түседі және Калинин майданын аралайды, қабырғасына «Баян-Өлгий халқынан» деп жазылған танкті танкист Резковка табыс етеді, сондай-ақ, қабылдау кезінде Иосиф Сталин Қашекеңе ТТ маркалы тапанша сыйлағаны баяндалады.
1940 жылы Күләшханға үйленіп өнегелі, өркенді ұрпақ қалдырып, 1986 жылы дүниеден өтті, 2018 жылы Моңғолияда ғасыр тойы тойланды, Баян-Өлгий қаласының үлкен көшелерінің біріне есімі берілген. Депутат болып 3 рет сайланып, МХРП 3 съезі бойы Орталық Комитеттің мүшесіне сайланып, 1974 жылы революциялық күрес қайраткері атанған. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен 2 рет, «Алтын жұлдызбен» 2 рет, «Еңбек құрметі» және көптеген медальдармен марапатталған елінің аяулы азаматы. Әкесінің құнды құжаттары мен естелік мүліктері, Қарағанды облысының Осакаровка ауданының Сарыөзек ауылында тұратын баласы Шаймарданның үйінде сақталуда. «Ел барда ер туғызбай тұра алмайды» деп дана халық айтқандай, тағдыр тәлкегімен ауа көшіп, Моңғол елін мекендеген бір азаматтың атқарған жұмысы осындай.
Әдебиет БАЙДОЛДАҰЛЫ.
Ерейментау ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *