ТӨЛЕГЕННІҢ ЯДРОЛЫҚ РЕЗОНАНСЫ инновациялық дамуға сүбелі үлес қосуда

Қазақстан ғылымы мен жоғары мектебінің инновациялық технологияны дамыту бағытындағы табыстары оның материалдық-техникалық базасын заманалық жабдықтармен және құрылғылармен қуаттандыруға тікелей байланысты. Мемлекет басшысының ұсынысымен осы мақсатта республикамызда инженерлік бағыттағы 15 және ұжымдық пайдаланудағы ғылыми-техникалық басымдықтар негізіндегі 6 зертхана құрылғаны белгілі. Оның сапында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті де бар.

Өңірдің жетекші жоғары оқу орнында 2009 жылдың сәуір айында инженерлік бағыттағы ядролық магниттік резонанс «ЯМР-спектроскопия» зертханасы құрылған болатын. Оның негізгі агрегаты – жапонның «jeol» компаниясының жұмыс барысындағы жиілігі 400 МГц-лік «JNM-ECO 400» ЯМР спектрометрі. Зертхана жетекшісі, химия саласындағы танымал ғалым Төлеген Сейілхановтың айтуынша, ЯМР тәсілі жалпыға қолжетімді болған күнінен, яғни, 1954 жылдан бастап ғылыми зерттеудің бірден-бір физикалық тәсілі болып саналады. Әлемнің химиялық зертханалары ең алғаш осы спектрометрлермен жабдықталып, әлі күнге тиімді қызметімен ерекшеленіп отыр. Мұның ғылыми ортадағы триумфальдық табысы еңбек өнімділігінің көп еселенген қарқынмен артуымен, алынған әрбір қоспаны ұзақ мерзімді сараптамадан өткізудің қажет болмай қалуымен дәлелденеді. Осының арқасында молекулалардың көпқырлы құрылымындағы жұмбақтардың сыры ашылды.
Зертхананың өзге де қызметкерлері университет қабырғасында осындай ерекше жабдықтың болуы бұрын қиялға сыймайтын наноғылымдық және нанотехнологиялық ізденістер жүргізуге, яғни, көлемі 1-ден 100 нанометрлік нысандарды тереңдей зерттеуге мүмкіндік бергенін тілге тиек етті. Осыған орай, көкшелік ғалым-педагогтардың ғылыми ізденістері өркендеген мемлекеттер тәжірибесіндегі ядролық магнетизм жүйесімен теңестірілді деуімізге болады. Аталған тәсіл магниттік ядролардың бірін-бірі тұшыну (сезіну) қабілеттерін анықтау арқылы молекуладағы атомдардың өзара орналасуын зерттеуге жол ашпақ. Ғылыми жетістіктің бірі ретінде, осы тәсіл арқылы заманалық химия, биоорганикалық химия, биотехнология, нанотехнология, ауыл шаруашылығы, медицина және басқа салалардағы проблемаларды оңтайлы шешуге мүмкіндік туғанын атап өту қажет.
Осындай зор әлеуетке ие зертхана отандық дәрі-дәрмектердің жаңа буынын дайындау барысында оның құрамы мен құрылымын зерттеуге бағытталған грантты жеңіп алған. Сондай-ақ, ЯМР-спектроскопия әдісімен мотор майларының кезеңдік қолдану уақытындағы сапалық ауытқуларына экспресс сараптама жүргізу оң нәтижесін берді. Азық-түлік және шаруашылық рыногындағы тауарлардың сапасын бақылау, өнімдердің сертификаттық нормаларға сай екендігін анықтау жөніндегі жұмыстар тауар өндірушілер мен тұтынушылар тарапынан қолдау тауып отыр.
Инженерлік бағыттағы зертхана диплом және ғылыми атақтар қорғау барысында студенттер мен магистранттардың сенімді көмекшісіне айналған. Соңғы екі жылда Көкшетау, Семей, Шымкент, Алматы және басқа қалалардағы жүзден астам жоғары мектеп қызметкерлері бюджеттік бағдарлама аясында кәсіби біліктіліктерін көтеріп, қайта даярлықтан өтті. Өңірлік университет зертханасының табыстары Берлин, Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Краснодардың ғылыми ортасында да жақсы мәлім. Қазіргі таңда Қазақстанның солтүстігіндегі жеміс-жидектер құрамындағы биологиялық белсенді қоспалардың құрамы мен оны байыту жолдарын анықтау мақсатында Беларусь мемлекеттік технологиялық университетімен және Я.Купала атындағы Гродный мемлекеттік университетімен бизнес әріптестік қадамдары нығайып келеді.
Республикамыздың инновациялық дамуына сүбелі үлес қосып отырған ЯМР-спектроскопия зертханасының көкжиегі кең деп айтуға болады. Ғалымдар университет басшылығының зертхананы заттар құрамы мен құрылысын анықтаудағы «Bruker GC-430» компаниясының (Нидерланды) заманалық газ хроматографымен және «УФ-56» спектрофотометрімен (Ресей) толықтырғанына дән риза. Жуырда «Парасат» орденімен марапатталған ректор Ә.Әбжаппаровтан ЖОО жоспарында өзге де салалық ғылымдар зертханаларын заман талабымен үйлестіру мақсаты көзделгенін білдік.

Бақберген Амалбеков.
Көкшетау қаласы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар