Адам да бір жолаушы жоқ іздеген…

Адам абыройын асқақтататын өзінің адал еңбегі. Істеген ісіне әрдайым жауапкершілікпен қараған жан түптің түбінде өзіне де, қоғамға да пайда әкелмек. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағы мемлекеттік мекемесінің басшысы, полковник, азаматтық қорғау органдарының құрметті қызметкері Дәулет Шамиғанов дәл осылай пайымдайды.

Қара қарғаның миы қайнайтын қапырық ыстықта адам денесі кәдімгі Арқаның атан түйені алып жығатын сақылдаған сары аязы шарпығандай тоңазып кетеді екен ғой. Кәнігі қылмыскер қалалық ішкі істер бөлімі бастығын ұрып жығып, үрейі ұшып үрпиген, жан дәрменмен жылап-еңіреп араша сұраған отбасының көзінше қонышынан сапысын суырып алып бауыздап жібермекке ұмтылғанда, ойланып-толғануға уақыт жоқ еді. Бар ойы қаны бұзылған қылмыскерді ұстау ғана болды.
Әп-сәтте қалалық милиция бастығының жанын жаһанамға жібермекке бел буған аты шулы қылмыскерді қолға түсірді. Басынан бақайшағына дейін мұздай қаруланған екен. Оның үстіне ыза-кек қосылғанда, кім болса да ай құлақтанып, айдыны асып кетеді ғой. Бірақ, жеңді. Жалғыз өзі. Тіпті, ерлік жасадым деп ойлаған да жоқ. Ең алдымен, тағдыры қыл үстінде тұрған жан иесін құтқарып қалды.
Бұл оқиға сонау 1989 жылы болып еді. Өзбекстанда жергілікті өзбектер мен түріктердің арасында қарулы қақтығыс орын алған. Жаһанға жар салынбаса да, көптеген адамдардың өмірі қиылған кәдімгі соғыс. Түпкі себебінің неден туындағанын кім білсін, жергілікті өзбектер түріктерді қырып салған. Тұтас бір қаланы қанға бояған. Арасында жазықсыз жандар да опат болды. Ташкентте жоғары инженерлік өрт сөндіру-техникалық мектебінде оқып жүрген Дәулет Шамиғанов өзінің отыз әріптесімен бірге Бекабат қаласына аттандырылған. Осы жерде қарулы қақтығысты басуға, елді тыныштандыруға, бейбіт күн орнатуға белсене араласты. Жаңағы шетін оқиғадан кейін қастасқан топтың кек алуынан сескенген басшылар Дәулет Бахманұлын қарулы күзетпен Ташкентке аттандырып салған. Кейін Өзбекстан Республикасының Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Рахимовтың қолынан Алғыс хат алды.
Басын қатерге тігіп, батылдық көрсетуге тұла бойындағы тәрбие себеп болған. Ұзақ жылдар бойы Көкшетау аудандарының білім ошақтарында оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие берген абыройлы ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, әкесі Бахман мен мынау жарық дүниеге он бала әкеліп, Батыр ана атанған Алмажан анасының жастайынан жан дүниесін сіңірген ізгілікті, ізетті тәлім-тәрбиесі себеп болып еді.
Орта мектепті ойдағыдай тәмамдаған әр жас алдындағы армандай алыс дүниенің әр қиырына соқпақ салуды ойламай ма. Өз жолын, табан ізін таңдауға тиісті. Бойындағы қарым-қабілетіне орай. Ал, бұл болса мамандық таңдауда да көп ойланған жоқ. Оныншы сыныпты бітірер кезінде әкесі Бахман Шамиғанұлы әлдебір шаруамен облыс орталығына ат ізін салыпты. Сол кезде ішкі істер басқармасында болып, өндірдей жас жігіттерді көрген. Жас талдай солқылдаған, етек-жеңдері жинақы, жүзіктің көзінен өткендей епті жас жігіттердің қызметтерін қалай атқарып жатқандықтарын ұлағатты ұстаздың көзі шалған. Осы сәтте ішіне ой түйіп, әлдебір әдемі арман әлдилеген. Ұлы Дәулет те дәл осы жастар тәрізді Отанына адал қызмет етсе, қандай ғанибет. Асылында, ер адамның нағыз ерлерге лайық жұмыс істегені жақсы ғой. Баласының маңдайынан сүйіп тұрып, сан жылғы уақытын, бойындағы бар білімі мен тәжірибесін жас ұрпақты қалыптастыруға жұмсаған ұлағатты ұстаз әкелік аманатын айтса керек. Санасын жаулап, сүйекке жететін, көкіректің терең бір түкпірінде бар ғұмыр бойы өзімен бірге жүрер әке аманаты. Ал, қазақ баласы аманатқа ешқашан қиянат жасамаған. Негізгі мазмұны өз Отанына перзенті ретінде еңбегін сіңіру. Қай тарапта, қай қияда жүрсе де адалдықтың ақ жібін аттамау. Міне, осы өнегелі сөздер өмірінің айнымас кредосына айналған Дәулет Бахманұлы қызмет барысында толымды, қомақты бір шаруа тындырса, әке аманатын адал атқарып жүрмін деп ұғады.
1983 жылы Көкшетау аудандық ішкі істер бөлімінің өрттен қорғау инс-
пекторы болып еңбек жолын бастады. Жоғары оқу орнындағы теориялық білімді жергілікті жердегі күнделікті тәжірибемен байланыстыруға тырыс-
ты. Елгезек жігіттің елге еңбек етсем деген ынта-ықыласы назардан тыс қалмады. Содан соң ғой Ташкентке оқуға жіберілгені. Бұл уақытта шаңырақ көтерген. Жолдасы Сәуле екеуі екі баланы қолтықтарына қысып, білім алуға аттанған. Қияндағы қалада білім алу, әсіресе, тұрмыс жайы оңай болған жоқ. Пәтер жалдап тұрды. Сан түрлі қиыншылықты бастан кешірді. Бірақ, бәріне төзе білді. Төзбеуге хақысы да жоқ еді. Абзал әкенің әйбәт бейнесі әр ісіне баға беріп, бақылап қарап тұрғандай сезінетін.
1993 жылы Зеренді ауданында қызметін жалғастырып, қатардағы инспектордан бөлімше басшысы деңгейіне көтерілді. Әрдайым алдынан жұмыс үркіп отыратын бастамашыл, талапшыл, жаңашыл басшы осы жерде полковник шеніне ие болды. Жаңа үлгідегі өрт бөлімшесін салды. Бюджеттің көк тиын ақшасын шығындамай. Қирап жатқан ғимараттардың кәдеге асатын материалдарын жинап, бір ауызды, бір сөзді ынтымақшыл ұжымын ортақ мүддеге тас-түйін жұмылдыра жүріп. Бұл кезде материалдық-техникалық база әлсіз болатын. Басқасын былай қойғанда, өрт сөндіретін машиналарға небары екі-ақ текше метр су сиятын. Дәл осы бір алмағайып кезеңде дала өрті қажытып тұрған. Үзіліп түскен моншақтай әсем көгілдір көлдер мен қолдың саласындай ақ қайыңдар, мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген Зерендінің ғажайып бейнесіне қара дақ түскені осы кез. Күндіз-түні тұс-тұста бұрқ ете түсетін өрттің дағы. Ендігі арада өрт машинасының қауметі қаптал жететін емес. Әсіресе, орман өрті бой бермей жатыр. Басшыдан маза кеткен. Қайткен күнде өрт сөндіру машинасының тиімділігін арттыруға болады. Жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек ете жүріп, түн баласы осы бір мақсат-мұрат жалғыз жанына жай таптырмады. Ақыры барлық техникалық талаптарын өзі есептеп, өзі сызып, сегіз текше метр су сиятын бөшкені орналастыру тәртібін ойлап шығарды. Сызбасы дайын болған соң бірден іске кіріскен. Сөйтіп, жаңалық енгізілген жаңа сипаттағы машинаның қауқары арта түсті. Енді міне, тамаша табиғаттың аясын тілсіз жаудан арашалап алуға мүмкіндік туды. Сол машиналар әлі күнге дейін қызметте пайдаланылып жүр.
Зеренді өңірінде Айдабол спирт зауытында, Васильковка кен байыту комбинатында өрт сөндіру бөлімшелерін ашты. Көкшетау ауданы жабылып қалған кезде дәл осындай бөлімшені Краснояр селосында да ашып еді. Тиімділігі айта қаларлықтай. Түсінікті болуы үшін таратып айта кететін болсақ, Краснояр жақ бетте жазатайым өрт шыға қалатын болса Зерендіден өрт сөндірушілер жеткенше не тамтығы қалады. Ойы оңынан оралған соң, игілігін ел көрді. Жаңағы қос бөлімше де дәл сондай ізгі ниеттен туған іс еді.
Қызмет жауапкершілігі жеңіл емес, әрдайым қауіп-қатердің ішінде. Ондайда алдымен адамдардың амандығы бірінші кезекте. Сөзіміз дәйекті болуы үшін өткен жылы ғана 600-ге жуық жедел шақыру алып, 522 адамды өлім аузынан алып қалғанын айтсақ та жеткілікті шығар. Оның ішінде 118 бала бар. Дәулет Бахманұлының бастамасымен облыс орталығы мен Бурабай курортты аймағының аумағында құтқару бөлімшелері ғимаратының құрылысына қажетті құжаттар дайындалды. Су айдындарында жазатайым адам өліміне жол бермеу үшін құтқарушылар облыстың жергілікті полиция қызметімен қоян-қолтық жұмыс істейді. Оқыс оқиғаның алдын алу үшін бірлескен рейдтер өткізеді. Басшының бастамасымен қауіптің алдын алу үшін сансыз кездесулер өткізілді. Мұндай кездесулерде адамдарға қауіп-қатердің қайдан екендігін жеткізіп, сақ болуы керек екендіктерін ескертеді. Қалай болған күнде де жалғыз ескертудің аздық етерлігі белгілі. Облыс аумағында жедел жылжымалы құтқару бекеттерін жасақтауға техникалық жағдай жасалды. Қазіргі күні Зеренді мен Бурабай аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында қалтқысыз қызмет етіп тұр. Бір айта кетерлігі, арнайы күзетілмейтін өзен-көлдерде қоғамды құтқару бекеттерін жасақтау жөніндегі бастама озық тәжірибе ретінде бүкіл республикаға таратылды. Нақтырақ айтсақ, қазір облыс аумағында құрамында жүзден астам құтқарушысы бар 32 бекет жұмыс істейді. Республикалық оқу-жаттығу кезінде Дәулет Шамиғановтың басшылығымен ұйымдастырылған құтқарушы бөлімшелер мен арнайы отрядтардың әдіс-тәсілдері тәжірибе ретінде көрсетіледі. Республикада тұңғыш рет алғашқы медициналық көмек көрсету лицензиясын алды, табысы да қомақты. Өткен жылы құтқарушы парамедиктер 155 адамға көмек көрсетті.
Жедел құтқару отряды айтып келмес апат – су тасқыны кезінде өз міндеттерін ойдағыдай орындап шықты. Қардың суы қаптаған аймақтан 124 адам құтқарылып, 500-ге жуық адам көшірілді. Еңбегінің елеулі тұсын екшеп айта беруге болар еді. Бірақ, азаматтың кісілік келбетін қамтитын шағын материалда толайым толғау мүмкін емес.
Бүгінде өзі де ата атанған Дәулет Бахманұлы Азиана, Жанель, Демирель, Әлижан, Айзере тәрізді немерелерінің үстінен құс ұшырмайды. Көкірегін қоламтаның шоғындай қыздырып жүрген әке аманатын өзінен өрбіген ұрпаққа жеткізбек. Өмірге Әнуар, Әділ, Марлан есімді перзенттерін әкелген әке ілкіден жалғасқан тәлімнің тінін осылайша көктемек.

Оралбек МҰҚАШЕВ,
Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағының инспекторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар