Мамандығы – логопед

Ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсыновтың «Білім біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал, біліктілік сол білімді іске асыра білу дағдысы» деп білім мен біліктілік жайлы айтқан ойы содан бері ғасырдан астам уақыт өтсе де өз құнын жоғалтпай келеді.

Балаларымыздың сапалы білім алуында қашанда білікті ұстаздардың атқаратын рөлі орасан зор екені сөзсіз. Осы орайда, баланың бойына кішкентай кезінде себілген білім мен тәрбие нәрі оған өмір бойы азық болатыны анық. Бұл ретте, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің тәрбиешілеріне жүктелетін жауапкершілік жүгі ауыр. Бүгінгі таңда білім беру саласында қаралып жатқан көптеген мәселелер ауқымы мектеп жасына дейінгі мекемелерді де қамтып, балабақшалардағы тәрбие мен білім беру ісінің мазмұнын жаңарту талап етілуде. Елбасымыз биылғы Жолдауында да білім беру ісіне жете мән беріп, ұстаздық мамандықтың беделін көтеру, сапалы білім берудің жаңаша стандарттарын енгізу жайлы айтқан болатын.
№11 «Арай» балабақшасының педагогтары үнемі ізденіс үстінде. Атап айтсақ, өз ісінің шебері, логопед-мұғалім Күнсұлу Бекболатова жаңа технологияларды меңгеріп, әріптестерімен іс-тәжірибесімен бөлісуде. Ол өткен жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған республикалық байқауда «Логопедиядағы инновациялық технологиялар. «Су-джок терапияның сан алуан түрінің бірі – жүн түйіршіктерін қолданып тіл мүкістігін түзету» атты авторлық бағдарламасымен І орынға ие болды. Көкшетау қаласының педагог қызметкерлерінің қатысуымен өткізілген семинарда өзінің жұмыс әдісі бойынша шеберлік сағатын өткізіп, бірнеше әдістемелік құралдарын басып шығарды.
Өткен жылы Ақтөбе қаласында өткен «Үздік білім беру мекемесі-2017» байқауына қатысып, «Маман мақтанышы» төсбелгісімен марапатталды. Бұл байқауға Қазақстанның барлық өңірлерінен білім саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, балаларды оқыту мен тәрбиелеудің қыр-сырын терең меңгерген білімді де білгір мұғалімдер, тәрбиешілер қатысқан болатын. Солардың арасында біздің облысымыздан мұғалім-логопед Күнсұлу Құспекқызының да болғанына қуаныштымыз.
Ұлағатты ұстаз еңбек жолында дәстүрден тыс әдіс-тәсілдер мен технологияларды ойлап тауып, ата-аналармен тығыз байланыста болуға тырысады. Оның тынымсыз еңбегінің арқасында балабақшадағы психикалық дамуы кешеуілдеген балалардың бірқатары жалпы білім беретін мектептерге қабылданды. Осылайша педагог-логопед өз еңбегінің нәтижесін көріп, ата-аналардың алғысына бөленді. Балабақша әкімшілігі оның осындай жетістіктерін мақтан тұтып, келесіде бұдан да биік шыңдардан көріне беруіне әркез тілектес.

Айсұлу ӘБДІРАХМАНОВА,
№11 «Арай» балабақшасының әдіскері.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар