Суға кетіп қалғыңыз келмесе…

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Алексей Советов Ақмола облысының су айдындарында адам өліміне жол бермеу бойынша өткізіліп жатқан шаралар жөнінде айтып берді.

Адамдардың өзен-көлдердегі қауіпсіздігі аталмыш департаменттің басты міндеті болып табылады. Осы орайда, облыстың су айдындарында адам өліміне жол бермеудің алдын алу шаралары өткізілуде. Бұл бағытқа облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 61 кәсіби құтқарушысы, Бурабай, Зеренді, Қопа мен Щучье көлдерінде 4 құтқарушы бөлімше және су астынан құтқаратын бөлім дайын тұр. Техникалар мен суда жүзетін құралдар, су астына сүңгитін жабдықтар пайдалануға дайын. Департаменттің бастығы Алексей Советов өз сөзінде өзен мен көлдерде адамдардың суға кетуіне жол бермеу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен және облыстық полиция департаментімен бірге алдын алу шаралары кешені жүргізілетінін айтты.
–Бүгінгі күні облыс бойынша облыстық полиция департаментімен бірге 1663 рейд пен патрулдеу жүргізілді. Осының нәтижесінде 237 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде спирттік ішімдік ішіп, қоғамдық орындарда масаң күйде болғандар және жалпы суды пайдалану ережесін бұзғандар бар. Судан 20 адам құтқарылса, оның екеуі жасөспірім, 16 азаматқа, оның ішінде 4 балаға дәрігерге дейінгі бірінші көмек көрсетілді. Атбасар, Зеренді, Есіл, Ақкөл, Қорғалжын және Аршалы аудандарында 6 коммуналдық жағажай құрылды. Су айдындарындағы адам өлімінің алдын алу аясында радиодан 389, теледидардан 13 мәрте хабар берілді. Сондай-ақ, демалушылармен, балықшылармен 27 203 мәрте әңгіме жүргізіліп, 20 205 дана үгіт-насихат буклеттері таратылды. Әлеуметтік желілерде бейнероликтер орналастырылды. БАҚ-да 85 мақала жарық көрді. Көрнекі үгіт бойынша 93 стенд пен 38 баннер орнатылды. 13 брифинг өткізілді. «Суға шомылуға болмайды» деген 574 белгі орнатылды. Азаматтардың карантиндік шектеуге салғырттығынан, сондай-ақ, барлық алдын алу шараларына қарамауының салдарынан бүгінгі күні судағы адам өлімінің 12 фактісі орын алды Оның ішінде екі бала суда шомылу үшін жабдықталмаған орында шомылған,–деген департамент бастығы Алексей Советов адамдар балық аулау кезінде суға кететінін айтты. Мәселен, Целиноград ауданының Талапкер селосы маңындағы Есіл өзенінде қауіпсіздік ережесін сақтамаудың салдарынан балық аулау кезінде 1971 жылы туған азамат суға кеткен. Судағы адам өлімі Қорғалжын ауданының Сабынды ауылында, Ақкөл ауданының орталығында, Зеренді ауданының Красный Кордон селосында, Целиноград ауданының Р.Қошқарбаев, Қоянды, Оразақ, Тайтөбе ауылдарында, Шортанды ауданының Бектау ауылында, Ерейментау ауданының Ақсуат ауылында, Біржан сал ауданының Еңбекшілдер ауылында, Атбасар қаласында орын алды. Дегенмен, мұндай адам өлімі өткен жылғымен салыстырғанда азайды. Өткен жылы 17 адам суға кетсе, оның алтауы бала. Брифинг соңында департамент бастығы суда өзін-өзі ұстау ережесі жөнінде айтып берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *