Он саусағынан өнер тамған

Елбасымыздың барлық даму бағдарламалары халықтың әл-ауқатын көтеруге, өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған. Қарапайым түрде айтсақ, мақсаты заманына сай қоғам қалыптастыру, көштің соңында қалмай алды болу, елімізді бәсекеге қабілетті ең дамыған елдер қатарына қосу әрбір отбасының әлеуетін көтеруден басталады.

Кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы арқасында Аршалы ауданында игі іске жол ашылды. Енді ұлттық қазынамыз болып табылатын, еліміздің салт-дәстүрлерінде әрдайым қолданылатын, әр тойға сән беретін ұлттық бояуы қанық бұйымдар аршалылықтармен қатар, басқа да өңір халқын көзайым ететін болды. Жерлесеміз Бану Тельманқызы әжесінен дарыған қолөнер туындыларын кәсіби түрде шығаруға мүмкіндік алды. Ол жергілікті атқарушы органдарға ұлттық тойбастар бұйымдарын шығару туралы өз ұсынысын білдіріп, осы инновациялық жобасы қолдау тапқан соң тиісті құжаттарды жинап тапсырды.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының қызметкерлері бизнес-жоспарды және басқа да құжаттарды талапқа сай етіп әзірлеуге атсалысты. Ақмола облысы бойынша жобаны жеңіп шығып, «Хамзина» ЖК үш миллион теңге қайтарымсыз грантқа ие болды. Бану ханымның қуанышында шек жоқ еді. Алған қаражатқа тойбастар әзірлеуге қажетті арнайы тігін және өрнек салатын машина, үтік, бұйымдарды істеуге және орналастыруға арналған жиһаз және жұмысқа қажетті шикізат сатып алды. Осыған дейін сүйікті ісімен өз шаңырағында бір бөлмеде айналысатын, ұлттық өрнекке бай қоржындарды арнайы шақырумен ауданға, облысқа, еліміздің жүрегі Астанаға көрмелерге апарып, жұртты шеберлігімен таң қалдыратын, бірақ, көптеп шығаруға қол қысқа болатын. Бүгінгі күнде Бану ханым Арнасай ауылдық округінің орталық ғимаратынан кең бөлмені жалға алып, ұлттық бұйымдар мен кәдесыйларды көптеп шығаруда. Бұл өндіріс орны бес адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Дәл қазір олар аудандық жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен кадрлар даярлау бағдарламасы аясында үш айлық тігін курстарында Астана қаласында білім алуда.
Иә, Бану Тельманқызының еңбегі жанды, алғашқыда күйбең тіршіліктен бір сәт дем алуға мүмкіндік беретін рухани азығы, бай жан дүниесінің өзегі, қиялы мен арманын өрнектеген кәдесыйлар қарағанның көз жанарын қуантып қана қоймай, енді оның отбасының табысына айналды. Бану ханым әртүрлі маталар мен формадағы көздің жауын алатын тойбастарлар, атап айтқанда, сан қилы қоржындар, әр стильде киіндіріліп, әсемделген қуыршақтар, көлемі әртүрлі, безендірілуі бірінен-бірі асатын сөмкелер, Қазақстанның бойтұмары болып табылатын басқа да кәдесыйлар әзірлейді. Сонымен қатар, оның ауылдық кітапханаға сыйлаған гипстан жасаған аң мен құс мүсіндерін тамашалап, бұл кісінің тек дәмді тағам пісіру мен қолөнер шебері ғана емес, сондай-ақ, сурет салу қабілеті де барын көзбен көріп қайттық.
Әр бұйымы үлкен сүйіспеншілікпен, қайталанбастай безендірілген, бірегей өнер туындысы. Жақында ғана өткен «EXPO-2017» халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылған Ақмола облысының мәдени күндерінде осы бұйымдары қолөнер жәрмеңкесіне қатысты. Әсіресе, Ресей, Германия, Украинаға және де басқа шет елдерге кеткен отандастарымыз кәдесый ретінде көптеп сатып алады екен. –Ал, бірде Павлодар қаласына апарғанда, қала тұрғындары барлық бұйымдарымды бірден сатып алып кетті, – деп Бану ханым сол кезде өзі де қатты таң қалғанын еске алды.
Сонымен қатар, тойбастарларға әсіресе, Астана қаласынан тапсырыстар көп түседі. Ол түскен тапсырысқа сәйкес, ауқатты адамдар үшін де, қарапайым отбасы үшін де қолжетімді бағаны ұсынады.
Бану Тельманқызының осы Аршалы ауданының Арнасай ауылына отбасымен келгеніне жеті жылдан асқан. Өзі Павлодар аймағының тумасы, ата-анасынан алты қыз екен. Жастайынан әжесінің тәрбиесінде өсіп, сол кісінің өнері мен шеберлігінен сусындаған. Барлық баланың ішінде тек Бану ғана ісмер әжесінің ісін жалғастырып, жаңғыртқан екен. Есейген соң мектеп бітіріп, Алматы құрылыс училищесін тәмамдаған. Елде дағдарыс болған қиын кезеңде аспаздық қабілетін кәсіп қылып, отбасына тірек болған. Екі қыз, бір ұл тәрбиелеп, қызын қияға, ұлын ұяға қондырған ана, екі немересі бар әже. Өмірлік серігі де әрдайым қасынан табылып, қамқор болып жүреді. Отбасы оған әрқашан қолдау көрсетеді, жетістіктері мен жеңістеріне бірге қуанады. Олар үшін Бану ақылшы, үлгі тұтарлық тұлға.
Бойында әр анаға тән шексіз мейірімділік, табандылық пен іскерлік, әр жасаған дүниесі мен айналасындағы адамдардан шабыт ала білетін нәзік жаны сүйсінтпей қоймайды.
Бану Тельманқызы болашақта шикізатты да өз қолымен жасап шығаруды жоспарлап отыр. Барлық бұйымдары содан болғанын қалайды.
Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға үлес қосып, ұлттық қазынамызды жаңғыртып, халық игілігіне қызмет етіп жүрген Бану Тельманқызының осы ізденісіне сәттілік тілейміз.
Гүлзат НҰРХАН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар