Әке бақыты…

????????????????????????????????????

Қазақтың текті деген сөзінде түйсіне білген адамға атан түйеге жүк болар сыр жатыр. Ілкі заманда жаны жайсаң жан көрсе ауыл ақсақалдары «тегінде бар ғой» деп тамсанып отыратындығы жай әншейін айтыла салған сөз емес. Бай мен молданы қолына қамшы алып қойдай қуған кешегі кеңес заманында арыдағы атам бай болған, берідегі атам болыс болған дейтұғын әңгіме ашық айтыла қоймайтын. Тек туралы ойлауға да болмайтын кежегесі кері тартқан заманда бұл туралы ақтарыла айтпақ түгіл, тіс жарудың өзі мүмкін емес еді.

Көкшетаудың шығыс жақ бетіндегі Ақсораң таудың етегіндегі Ақкөлден ат суарған бір қауым елдің түп қазығы, ұйытқысы, иесі мен киесі атанған Ыбырай болыс өз заманының тұғырлы тұлғасы болған. Әне бүгінде сексеннің сеңгіріне қадам басқан, елге белгілі ақсақал, мемлекеттік кірістер департаменті ардагерлер ұйымының төрағасы Теңбай Ыбыраевтың бойындағы бар қасиет атадан балаға ауысқан жақсылықтың жұқанасы деп айтудың себебі осындай тарихи сабақтастықтан туындайды.
Жалғыз әкенің ғана емес, ананың да тәлім-тәрбиесі, өміршең өнегесі тілмен айтып жеткізгісіз. Арада көп жылдар өтсе де, Теңбай ағаның санасында сәл көмескі тартқанымен, құтты күні кешегідей сайрап тұр. Ұлы Отан соғысы басталғанда Сапиолла әке елдің барлық азаматтары тәрізді қан майданға аттанған. Сол бір қиын кезде түздегі де, үйдегі де шаруаның бар салмағы Балғыз ананың мойнына түскен. Иә, ел басына күн туған шақта біздің аналарымыз да майданға кеткен ер азаматтарды жоқтатпай, колхоздың толып жатқан, бел жаздырып, бас көтертпейтін жұмысын бір кісідей атқарды емес пе? Ол кезде тұяғы қимылдайтын техника жоқ, өгізбен жер жыртып, уыстап тұқым септі. Сөйтіп, ырыздық үзілмеді. Жалғыз өздерінің ғана емес, майдан даласының өтінде жүрген жауынгерлер үшін де аш өзекке талғажау болатын ас-су.
Бітпестей болып көрінген зұлмат соғыс та аяқталған. Сталинград шайқасынан бастап, Еуропаның әлденеше мемлекеттерін неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатысып, анық ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен майдангер омырауын орден-медальға толтырып, туған жердің топырағына оралды. Ақ түйенің қарны жарылған ұлы қуаныш еді бұл. Қиындықтың салмағын кәтепті қара нардай көтере білген ата-ана ұл-қыздарын тәрбиелеп өсірді.
Бүгінгі таңда Теңбай аға арыдағы жақсы мен жайсаңның қалыптастырған қағида жолын жүзеге асырып келеді. Желкілдеп өсіп келе жатқан кейінгі толқынға үлгі болатын істері аз емес. Алғаш рет еңбек әліппесін қарапайым жүргізушіден бастаған ол Көкшетау, Зеренді, Красноармейск аудандарындағы құқық қорғау органдарында учаскелік өкіл, тергеуші болып қызмет істеді. Өз қызметіне әманда жоғары жауапкершілікпен қарайтын, әділдікті ту еткен, қылдан таюды қиянат санайтын азаматтың артында жақсы сөз қалды. Осы аудандардың көнекөз тұрғындары әлі күнге дейін ауыздарынан тастамай айтып отырады. Кейін Көкшетау су құрылысы тресінде, салық, мемлекеттік кіріс органдарында заңгер болып істеді. Бұл ұжымдарда да өз қызметіне сай білікті де білімді адам екендігін көрсете білді және бойындағы бір абзал қасиеті жылдар бойы жинаған бай тәжірибесін, мол білімін кейінгі жасқа үйретуден жалықпайтындығы.
Бұл қызмет барысындағы абырой мен беделі болса, ел ішінде, өз ағайындары арасында да аузы дуалы. Олай болатындығы, ет жақын ағайыннан ғана емес, үзеңгі қағыстырып жүрген жолдас-жораларынан да реті келіп тұрған тұста қамқорлығын аяп қалған жері жоқ. Ел деп лүпілдей соғатын ет жүрек туған топырағын, туған топырақтағы елін есінен бір сәт шығармайды. Сонау жетпісінші жылдары елді мекендерді оңтайландыру дейтұғын қатыгез шара бас-
талды. Қатыгездіктің сойылы ең алдымен шағын қазақ ауылдарының шаңырағына тиді, босағасын бұзды. Көкшетаудың іргесіндегі тамаша табиғаттың аясындағы етек-жеңі жинақы Қарлыкөл ауылының ірге тепкен жері қандай еді, шіркін. Төңірегінің бәрі қолдың саласындай ақ қайың, бұлқынып аққан бұлақтар, қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта ағаш бауырындағы жидегі баданадай-баданадай болып пісіп тұратын. «Болашағы жоқ» деген қара таңба басылған Қарлыкөл ауылы іргедегі Пахарь селосына үдере көшті. Соңғы қазығын суырған ауылдың аты өшпесін деп, Қарлыкөл ауылының атауын мазмұны кем, мәні шамалы Пахарь селосына беру туралы бастама көтеріп, ел тілегін айтатын топтың басында жүрді, бас-
тамашысы болды. Осы бір кішкентай ғана мысалдан ауылын аңсаған ет жүректің лүпілін сезуге болады емес пе? Ұлы Отан соғысында қаза болған ауылдастарының есімдерін ел есінде мәңгілік сақтау үшін мектеп жанына ескерткіш орнатуға да ұйытқы болды. Бұл бір жағынан аруақтың разылығы үшін істелген іс болса, екінші жағынан жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жас толқынға патриоттық тәрбие беретін, мазмұны мол ұмтылыс еді. Сөйтіп, ойға алған шаруаның барлығын ел игілігіне бағыттаудан жалықпайтын тынымсыз жан бүгінгі күні сексеннің сеңгіріне қадам басса да, ел ішіндегі қоғамдық-саяси жұмыстан қол үзген емес. Қазір Ақмола облыстық мемлекеттік кірістер департаменті ардагерлер ұйымына төрағалық етуде.
Теңбай аға Ыбыраевтың атқарған ұшан-теңіз еңбегі лайықты бағаланып, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кірістер комитетінің шешімімен «Құрметті ардагер» атанды. Жан жолдасы Дәмен Рахметқызы екеуі көтерсе қолды талдырған, сүйгенде мейір қандырған бауыр еті балаларын тәрбиелеп өсірді. Олардың әрқайсысы жоғары оқу орнын аяқтап, өнегелі әкенің өзіндей қоғамға еңбек етіп жүр. Әке бақыты бәлкім сол шығар.

Байқал Байәділов.

Көкшетау қаласы.

Суретте: Ақмола облыстық мемлекеттік кірістер департаменті ардагерлер ұйымының төрағасы Теңбай Ыбыраев.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар