Адамгершілік жайлы көбірек айтайықшы

Университетте оқып жүргенімде Еркегүл Арыққара есімді оқытушым «Адам не нәрсені ойласа, сол айналасындағы өріс арқылы жүзеге асады. Сол себепті, ылғи да тек жақсылықты ойлауымыз керек», – деуші еді. Шынымен де, адамның айналасында өріс болатынын, ол санадан ақпарат алып, соны жүзеге асыратынын ғалымдардың өзі дәлелдеген екен.

Жақсы нәрсені ғана ойлап, бәрі жүрек қалауымызбен болатынына іштей сенсек, Жаратушы иеміз бәрін өзі солай келтіреді. Өз басым талай мәрте соған көз жеткіздім. Өткенде туысқандарымыздың үйінде бір жиын-тойда отырғанымызда апамыз: «Қазір өзі далаға шығудан, бір жерге барудан қорқатын болдық. Балаларым үшін де алаңдап отырамын. Себебі, теледидардан күн сайын берілетін жаға ұстатар жаңалықтар, атыс-шабыс, кісі өлтіру оқиғалары мына қарт жүрегімді әбден үрейлендіріп тастады. Неге біз үнемі жамандықты ести беруіміз керек. Жақсылықты неге насихаттамасқа? Бүгінгі болып жатқан сорақылықтарға өзіміз кінәліміз. Өйткені, теледидардан зұлымдық әрекеттер туралы егжей-тегжейлі айтқан жаңалықтарды аузымызды ашып тыңдап, ұрпағымызды зұлымдықты естірткізіп тәрбиелеп жатырмыз», – дегенді айтты.
Сөзінің жаны бар. Қазіргі таңда теледидарды қоса қалсаңыз болды жағымсыз жаңалықтарды тыңдаудан құлағыңыз талады. Сол қылмыстық оқиғаларды жаһанға жариялағаннан заң бұзушылық, кісі өлімі, басқа да жантүршігерлік жайттар азайып жатыр ма, айтыңыздаршы?! Жоқ.
Әлгі апайымыздың айтқан сөзі ғана емес,
жуырда бес жасар баламның теледидардан тасжүрек ананың баласын қоқысқа тастап кеткені туралы жаңалықты көріп отырып, «Мама сен бізді тастап кетпейсің ғой, иә?» деп еңіреп жылағаны да қолыма қалам алуыма түрткі болды. Теледидардан естіген жағымсыз хабардан кейін баламның санасында аналар туралы сондай жаман ой пайда болып, қоқыста тасталған сол бейкүнә сәби секілді жалғыз, ешкімге керексіз болып қаламын деп үрейленгені әлі де жадымнан кетер емес. Тек менің балаларыма ғана емес, қоғамда болып жатқан кесапаттар өсіп келе жатқан барша ұрпақтың санасын улап, тұлға болып қалыптасуына кері әсерін тигізеді деп ойлаймын.
Сол себепті, жамандықты айта беруді қояйық. Одан біздің қоғамымыз түзеліп, жағдайымыз жақсармайды. Керісінше, адамгершілікті, ізгілікті, адалдықты көбірек насихаттайықшы?! Қылмыскердің кісі өлтіргенін қайта-қайта көрсете бергенше, іңгәләп дүние есігін ашқан сәбилерімізді, ана мен баланың арасындағы кіршіксіз махаббатты, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сезімін, отбасылық құндылықтар жайлы көбірек айтсақ, ұтарымыз көп болар еді.
Дана халқымызда «Адамгершілік болмай, әділдік болмас» деген нақыл сөз бар. Сондықтан да, балаларымызды кішіпейіл, қайырымды болуға тәрбиелейік. Олардың болашағы біздің бүгінгі тірлігімізге тікелей байланысты. Ұл-қыздарымызға елдің ертеңі деп қарайық.

Жанерке РАМАЗАНҚЫЗЫ,
«Боташым-ай» балабақшасының меңгерушісі.

Талапкер ауылы,
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар