Шәкіртақы иелері анықталды

Ақмола облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасында Ақмола облысы әкімінің атаулы шәкіртақысын тағайындау жөніндегі комиссия отырысы болып өтіп, онда осы шәкіртақыны иеленушілер тізімі анықталды.

Облыстың студент жастарына мұндай шәкіртақы тағайындау соңғы бірнеше жылдың көлемінде іске асырылып келеді. Биылғы жылы облыс әкімінің атаулы шәкіртақысына жалпы алғанда 102 миллион теңге қаржы бөлінді. Оның 52 миллион 150 мың теңгесі осы шәкіртақыны бұрыннан алып келе жатқан студенттерге төленеді. Олардың ішінде болашақ 38 дәрігер, 6 теолог, облысқа қажет мамандықтарға оқып жатқан тағы 17 студент бар. Қалған 70 шәкіртақы иесі басқа мамандықтар бойынша ертеңгі күні өз облысымызда еңбек ететін болашақ мамандар.
Жоғарыдағы осы мақсатқа бөлінген 102 миллион теңгеден 49 миллион 850 мың теңге осы шәкіртақының биылғы жылы анықталған иелеріне төленбекші. Медициналық мамандықтарға оқытылатын студенттер үшін шәкіртақы көлемі 700 мың теңге, облысқа қажетті басқа мамандықтар үшін 350 мың теңге, студенттердің қалған санаттары үшін 250 мың теңге мөлшерінде белгіленіп отыр.
Биыл облыс әкімінің шәкіртақысына 332 өтініш келіп түскен. Үміткерлердің құжаттарын мұқият қарай келе, 194 студент шәкіртақы шарттарына сәйкес болып шықса, 138-і көзделген талаптан шықпаған. Шәкіртақыдан үміткерлер саны бойынша тиісінше 140 және 112 өтініш берілген Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті мен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті жеке дара көш бастап тұр. Еуразиялық гуманитарлық институттан 30, Астанадағы мемлекеттік медициналық университеттен 23 өтініш түскен. Сол сияқты, «Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам мәдениеті университетінде, Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінде, Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінде, Қазақ-Ресей медициналық университетінде оқитын студенттерден 6-2 өтініштен түскенін де айта кеткен жөн. Бір-бірден өтініш қабылданған оқу орындарының ішінде Алматыдағы Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университеті, Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті де бар.
Бір сөзбен айтқанда, Ақмола облысы әкімінің стипендиясын елімізде және басқа мемлекетте оқитынына қарамастан, өз облысымызда туып-өскен кез-келген ұл-қыз ала алады. Тек бұл үшін мамандығы облысымыздағы тапшы мамандыққа сай келуі және оқу бітірген соң біздің өңірде кемінде үш жыл жұмыс істеуі қажет.
Қабылданған өтініштер жан-жақты сараланған соң шәкіртақыны тағайындау шарттарына толық сай келетін 145 студенттің тізімі анықталды. Жоғарыда айтылған 49 миллион 650 мың теңге осы студент жастардың арасында бөлініп, әрқайсысына аударылатын болады. Үміткерлерді іріктеу барысында алдымен, олардың оқу үлгеріміне, отбасы жағдайына, дарындылығына ерекше назар аударылды. Мұнымен бірге, облыста жетіспей отырған дәрігер, теолог, бастауыш сыныптардың, ағылшын тілі пәнінің оқытушыларына, педагог-психологтарға, агроном, журналист сияқты мамандықтарға жете көңіл бөлінді. Соның ішінде, 25 шәкіртақы спортта жақсы жетістіктерге жетіп, әртүрлі халықаралық, республикалық жарыстарда облыс намысын қорғап жүрген спортшы жастарға берілетін болды.
Комиссия отырысында облыс әкімінің шәкіртақысы туралы хабарлама жасаған Ақмола облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ринат Галлямовтың сөзінен кейін де комиссия мүшелері тізімдегі әр үміткерге жеке тоқталып, осы тұрғыдағы өз ой-ұсыныстарымен бөлісіп, туындаған сауалдарын қойып, қаралып отырған мәселеге үлкен мүдделілік танытты. Осы орайда, егер атаулы шәкіртақыны иеленген студент жастар оқуын дұрыс оқымай, шәкіртақыны берудегі көзделген талаптардан шыға алмаса, онда аударылған ақшаның қайтарылып алынатынын да айта кеткен артық емес. Мұның өзі облыс тарапынан осындай үлкен көмекке қол жеткізіп отырған жастарымызға қосымша жауапкершілік жүктей түсетіні айдан анық. Осының бәрін ескере келгенде, әкім шәкіртақысы талай жастарға өзі қалаған мамандығын алып, туған жер төсінде білімі мен іскерлігін көрсете түсуге қолайлы мүмкіндік болып табылатынына тек қуануымыз керек.
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар